Жаңа оқу жылы қарсаңында облыстық полиция департаменті мен жергілікті полиция қызметі өңірдегі білім беру ұйымдары басшыларымен кездесіп, балалардың жолда жүру қауіпсіздігі жайын талқылады. Жыл басынан бері өңірде 424 жол-көлік оқиғасы болып, 599 адам әртүрлі деңгейде жарақат алса, 95 адам қайтыс болған. Өкініштісі, жол апаты биылдың өзінде 15 мектеп оқушысының өмірін жалмады.
7 тамызда Маңғыстау облысы Ақшұқыр ауылында өтетін спорттық жарысқа бара жатқан Әйтеке би ауданы Құмқұдық ауылы мектебінің бес оқушысы мен мұғалімі жол апатынан қайтыс болды. Өткен жылдың 19 желтоқсанында Ырғыз ауданы орталығында өтетін оқушылар олимпиадасына жеке көлікпен шыққан Жаныс би ауылының үш баласы мен мұғалімі ажал құшты. 2022 жылы Темір ауданында 12 жастағы жас спортшы да осындай жағдайда өмірден өтті. Биылғы сәуірде Есет батыр атындағы облыстық мамандандырылған олимпиадалық резерв мектеп интернат-колледжі жатақханасындағы төбелесте 8-сынып оқушысы қаза тапты.
Қыркүйектен бастап қаладағы әр мектеп пен колледждегі тәртіпті полиция департаменті мен жергілікті полиция қызметі басқармасының басшылық құрамы жеке бақылауына алатын болды. Қалалық полиция басқармасының басшысы Әсет Қалиевтің хабарлауынша, жыл басынан бері полицияға 2468 кәмелетке толмағандар жеткізілген. 2150 бала әкімшілік құқық бұзушылық жасаған. Балаларын түнгі уақытта бақылаусыз жіберген 1813 ата-ана әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Кәмелетке толмағандарды түнгі клубтарға кіргізген 89 әкімшілік қызметкері, балаларын беймезгіл уақытта ойын-сауық мекемелеріне жіберген 111 ата-анаға айыппұлдар салынды. Кәмелетке толмағандар құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияға 67 іс жолданып, 4 жасөспірім арнайы мектепке жіберілсе, сот шешімімен 24 ақтөбелік ата-ана құқығынан айырылды. 161 қолайсыз отбасы, 254 жасөспірім полиция есебіне алынған. Қазіргі кезде жергілікті полиция қызметі есебінде баласының оқуы мен тәрбиесімен айналыспайтын 182 ата-ана есепте тұр. Осы жылы 29 жасөспірім қылмыстық жауапкершілікке тартылса, оның жетеуі бұрыннан полиция есебінде тұрғандар екен. Тәртібі шектен шыққан жетеумен инспекторлар қаншама рет тәрбие жұмыстарын жүргізсе де, еш нәтиже шықпапты. Жасөспірімдер 34 қылмыс жасаған. Оның тең жартысы – алаяқтық, ұрлық, тонау, автокөлікті заңсыз иемдену қылмыстары.
Жергілікті полиция қызметі оқушылары жиі-жиі қылмысқа баратын оқу орындарының тізімін жасаған. Оның ең басында Ақтөбедегі құрылыс-монтаж, теміржол, автожол, көлік және байланыс, мұнай және газ, ауылшаруашылық колледждері, Есет батыр атындағы облыстық мамандандырылған олимпиадалық резерв мектеп интернат-колледжі мен қаланың бес мектебі тұр. Сондай-ақ жастар арасында лудомания, нашақорлық пен психотропты заттарды қолданатындар саны артқан. Балалардың үйден кетіп қалу жағдайлары да жиі кездеседі. Баланың үйден безуінің негізгі себептері – ата-анасымен арадағы жанжал, дербес өмір сүруге құштарлық, оқудан жалтару. Ойынқұмарлыққа шалдыққан балалар ата-анасымен жиі жанжалдасып, үйлерінен безеді екен. Осы жылы үйлерінен кетіп қалған 45 бала кері қайтарылды.
Әсет Қалиев кейінгі уақытта Whatsapp желісімен таралып жатқан интернет алаяқтық туралы айтып өтті. Алаяқтар мектеп директорының атынан мұғалімге не ата-анаға өзінен кейін хабарласатын құқық қорғау органы қызметкерінің айтқанын орындаңыз деген хабарлама жібереді. Содан кейін қоңырау шалынып, өзін полиция қызметкері не банк маманы деп таныстырған алаяқ осы есепшоттан күмәнді қаржы аударылып жатқанын айтып, қылмыстық іс қозғалмауы үшін телефон нөміріне ақша аударуды сұрайды. Сол мезетте қомақты қаржы аударып жіберген мұғалімдер де бар.
Облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Нұргүл Бертілеуова мектеп оқушыларын тасымалдаудың жаңа нұсқаулығы әзірленгенін хабарлады. Ендігі жерде басқа жақта өтетін іс-шараға оқушыларды полиция қызметкері алып жүреді. Жергілікті полиция қызметі басқармасының басшысы Айдос Құлжановтың айтуынша, жазғы демалыс пен тоқсандық каникул күндерінде балалар ересектердің салғырттығынан оқыс оқиғаларға жиі тап болады. «Жазда мопед жүргізген жасөспірімдер жол-көлік оқиғасына жиі ұрынады. Мұны бірден реттеу қиын. Өйткені, қазіргі қолданыстағы заңнамада 16 жасқа толған балаға мопед жүргізуге рұқсат берілген. Ата-ана жол ережесін білмейтін баласына мопед сатып алып береді. Бірақ мопед көлік жолы жолағының ең шетімен ғана жүруі керек. Оны жаяу жүргіншілер өткелі мен жол бөліктерінде жүргізуге болмайды. Жасөспірім осы ережені білмегендіктен, жол-көлік оқиғасына тап болады. Сол үшін мопед жүргізушілерінен жүргізушілік куәлік талап ету туралы қолданыстағы заңнамаға өзгеріс енгізуді ұсындық. Айта кету керек, осы жылы мопед қатысуымен 38 жол-көлік оқиғасы тіркелді. Осы көлік құралымен апатты жағдай тудырған 106 жасөспірімнің ата-анасына айыппұл салынды. Соған қарамастан айыппұл арқалаған 20 жасөспірім қайта рөлге отырған.
