• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Басылым 05 Қыркүйек, 2024

Нүкте... нүкте... көп нүкте

72 рет
көрсетілді

Бүгінгі саясаттағы, әдебиет пен мәдениеттегі оғландардың көбін білемін. Олардың өсу, өркендеу, орнығу жолдары көз алдымызда десем артық емес. Мен үшін осылардың ішіндегі ойда жоқта кездескен, руханият әлеміне айқайлап емес, абайлап кірсе де, дауысы айқын естілгені – Дархан Қыдырәлі. Дарханның жазушылығын, журналистиканы жетік меңгерген маман екенін беріде ғана білгенім бар. Оның бір себебі Дархан Қыдырәлінің Ыстанбұлда оқуы, жетілуі, Түрік академиясын басқаруы. Дархан – үлкен ғалым, сөз қадірін білетін бекзат жігіт.

Ол сөйлегенде неге еке­нін білмеймін есіме Мүслім Базарбаев түседі. Ұзын бойлы, аппақ шашы алқызыл жүзіне жарасқан аяулы ағамыз өте көрікті кісі болатын. Ұлы Мұхтар Әуезовтің шын шәкірті бола білген біртуар азаматтың Мәдениет министрлігін, ке­йін Сыртқы істер министр­лі­гін басқарғанын қадірлі атқамінерлердің көбісі біл­мейді. Ғабит Мүсіреповтің Баяны айтпақшы, «Бағым ба, сорым ба?» дегендей оқу бітіріп Алматыға қалам ба деген оймен баяғыда әлгі аға­ның алдына барғаным бар. Бала демей, шала демей менің «мұңымды» мұқият тыңдап: «Айналайын, оқу бітіргендердің бәрі Алматы­да қала берсе, өзге өңірдегі мәдениетті кім сүйрейді? Өзің сезімтал бала екенсің. Сондықтан айтам» дегені есте. Ол кісінің қоңыр үні, әр сөзін байыппен санама жетердей айтуы ерекше әсер етті. Алматыға алып қалмаса да, менің жалындап тұрған жаныма жол көрсеткен сол кісі болатын. Дархан да қазір сол ағалар салған сара жолға түскен.

Осыдан екі-үш жыл бұрын ол «Egemen Qazaq­stan»-ды басқарды. Шерхан көкеміздің кезін­дегідей «Егемен» тағы да түрленіп шықты. Шенеу­ніктердің өзі шекесінен қа­райтын газет басқаша түлеп сала берді. Саясат, экономика, мәдениет, білім, яғни руханияттың ортасына айналды.  Бұл  «Егеменнің» мемлекетке де, қазаққа да ерекше еңбек еткен кезі болды. Оның үстіне Дархан – жақсы журналист. Жазғандары «қыздың жиған жүгіндей» әдемі де әсерлі. Ойлары өткір, айтары анық.

«Егемен» сол кездері  Алаштың ұланын да, ұра­нын да жоқтаушы газет болды. Иә, әрі жазушы, әрі журналшы болу кез келгеннің қолынан келе бермейді. Бұл кезең айтуға оңай болғанмен, еске алуға қиындау карантинге тап болған шақ еді. «Ковид» деген құбыжық әр үйдің есігін тырмалап, ажал түтінін алды-артына бұр­қыратқан кез-ді. Осы кезде Дархан ақындығын қоя қойып, азамат ретінде қай­раткерлігін паш етті. Фейсбук, инстаграмм секілді әлеуметтік желілерде біраз жұмыс тындырған екен.

Бүгінгі менің қолыма тиген Дарханның жаңа кітабы «Нүкте философиясы» – сол шақта шыңдалған, шымырланған дүние. Сөз шебері – ұстаның ой көрі­гін гулетіп, көне сөзді түлетіп, естігенін, тер­ге­нін, көне кітап бергенін бір арнаға тоғыстырған сияқты.

«Ғарыштан қарағанда Жер шары нүкте сияқты. Қараңғы түнде зау биікке көз тастасаңыз, толған ай адамның қолына сыйып кететін ноқаттай ғана». Бұл – кітаптың алғысөзі.

