Елорда төрінде өтетін V Дүниежүзілік көшпелілер ойындары аясында ұйымдастырылған «Ұлы дала жорығы» халықаралық марафон-бәйгесі басталды. Адамзаттың жылқы түлігін алғаш қолға үйреткен мекені саналатын Солтүстік Қазақстан облысы Айыртау ауданы Ботай баурайында баталасқан алқалы топтың алғауымен аттанған шабандоздар алғашқы кезеңді өндірді.
Тұңғыш рет халықаралық деңгейде ұйымдастырылған «Ұлы дала жорығы» додасына елімізден 8 команда, сырт елдерден 9 команда қосылды. Бес күнге ұласатын ұлы дүбірді Ботайдан атқа қонған саңлақтар 7 қыркүйекте Астанада аяқтайды.
Бірінші кезеңнің 100 шақырымдық қашықтығында Қырғызстан командасы өзгелерден едәуір алда келді. Жеребе тарту кезінде де қырғыз шабандоздарына жорықтың түңлігін түріп, бірінші бастау мүмкіндігі бұйырған еді. Көршілер халықаралық марафон-бәйгеге қатысатын шабандоздарды да, жүйріктерді де іріктеу арқылы айқындап, сынақ бәйгесін де өткізіп үлгеріпті. Өз елдерінде 300 шақырымдық марафон-бәйге ұйымдастырып, аттардың тынысын, шабандоздың шыдамын тексеріп алған екен. Көрші елден келген команданың бапкері Жеңісбек Батырқұлов шәкірттерінің беталысына көңілі тоғаятынын айтты.
«Мұндай ұзақ қашықтықтағы марафон-бәйгеге бұрын-соңды қатысып көргеніміз жоқ. Дегенмен де қырғыз аттарының мықтылығын паш етсек деп, тәуекелмен қосып отырмыз. Бірінші кезеңде жігіттер топ бастап келді. 50 шақырымды 2 сағат 40 минутта шауып өтіп, мерейімізді тасытып еді, қалған 50 шақырымда да алдына қара түсірген жоқ. Халықаралық доданың ұйымдастырылуына еш мін айтпаймыз, бәрі көңілден шығып отыр. Әр үзіліс сайын ветеринарлар тұлпарлардың тынысын тексеріп, жүрек қағысын, қан айналымын да қадағалайды. Шабандоздардың да ахуалы – жіті бақылауда. Қысқа күнде қырық құбылған ауа райының да бұзылуы кедергі болмаса екен деп тілейміз. Жорыққа негізінен жаңа қырғыз тұқымы, байырғы жылқы тұқымдарын да сынап көрмекке бел будық. Бұл доданың өтетінін екі ай уақыт қалғанда естіп, бірден дайындыққа кірістік. Қырғызстандағы республикалық іріктеу бәйгесіне 25 ат қосылып, соның арасынан 5 жүйрікті таңдап алдық. Арғымақтарды тізгіндеген бес шабандоз халықаралық марафон-бәйгеге қатысып отыр. Жүлделі орыннан көрінсек деп барымызды саламыз. Әл-әзір көмбенің қарасы алыс, 300 шақырымды артқа тастаған соң, үздіктер айқындала бастайды. Қазақстаннан қосылған командалардың аттары да төзімді, шыдамды екен. Бұл да бәйге, кімнің бағы жанып, бабы келіседі, жүлде соған бұйырады», деді Ж.Батырқұлов.
Бірінші кезеңнің қорытындысы бойынша Қырғызстан командасы 100 шақырымды 5 сағат 12 минут 23 секундта шауып өтіп, көш бастап тұр. 2-орынға тұрақтаған Жамбыл облысының «Әулиеата» командасының шабандоздары 5:24:19 секундта келді. Үштікті Алматы қаласының «Алатау» командасы 5:25:01 уақыт көрсеткішімен түйіндеді. Бірінші күннің бәйгесін 5:30:46 секундта өндірген Маңғыстау облысы төртінші сатыға жайғасса, бесінші орын 5:40:10 уақытта келген Қостанай облысының шабандоздарына бұйырды. Екінші кезеңге аттанған қатысушылар арасында әзірге тек Иран командасының ғана қатары түгел емес, 100 шақырымды бес шабандозы да шауып өткенімен, екінші кезеңге олардың бір аты жарамай қалды. Павлодар облысының жергілікті жабы тұқымынан іріктелген жүйріктерді тізгіндеген Иран шабандоздары екінші кезеңді төрт атпен бастады. Өйткені күрең төбел арғымақтың артқы аяғы тағаланбағандықтан, тастақ жолда тасырқап, ветеринар мамандар келесі кезеңге өткізбеді. Бірақ бұған мойыған ирандық шабандоздар жоқ. Бірінші күннің қорытындысында көш соңында қалғанына қарамастан, барлық кезеңге қатысудан үмітті, енді қалған төрт ат сүрінбесе игі деп тілеп отыр.
«Ұлы дала жорығы» халықаралық марафон-бәйгесін ұйымдастыру алқасының мүшесі Сәкен Сейітхан бірінші кезеңнің алғашқы 50 шақырымын шауып өту шабандоздарға да, астындағы арғымақтарына да жеңіл тимегенін атап өтті.
«Қазақ пен қырғыз бауырлас ел болғандықтан да, ұлттық спорт түрлерінен қашанда бір-біріне лайықты бәсекелестік тудырады. Қырғыз командасы жалпы нәтижемен топ басында. Бірінші кезеңде 50 шақырым жол негізінен тастақ болды. Маңайдың бәрі егістік алқап болғандықтан, кей тұсы саздауыт тартқандықтан да, тастақ жолдан қиыс жүрудің реті болмады. Ендігі кезеңдерде мұндай қиындық туындамайды деп сенеміз», дейді С.Сейітхан.