Ырғыз ауданы Жаныс би ауылының үш оқушысы мен бір мұғалімі, Темір ауданы Шұбарқұдық спорт мектебінің оқушылары, Әйтеке би ауданы Құмқұдық ауылының бес оқушысы мен денешынықтыру пәні мұғалімінің өліміне қауіпсіздік ережелерін сақтамау себеп болды. Ереже бойынша мектеп директоры оқушылары жолға шығардан үш күн бұрын полиция бөлімін жазбаша түрде хабардар етуге тиіс. Жолға шыққан балалар мінген көлікті полиция қызметкері бастап жүреді. Мұнымен қоса, алдын ала көліктің техникалық жай-күйі, жүргізушінің денсаулық жағдайы тексеріледі. Мектеп директоры аудандық, облыстық, республикалық деңгейдегі іс-шараларға оқушылары мен мұғалімдері үшін тікелей жауапты. Ата-аналар балалары үшін іс-шаралар ұйымдастырғанда, сынып жетекшісін хабардар етуге тиіс. Он бес баланың ажалынан кейін білім басқармасы оқушыларды қауіпсіз тасымалдау алгоритмін әзірледі. Осы оқу жылында жоспарланған барлық іс-шаралардың тізімі жасалып, жергілікті полиция басқармасына берілді. Облыстық, республикалық деңгейде өтетін шығармашылық, спорттық сайыстарға баратын балалардың сапарын ұйымдастыруға «Ақтөбе-Дарын» орталығына қаржы бөлінді. Ал, аудандық деңгейдегі шараларға ауыл мектептері оқушыларын жеткізуге бір тасымалдаушы бекітіледі.
«Әйтеке би ауданы балаларының Маңғыстау облысы Ақшұқыр ауылында өтетін жарысқа баратыны жөнінде білім басқармасына хабар түспеген. Қарашатау мектебінің денешынықтыру пәні мұғалімі әлеуметтік желіден Ақшұқырда балалар арасында футбол сайысы өтетіні туралы хабарламаны көріп, мектеп директорына айтады. Директор еңбек демалысында жүрсе де, балаларды апаруға бұйрық шығарады. Учаскелік полицей де осы жайттан хабарсыз болған. Салғырттықтың салдарынан жеке көлікпен шыққан бес бала мен мұғалім жол апатына ұрынды», дейді Нұргүл Бертілеуова.
Білім беру ұйымдарының қауіпсіздігі де өзекті. Жақында жергілікті бюджеттен бөлінген 468 млн теңгеге биометриялық турникет сатып алынды. Сондай-ақ мектептерге цифрлық бейнекамералар мен дабыл түймелерін сатып алуға 744 млн теңге қаржы бөлінді. Оқу-ағарту министрінің ақпандағы бұйрығына сәйкес, білім беру ұйымдарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету екі бағытта жүргізіледі. Оқушылар саны 700-ге жетпейтін мектеп, колледж, балабақшалар мен қосымша білім беру ұйымдары ғимаратына дабыл түймесі, турникет, 30 күнге дейін жазбалары сақталатын цифрлық камера орнатылса, оқушылар саны 700-ден асатын білім беру ұйымдары әлгіндей бақылау жүйелерімен жабдықталып қана қоймай, мамандандырылған күзет қызметіне қосылады. Білім басқармасы басшысының орынбасары Артур Әуезовтің айтуынша, қаладағы кей жекеменшік мектептер мен балабақша, колледждерде бейнекамералар мен дабыл түймесі жұмыс істемейді. «150-200 мың теңге тұратын дабыл түймесін сатып алуға, бұзылып қалған бір-екі камераны жөндеуге әр оқу орнының шамасы жетеді. Ал, сомасы үлкен қауіпсіздік құралдарын сатып алуға оқу орындарының басшылары бюджеттік өтінімдер беруге тиіс. Осы оқу жылында қаладағы 150 мектепке цифрлық бейнекамера мен дабыл түймелері орнатылады. Алдағы уақытта білім бөлімдері мен ішкі істер қызметін ескертпестен, жеке адамдар ұйымдастыратын іс-шараларға балаларды апаруға рұқсат етілмейді», деді А.Әуезов.
Жаңа оқу жылына дайындық кезінде 80 мектеп автобусының техникалық жағдайы, жүргізушілерінің денсаулығы, жүргізуші куәліктерінің жарамдылығы тексерілді. Мұнымен қоса мектептер алдындағы жасанды жол кедергілері алмастырылып, жаңа жол белгілері қойылды, жарықтандырылды. Соған қарамастан, балалар жиі өтетін 13 көше жарықтандырылмаған. Жергілікті полиция қызметі басшысы қаладағы бірнеше мектеп, колледжде қоршаулы металл детекторы, басқару жүйесі, дабыл түймесінің болмағанын, бейнебақылау камерасы ғимараттың сыртқы жағын қамтымайтынын атап, осы кемшіліктерді шұғыл түрде жоюды ескертті.
Ақтөбе облысы