Керекуде әр сәрсенбіде қазақтың ұлттық киімдерін жаппай киіп, жұмыс күнін Мемлекеттік әнұранды орындаумен бастайтын жекеменшік ұйым бар. Мұнда мемлекеттік тілге, қазақтың мәдениеті мен ұлттық салт-дәстүріне маңыз беріліп келеді. Ең бастысы, кәсіпорын басшылығы бұл асыл құндылықтарды әр қызметкеріне аса бір тапқырлықпен, ұтымды тәсілдермен жеткізіп отыр.
Павлодар қаласындағы «Дом печати» ЖШС – айрандай ұйып отырған ұйым. Мұнда республикалық, өңірлік, жергілікті газет-журналдар күнбе-күн басылып шығады. Баспа және дизайн өнімдерінің кез келген күрделі түрін тапсырыспен қабылдап ала беретін, онысын жоғары сапада басып беретін кәсіпорынның бұл саладағы орны бөлек.
Компанияның мемлекеттік тілге құрметпен қарайтыны, әрі бұған өз қызметкерлерін бейімдеп, тілдерін ұстартып, қазақтың ұлттық мәдениетінің нәрін бойларына егіп жатқаны былайғы жұртқа байқалмайтыны рас. Басшысы Евгения Писаревская қазақ халқының құндылықтарына құрметпен қарайтын, мемлекеттік тілге, Мемлекеттік рәміздерге баса мән беретін жан екенін сәлемдескеннен бірден байқадық. Іші заманға сай безендірілген баспахана кеңсесіндегі әр қызметкердің жұмыс үстелінде Мемлекеттік туды бейнелейтін жалаушалар, қабырғада Әнұранның мәтіні ілулі тұр.
«Кіргеннен байқаған боларсыз, біздің қызметкерлеріміздің мемлекеттік нышандарға деген құрметі ерен. Компанияға жұмысқа тұрған адамға әуел бастан-ақ ол жайында ескертіледі. Мемлекеттік тілді меңгеріп келсе, тіпті жақсы. Ал білмегендері қазақ тілінде сәлемдесуді, жауап қатуды біртіндеп үйреніп, қазақ мәдениетімен таныса бастады. Мәдениет демекші, ұйымда әрбір сәрсенбі «Қазақ мәдениеті мен салт-дәстүрінің күні» деп жарияланған. Бұл күні біз барлығымыз орталыққа жиналып, Мемлекеттік әнұран орындаймыз. Әнұранда бізді біріктіретін ұлылық, жұмысымызды берекелі ете түсетін қасиет жатыр. Өзім де, қызметкерлеріміз де солай ұғынады», деп бастады әңгімесін Евгения Александровна.
Евгения Писаревскаяның балалық шағы Павлодар облысының Железин ауданында өткен. Бұл өңір ежелден орыстанған аймақ болып есептеледі. Кейін оның ата-анасы Ресейге көшуіне байланысты, жоғары білімді сол жақта алып, алғашқы еңбек жолы да көрші елде өрілді. «Алайда ұланғайыр Ресей жерінде өзімді сол ортаның адамы ретінде сезіне алмадым, мені кішкентайымнан қазақтардың қарапайымдылығы мен мейірбандығы тартып тұратын», дейді ол.
«Бала кезімде біздің ауыл түрлі ұлттан құралды. Әр ұлттың өзіндік ерекшелігі, мәдениеті біте қайнасып жататын. Бірақ мені қазақ халқының қонақжайлылығы, көңілінің кеңдігі мен аңқылдап тұратын дархан мінезі айрықша баурап алды. Кішкентай шағымда төрде жиналып тұрған құрақ көрпелерге қарап қызығатынмын. Көрші қазақтардың үйлерінде мейман болып, тұз қосылған сары май, қаймақ, жент, талқан, бауырсақ жеп мәз болатын едік. Қазақ достарыма бір жақсылық жасасаң, өтеуін он есе қайтаратын. Осы бір ақжарқын мінез мені оларға байлап тастады. Қазақтардың мәдениетіне, салт-дәстүріне деген ерекше қызығушылықтың оты тұтанды. Сол жалын мені әлі күнге алға сүйреумен келеді. Осыдан 20 жылдай бұрын Ресейде еңбек етіп жүрген кезде Павлодардағы «Дом печати» ұйымы жұмысқа шақырғанда, ойланбастан келісім бердім. Осы уақыт ішінде өңірдегі баспа өнімдері ісін алға жылжытуда көп дүниені атқардық деп мақтанышпен айтуға болады. Облыста Елтаңбамыз бейнеленген мөрлерді шығаруды алғаш болып қолға алдық. Газет-журналдар баспахана ретінде әлі күнге бізді таңдайды. Кәсібіміз жүріп тұр», деп әңгімесін жалғай түсті ол.
