Білім күні Маңғыстау облысындағы Бекі ауылының тұрғындары көл-көсір қуанышқа кенелді. Өйткені бүгінге дейін 1995 жылы кеңшар клубында ашылған бастауыш мектеп ауылдың талай баласын бастауыш біліммен сусындатып келген еді. Сондықтан ауыл тұрғындарының толыққанды мектеп сұраған өтініші биыл жүзеге асып отыр.
«NKOK» компаниясының қаржыландыруымен былтыр мамыр айында қазығы қағылған мектептің құрылысы биыл жаңа оқу жылы қарсаңында толықтай аяқталып, пайдалануға берілді. Білім күнінде ауылдың 62 оқушысы жаңа мектеп табалдырығын аттады. Білім ошағы 100 оқушыға арналған. Онда 11 оқу кабинеті, 2 информатика, 1 лингафон кабинеті, акт және спорт залы бар. Екіқабатты мектеп ғимаратында мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған мүгедектер көтергіші орнатылған. Білім ордасының аумағы заманға сай абаттандырылып, спорт алаңы салынған.
– Бүгін Бекі ауылының тұрғындары көптен күткен қуанышты жаңалықпен қауышып отыр. Ауылымызда пайдалануға берілген жаңа мектеп заман талабына сай жабдықталған. Сынып бөлмелерінде сабақ беруге қажетті құралдардың бәрі бар. Мәселен, қыз балаларға ас пісіріп үйрететін арнайы бөлме, ер балаларға арналған еңбек кабинеті, спортзал – бәрі де көз тартады. Сондай-ақ мектеп ауласы толықтай абаттандырылған. Бізге осындай заманауи мектеп салып берген Маңғыстау облысы мен Маңғыстау ауданы әкімдігіне, облыстық білім басқармасына және «NKOK» компаниясына ауыл тұрғындары мен мектеп ұжымы атынан алғысымыз шексіз, дейді мектеп басшысының міндетін атқарушы Айжан Молдашева.
Бұған дейін бастауыш сынып қана оқып келген мектепте енді 1–9 сынып оқушылары білім алады.
Биыл Маңғыстау облысы бойынша Ақтау қаласынан – 10, Жаңаөзен қаласынан – 2, Мұнайлы ауданынан 2, барлығы 6 120 орындық 14 жекеменшік мектеп ашылды.
Ал жаңа оқу жылында пайдалануға беріліп, Білім күні шәкірттерін қабылдайды деп есептелгенімен, түрлі мәселелерге байланысты ашылуы кейінге қалдырылған мектептер де жоқ емес. «Білім беру инфрақұрылымын қолдау қоры» арқылы салынған 4 800 орындық 4 мектеп, яғни Ақтау қаласының 18-шағын ауданында 1 200 орынға арналған жалпы білім беру мектебі, Ақтау қаласының 19А шағын ауданында 1 200 орынға арналған жалпы білім беру мектебі, Мұнайлы ауданы Басқұдық ауылдық округінің Алау тұрғын алабында 1 200 орындық жалпы білім беру мектебі мен осы аудандағы Қызылтөбе ауылдық округінің Қызылтөбе-2 тұрғын алабында 1 200 орынға арналған жалпы білім беру мектебі бала қабылдауға дайын болмай шықты. Білім басқармасы қызметкерлерінің айтуынша, аталған мектептердің құжатына байланысты жұмыстар аяқталса, қыркүйек айының ішінде балаларды қабылдайды.
Сондай-ақ Ақтау қаласына көшіп келуші тұрғындардың қатары артқан сайын, оқушылардың да саны көбейіп отыр. Мысалы, биылғы жаңа оқу жылында Маңғыстау облысы бойынша 188 мыңға жуық оқушы мектепке білім алуға келсе, соның ішінде 1-сыныпқа 19 мыңға жуық бала қабылданған. Білім басқармасының мәліметінше, мектеп оқушылары биыл өткен жылмен салыстырғанда 3 пайызға, ал соңғы үш жылда 7 пайызға артқан.
Маңғыстау облысы