Астроном жазған, Аристотель тү­сіндірген, Абай әнге қосқан жарық айдың суретіндей. Дархан – лирик, махаббаттың маңында емес, философия­лық биікке көтерілген қаламгер. Оның Құранды да, Тәуратты да, Інжілді де оқып қана қоймай, Шығыс әдебиетін де терең зерттеген зерделі екенін осы кітаптан білесіз. Дархан бір жағынан Абай тамсан­ған, тәлім алған Шығыс әдебиетіне сүйен­се, екінші жағынан Абайға арқа сүйей­ді. Әрбір жазған эссесінде еңселе­ніп алдыңнан Абай шығады. Кеше­гі досы Ербол мен таң алдында елес болған Тоғ­жанға тап болғандай сезімге бөленесің. Қимай­сың... қоштасқың келмейді. Осындайда «Нүкте­нің» нүкте емес, көп нүктеге айналғанын амалсыз мойындайсың. Жазушы­ның, ғалымның телегей теңіз білімі­не, оқыған-тоқығанына, көрген-білген, жүрген жеріне шүкір дейсің. Жүдә көңілің толады. Көне Исфахан­ның төріндегі майданға келгендей,  Тәж Махалдың түбінен тастай су ішіп, Бағдаттың базарынан ыстық нан алғандай... Рабатта қор-қорын шегіп рақатқа батқандай... Шамның шырайлы кешін батырып  көзінің қара­сы емес, ағына – ақылыңнан адасып Аданадағы сұлудың беліне қолың тигендей күйге бөленесің... Қожа Хафиз айтқан «Бір меңіңе Самарқан мен Бұқараны берер ем...» дегенге сенесің. Имандай иланасың.

Кеңпейіл дарқандық деген осы  дейсің. Шын сүйген ақынның ақ жү­ре­гі. Ғашық жүрек – әлемге нұр шаш­қан шайырдай. Хафиз ақын қаланы, қаланы емес, жүрегіндегі,  жанындағы, қанындағы  шаһарды сүйгені үшін сыйлаған... Сондықтан да сол шайырға бас иесің, құрмет тұтып, төріңді ұсына­сың. Дарханның жазғаны дәл осындай, жаныңды сергітеді. Есенин жырлаған Шаганэ амалсыз тілге оралған...

Шаганэм менің, Шаганэм!

Өзіңдей қыз өзен бойын маңайлап,

Жан-жағына жаутаң-жаутаң қарайлап,

Жүрген шығар, жүрген шығар мені ойлап.

Шаганэм менің, Шаганэм!..

Бір сөзбен айтсам, Дарханмен жақсы сөйлессең, «Мың бір түннің» таңына жеткеніңді байқамайсың. Қызыл арай қызығыңды бөлгендей тоймай тұрасың. Мен Мұхаңды – Мұхтар Әуезовті көр­ген жоқпын. Бірақ оның шәкірті бол­ған, жалғасындай жақсы ғалым Зейнол­ла Қабдоловты білуші ем... Акаде­мик ағамыздың телегей теңіз біліміне тәнті болып таң атқанша қасында болып, айт­қанына бас изегем. Неткен білім, қандай жады. Қазір Дархан сондай болған. Өзі де, сөзі де  академик ағасындай бекзат, дегдар.

Жақсы кітап – жан азығы. Дәл солай. Кітаптан жеріген, жиіркенген, ажыраған, адасқан қоғамда ақыл аспаны, парасат майданы болмаса ой отаны­ мен толғану тауы туралы айту оңай емес. Дей тұр­ғанмен, қазақ руханиятына, әдебиетіне тағы бір  татымды дүние келгеніне іштей қуандым.

Дархан да даңғайыр бағбан секіл­ді. Бойын­дағы сөлін де, қолындағы «Нөлін...» де бүгін бізге сыйлапты. Баласы атқа, шапса үйде отырып, тақы­мын қысар анадай, қазақтілді жан­дардың «Нүкте философиясына» қол соғары анық.

Қараңызшы, тағы да нүкте шықты алдымнан.

Әйгілі Румидің сөзін сәл өзгертіп айтсақ, «Аналардың қабірін мазарлардан іздемеу керек. Өйткені олардың мәңгілік мекені біздің жүре­гімізде». Қандай образ, неткен философия, пәк дүниедей пәлсапа. Саф дүниені, гауһар ойды тек кітап­тан ғана емес, жүректен іздеу керек. Өйткені ол – көп нүкте. Көп нүкте емес дөп нүкте. Біреу түсінер, біреу түсінбес. Алайда ол, басқа әңгіме...

 

Талғат ТЕМЕНОВ,

Қазақстанның халық әртісі, кинорежиссер