Маусымның 16-сы күні Астанадағы “Фаворит” тұрғын үй кешеніндегі мансардты құрылыстың 17 үлескеріне cалтанатты түрде пәтер кілттері табыс етілді.
Құрылысқа қатысушы үлескерлердің құқығын қорғау мәселелері 2009 жылдың 5 қазанында Премьер-Министр Кәрім Мәсімовтің төрағалығымен өткен Мемлекеттік комиссия отырысында арнайы қаралған болатын. Осы орайда әлеуметтік жағынан қорғалуы тиіс барлық үлескерлер мүддесін қанағаттандыру тез арада қолға алынды. Бағдарлама шарты бойынша, құрылыс үлескерлері ауданы 100 шаршы метрден аспайтын бір ғана пәтерге ие болуы керек. Үкімет қолдауымен құрылған “Жаңа құрылыс” ЖШС алданып қалған үлескерлердің құрылыстағы пәтерлерін сатып алумен айналысады. Аталған құрылыс компаниясы директорының орынбасары Елена Чайканың айтуынша, қазіргі кезге дейін 80 пайыздық дайындық сатысындағы 19 пәтер сатып алынып отыр. Бұл пәтерлердің әр шаршы метрі 90000 теңгеден айналған. “Жаңа құрылыс” компаниясының тұрғын үймен қамтамасыз ететін тағы 300 үлескері бар. Олардың құқығын қорғап және пәтермен қамтамасыз ету бағдарламасы осы жылдың аяғына дейін жүзеге асырылмақ.
Ал бүгінгі таңда көрікті тұрғын үйден пәтер алған үлескерлер өз қуаныштарын жасырмай, қала әкімдігіне зор алғысын білдірді.
Би-Болат СЕЙТАҚ, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің студенті.