Еліміз халықты әлеуметтік қорғаудың цифрлық трансформациясына инновациялық «GovTech» шешімдерін ұсынды.
Азия-Тынық мұхиты министрлік конференциясында цифрлық инклюзия және трансформация бойынша елімізде жүзеге асырылған инновациялық «GovTech» шешімдері ұсынылған еді. Олардың ішіндегі негізгі жоба – «Цифрлық отбасы картасы». Ол әлеуметтік саладағы мемлекеттік қолдаудың әділетті болуына бағытталған. Жобаның негізгі міндеттерінің бірі – әлеуметтік тәуекелдердің алдын алу, пайда болу белгілерін анықтау үшін дабыл көзі болу, осылайша мемлекеттің әлеуметтік міндеттемелерін болжау құралына айналу.
– Бүгін біз Азия-Тынық мұхиты аймағының белсенді цифрлық трансформациясының куәсі болып отырмыз. Қазақстан өз кезегінде ел ішінде ғана емес, шекарадан тыс жерлерде де мойындалған инновациялық цифрлық шешімдер көшбасшысына айналды. БҰҰ ДБ қолдауымен әзірленген «Отбасының цифрлық картасы» әлеуметтік қорғау төлемдері жүйесін өзгерте алатын цифрлық құралдардың мысалы болды. Бұл әлеуметтік қолдаудың мұқтаж адамдарға тиімді әрі ашық түрде көрсетілетінін қамтамасыз етеді, – деді БҰҰ-ның Азия және Тынық мұхиты өңіріне арналған экономикалық және әлеуметтік комиссиясының (ЭСКАТО) Атқарушы хатшысы, БҰҰ Бас хатшысының орынбасары Армида Салсия Алишахбана.
Бүгінде «Отбасының цифрлық картасы» 100-ден астам әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштерді пайдаланады. Бұл оны әлеуметтік қорғау саласындағы шешімдер қабылдау үшін сенімді дереккөзге айналдырады. 2022 жылы осы инновациялық платформа іске қосылғаннан бері отандастарымыз 2,2 миллионнан астам әлеуметтік қызмет алды.
– Цифрлық трансформация өмірдің барлық салаларын қамтып отыр. Әлеуметтік сала да тыс қалған жоқ. Бүгінде еліміз әлеуметтік саланы цифрландыруда көшбасшылардың бірі болып, өз азаматтары үшін онлайн қызметтерді белсенді түрде дамытып келеді. 2022 жылдың қорытындысы бойынша БҰҰ-ның онлайн қызметтер индексінде Қазақстан әлемде сегізінші орынға ие болды. «Отбасының цифрлық картасы» – әр отбасының әл-ауқат деңгейін бағалауға, оның әлеуметтік қолдауға мұқтаждығын анықтауға мүмкіндік беретін бірегей құрал. Бұл қолдау шараларын уақтылы түзетуге және әлеуметтік оқшаулануды болдырмауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар жүйе әлеуметтік саясаттағы ашықтық пен есептілікті арттырады, – деді Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова.
Министр атап өткендей, еліміз «GovTech» шешімдерінің көшбасшыларының бірі ретінде танылып, цифрлық экожүйесін қарқынды дамытуды жалғастырып келеді. Осы саланың дамуының нәтижесінде пайда болған негізгі бастамалардың қатарында бизнестегі деректерді саралайтын әрі бәсекелестік ортаны арттыру құралына айналған «Smart Bridge» порталы бар. «Smart Data Ukimet» ақпараттық-талдау жүйесі маңызды мемлекеттік шешімдер қабылдау үшін Үкіметті деректермен қамтамасыз ететін инновациялық өнімге айналды. Ал «eOtinish» платформасы тыңдаушы үкімет қағидаттарын жүзеге асырады. Сондай-ақ еліміз жасанды интеллект негізінде бірнеше отандық жобаларды, соның ішінде қоғамдық кеңістік пен жол қозғалысы қауіпсіздігі жүйесін әзірледі. Жүйені енгізу тоғыз пилоттық қалада қоғамдық орындардағы қылмыстар мен өлімге әкелетін жол-көлік оқиғаларының санын айтарлықтай азайтты. Инновациялар, зерттеулер және ынтымақтастық орталығына айналатын орнықты даму үшін цифрлық шешімдер орталығын құру да алдағы уақытта жүзеге асады. Орталық Орнықты даму мақсаттарына (ОДМ) жетуге тікелей ықпал ететін цифрлық шешімдерді енгізуде маңызды рөл атқаратын болады. Қазірдің өзінде Азия-Тынық мұхиты аймағы елдеріне мемлекеттік қызметтерді ұсыну, бұлтты құжат айналымы, салық салу, кедендік рәсімдер және тағы басқа шешімдерді қамтитын 23 шешімді ұсынуға дайын.