Евгения Александровнаның пікірінше, мемлекеттік тіл болғаннан кейін оны дамыту, орнықтыру, бекіту және нығайтуға қоғам міндетті түрде атсалысуы керек. Дей тұрғанмен қазақ халқының жанын, мәдени құндылықтарын тереңірек түсінбей, тілді мейлінше меңгеру мүмкін емес. Бұл үшін кәсіпорын өз қызметкерлеріне қазақ мәдениетінің негіздерін насихаттаумен келеді. Әуелі өз қызметкерлеріне ұлттық ою-өрнекпен безендірілген қамзолдар тіктірген. Оларды кез келген мемлекеттік мерекелерде және ұлттық мейрамдарда киіп жүру міндеттелген. Ал Наурыз мейрамында мұнда аста-төк той ұйымдастырылады. Қызметкерлер ұлттық ойындарды ойнап, салт-дәстүрге қатысты білімдерін шыңдайды.
«Менің ойымша, кез келген ұйым меншік түріне қарамастан, мемлекеттік тілдің көсегесін көгертуге, қазақтың ұлттық мәдени құндылықтарын насихаттауға атсалысуы керек. Бұл мәжбүрлі түрде ұйымдастырылатын науқан емес. Оған компания қызметкерлері саналы түрде баратындай амалдар қарастырған абзал. Бұл ретте өз тәжірибемізбен бөлісейін. Соңғы екі жылда біз әр сәрсенбі сайын ұжым болып таңертең әнұранды орындай бастағалы түрлі ұлт өкілдерінің қазақ тіліне деген құрметтері арта түсті. Олардың көбі негізі қазақша түсінеді, бірақ сөйлеуге келгенде ішкі тежелістері бар. Сол бөгетті Мемлекеттік әнұран бұзды. Қазір мемлекеттік тіл туралы пікірлерін, кейде сол тілде өз ойларын ашық жеткізуден қорықпайды. Жүрексінуден ада болдық. Бұрын рас, қазақ тілі дегенде кейбір қызметкерлердің бойынан бір қолайсыздықты байқайтын едік. Қазір жағдай өзгерген. Әнұран біздің жансарайымызды ашты, оны орындап тұрғанда жүрегіміз тулап, кеудемізді патриоттық сезім билеп алады. Ұжымда еркіндік пайда болды. Ал өзге ұлт өкілдері қазақ халқының мәдениетін, тілін, жанын түсінген сайын жақындай түскендей әсер қалдырады. Ең бастысы, біз ұжым ішінде еркіндік болғанын, әрбір қызметкеріміз өзін қолайлы сезінетін ортада еңбек еткенін қалаймыз», дейді кәсіпорын басшысы.
Атап өтерлігі, жуықта Павлодар облысындағы «Тілдер айлығы» шеңберінде «Мемлекеттік тілде үздік қызмет көрсету» өңірлік байқауы өткізілді. Сол сайыста «Дом печати» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің «Рухты ел!» командасы өз мүмкіндіктерін көрсетіп, жүлделі үшінші орынды жеңіп алды. Кәсіпорындағы Елена және Ольга есімді қыздардың қазақша әжептәуір тіл сындырып қалғандары да байқалды. Ұжымдағылар мұнымен тежеліп қалмай, алдағы уақытта кәсіби де, рухани да жетілуді жалғастыра беретін боламыз дейді.
ПАВЛОДАР