V Дүниежүзілік көшпелілер ойындарында спортшылар арқан тартудан да сайысқа түседі. Еліміздің ерлер және әйелдер құрамасы қорытынды оқу-жаттығу жиынын өткізіп жатыр.
Ұлттық құраманың аға жаттықтырушысы Рауан Қайырбаев спортшылар Ақмола облысы Щучинск қаласында әзірлікті пысықтап жатқанын айтты.
«Арқан тарту додасында күшпен қатар ептілік, команданың ұйымшылдығы маңызды саналады. Әйелдер құрамасының сапында тәжірибелі спортшылармен бірге жас таланттар да бағын сынайды. Құрама мүшелерінің арасында көпбалалы ана мәртебесіне ие саңлақтарымыз да бар. Ерлер мен қыздардан да жүлде күтеміз», деді Р.Қайырбаев.
Арқан тартыстан ұлттық құрама мүшелері тыңғылықты дайындалу үшін Туризм және спорт министрлігі қажетті жағдай жасағанына алғысын білдірді.
Елордада өтетін көшпелілер ойындарында ел үмітін арқалап шығатын құрамадағы тәжірибелі спортшылар аянып қалмаймыз дейді. Әйелдер арасында сынға түсетін Ақжан Қайырбаева, Разия Мұсабаева, Нұрсәуле Рахматуллина сынды үздіктер дүбірлі доданың алтын медалін олжалауды көздейді.
Ерлер құрамасы да Дүниежүзілік көшпелілер ойындарының алтын жүлдесі үшін барын салуға әзір. Халықаралық турнирлерден олжалы оралып жүрген Дінислам Шәкіртов, Дәурен Шәріпов, Дамир Байғонов, Станислав Пеняев бастаған саңлақтар тегеурінді қарсыластардың қарымына төтеп беру үшін әзірлікті күшейтіп жатыр.
Әлемнің 80-ге тарта мемлекетінде ресми спорт болып бекітілген арқан тарту сайысы елімізде де кең қанат жайып келеді. Осы спортты өрістету мақсатында жеке федерация да құрылды. Спортшыларымыз халықаралық сайыстарға қатысып шыңдалып жатыр. Тек кәсіби шұғылданушылар ғана емес, әуесқойлар арасында да арқан тартыстан түрлі турнир ұйымдастырылады. Мекеме қызметкерлері арасында да республикалық турнир, спартакиада жиі өткендіктен, таланттардың танылуына мүмкіндік мол.