• RUB:
    5.18
  • USD:
    515.25
  • EUR:
    535.91
Басты сайтқа өту
Қылмыс 05 Қыркүйек, 2024

Жалған құжат жарға жықты

2352 рет
көрсетілді

Мұғалім мәртебесін қайтару керек деген көптің талабы орындалды – олардың айлығы өсті, бұрынғыдай жиналыс­тар мен концерттерде шар ұстап, зал толтыру үшін пайдаланылмайтын болды. Мұнайшы жұмысына таласатындар енді мұғалімдікке бәсекелесетін болды. Бірақ мұғалімдер осы сенімді, жа­сал­ған оң жағдайды қалай ақтап жүр?

Білім саласында сынақ, неше түрлі сайыс, тест компьютер арқылы өтеді, мектептерге мұғалімдер конкурс арқылы кіреді. Дегенмен, мұғалімдер бұл кедергілерді де айналып өтетін жолды тауып алған дегенге сенесіз бе? Барлық мұ­ға­лімді кінәлай алмаймыз, әйтсе де ауырдың үстімен, жеңілдің астымен жүретін қулар бұл салада да азаймай тұр.

Жаңа оқу жылы қарсаңында Маңғыстау облысында 60 мұғалім жалған дипломмен жұмыс істеген­дігі анықталды. Олар бір емес, бір­неше жыл бойы оқушыларға са­бақ беріп келген. Қазіргі таңда жал­ған құжат жасатып, айлық алып келген 60 мұғалімнің барлығы жұмыс­тан қуылды. Жалған құжатты «мұға­лімдермен» енді тергеу орындары айналысып жатыр, оларға ай­лыққа төленген қаражат мемлекет бюджетіне қайтарылатын болады.

– Облыстағы мұғалімдердің дипломын анықтау үшін жоғары оқу орындары мен техникалық және кәсіптік білім беру ұйым­дарына сұраныс жіберілді. Бұл ретте олардың жұмыс істеген уақы­тындағы қаржыны мемлекеттік бюджетке қайтару туралы сот органдарына шағым жолданды. Бұл бағыттағы жұмыстар жалғасып жатыр, – деп хабарлады Маңғыстау облысының білім басқармасы.

Мұғалім мен мектеп  – білім мен тәрбиенің қайнары. Ақша табу үшін қылмыс жасай алған мұға­лім оқушыға қандай білім, қан­дай тәрбие бере алады? Бұл мұғалім­дер­ден оқып кеткен оқушылардың ала алмаған білімінің орны толар ма?

Бойында өз ісіне махаббат, ел, ұрпақ болашағына деген жауап­кершілік болмаса, ақша үшін жүр­гендер мұғалім деген аттан садаға. Мұғалімдікке тек жалақы үшін немесе бөлінген грант үшін қы­зығатындарға ұрпақ тізгінін ұстату қиын.

 

Маңғыстау облысы