– Біз инновациялық шешімдер арқылы ОДМ-ды іске асыруды жеделдетуге деген ұстанымын растаймыз. Цифрлық инклюзивтілік цифрлық трансформацияның артықшылықтарын барлығына қолжетімді ету, цифрлық алшақтықты жою және қауымдастықтардың құқықтары мен мүмкіндіктерін кеңейтеді деп ойлаймыз. Технологиялар орнықты дамуға ықпал ететін болашақты құра отырып, біз барлығына арналған әділ және инклюзивті әлемді жасай аламыз, – деді Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиев.
Расымен де, инклюзивті цифрлық қоғамдық инфрақұрылымды құру Орнықты даму мақсаттарына қол жеткізуді жеделдете алады. Соның ішінде теңсіздікті азайту және мемлекеттік институттарға қоғамдық сенімді арттыру да бар. Цифрландырудың катализаторлық әлеуетін пайдалана отырып, Біріккен Ұлттар Ұйымының Даму бағдарламасы (БҰҰДБ) бүкіл әлемдегі үкіметтерге, соның ішінде Қазақстанға цифрлық трансформация мәселелерінде көмек көрсетеді.
– «Отбасының цифрлық картасы» жобасы Қазақстандағы БҰҰ ДБ-мен серіктестікте жүзеге асырылды. 2023 жылы бұл инновациялық шешім БҰҰ-ның штаб-пәтерінде БҰҰ-ның Жоғары деңгейдегі саяси форумында, сондай-ақ Нью-Йорктегі БҰҰ Бас Ассамблеясы кезінде «Цифрлық күн» аясында ұсынылып, ОДМ-ға қол жеткізу үшін жетекші жаһандық цифрлық бастамалардың қатарына кірді. Биылғы жылдың ақпан айында Дубайда өткен Дүниежүзілік үкіметтік саммитте Қазақстанның «Отбасының цифрлық картасы» инновациялық жобасы «Инклюзивті цифрлық трансформация» санатында үздік деп танылып, 2024 жылғы «GovTech Prize» беделді сыйлығын алды. «БҰҰ ДБ Қазақстан Үкіметімен серіктестікті жоғары бағалайды, ол ең осал топтардың қажеттіліктерін ескеретін цифрлық трансформация күн тәртібін ілгерілетуде. «Отбасының цифрлық картасы» жобасы – жаңа технологиялар, серіктестік және стратегиялық көзқарастың синергиясының тамаша мысалы, ол «ешкімді артта қалдырмау» үшін қажетті өзгерістердің катализаторына айналды. Бұл қазақстандықтардың инклюзивті дамуы мен әлеуметтік әл-ауқатына қарай маңызды қадам, – деген пікір білдірді еліміздегі БҰҰ ДБ Тұрақты өкілі Катаржина Вавьерниа.
Айта кетейік, бұл әлеуметтік қорғау жүйесінің цифрлық трансформациясы туралы тәжірибе мен білім алмасу алаңына айналған қатарлас іс-шара еліміздегі БҰҰ-ның Даму бағдарламасымен және Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі, Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігімен бірлесіп ұйымдастырылды.