Президент жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында «Тәуелсіздік ұрпақтары» грантына қатысты брифинг өтті. Алқалы жиынға Мәдениет және ақпарат министрлігі Жастар және отбасы істері комитетінің төрағасы Қайрат Қамбаров, «Тәуелсіздік ұрпақтары» грантының иегерлері Жандос Ақтаев пен Арайлым Серікбай қатысты.
Аталған грант 2021 жылдан бастап Мемлекет басшысының бастамасымен дарынды жастарды қолдау мақсатында беріліп келеді. Грант мөлшері – 3 млн теңге. Оған конкурстық негізде 14 жастан 35 жасқа дейінгі (34 жасты қоса алғанда) азаматтар үміткер бола алады.
Жалпы, ресми статистика деректеріне сүйенсек, жыл басында республика жастарының саны (14-35 жас) 5 759 781 адамды немесе халықтың жалпы санының 30%-ын құрады (2022 жылы – 3 833 435 адам, 2023 жыл – 5 726 629 адам), оның ішінде 2 937 229 ер адам және 2 822 552 әйел.
Брифинг барысында Қайрат Қамбаров волонтерлікті қолдау үшін 2024 жылдан бастап қосымша «волонтерлік» бағыты қарастырылғанын айтты.
«2021 жылдан бастап Мемлекет басшысының бастамасымен жыл сайын жастарға 3 млн теңге мөлшерінде «Ғылым», «Мәдениет», «Ақпараттық технологиялар», «Бизнес» және «Медиа» бағыттары бойынша «Тәуелсіздік ұрпақтары» гранты беріледі. Грант берудің мақсаты – жастардың белсенді шығармашыл жастар қауымдастығын қалыптастыруға бағытталған жаңа және қазіргі кездегі бастамаларын мемлекеттік қолдау. 2021 жылдан бастап 93 жас азамат республикалық деңгейде «Тәуелсіздік ұрпақтары» грантының иегері атанды. Атап айтқанда, 2021 жылы – 30 адам, 2022 жылы – 33 адам, 2023 жылы – 30 адам. Биылдан бастап еліміздегі волонтерлік саланы қолдау мақсатында грант бағыттарының тізбесінде қосымша «волонтерлік» көзделген. Осылайша, 2024 жылдан бастап грант 6 бағыт бойынша берілетін болады», деді Қ.Қамбаров.
Жалпы, грант иегерлерін анықтау екі кезең бойынша жүргізіледі. Конкурсқа өтінімдерді қабылдау 5 тамыздан 6 қазанға дейін жалғасады. Қазіргі уақытта конкурстық рәсімдер бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр.
Сондай-ақ жиын барысында «Тәуелсіздік ұрпақтары» грантының иегерлері өз бастамалары туралы айтып берді. Мәселен, Жандос Ақтаевтың жобасы қолжетімді тілде халықтың базалық құқықтық сауаттылығын арттыру бойынша ақпараттық контент құруға арналған. Ал 2023 жылғы «Тәуелсіздік ұрпақтары» грантының иегері Арайлым Серікбай гранттық қаражатқа «Ғылым» бағыты бойынша заманауи жасыл агротехнологиялары пайдаланылған «EcoTagam» инновациялық отандық экопродукциялар орталығын ашты.
Дарынды жастардың жаңа идеялары мен түрлі жобасын іске асыру мақсатында «Тәуелсіздік ұрпақтары» грантын беру 2029 жылға дейін жоспарланып отыр.