• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Аймақтар 05 Қыркүйек, 2024

Таврияға асфальт төселіп жатыр

44 рет
көрсетілді

Жуықта Ұлан ауданына жұмыс сапарымен барған облыс әкімі Ермек Көшербаев Таврия ауылын басып өтетін күрежолда орташа жөндеу жұмыстары жүргізілетінін айтқан еді. Бүгінде аталған учаскеде жол жұмыстары қызу жүріп жатыр.

Айта кетейік, елді мекенді басып өтетін 600 метр жолға асфальт төсеу басталыпты. Мердігер компания өкілдері жұмысты бір ай ішінде аяқтауға тиіс.

– Таврия ауылының ішімен өтетін бұл жол учаскесі ойдым-ойдым болып қалған еді. Биыл «Жол жылы» аясында об­лыстық бюджеттен 47 млн теңге бөлініп, жөндеу жұмыстары қолға алынды. Жобалық-смета­лық құжатқа сәйкес, 600 метр жолға 6 сантиметрлік және 4 сантиметрлік екі қабат асфальт төселеді. Мердігер компания бір ай уақыт ішінде жұмысты толығымен аяқтауы керек. Қазір жұмыс жоспарға сай жүріп жатыр. Сондай-ақ Таврия ауылының ішін кесіп өтетін жолмен жүретін көлік ағыны көп болғандықтан ауыл тұрғындарының қауіпсіздігі үшін жаяу жүргінші жолақтары мен өзге де жол белгілері жаңар­тылады, – деді Таврия ауылдық округі әкімінің орынбасары Даян Мейірханұлы.

Ауыл ішімен жүк көліктері де жиі қатынайды. Сондықтан айналма жол салу жағы да қа­рас­тырылып жатқан көрінеді. Жобаның құжаттары бекітілген. Жол түсетін жер учаскесінің мәселесі оң шешілді. Бұл жөнінде өңір басшысы ауданға жұмыс сапармен барған кезде де айтқан.

– Ауылды қақ жарып өтетін бұл жол тозғандықтан, жергілікті тұрғындарға да, жолаушыларға да қолайсыз еді. Дәл осы жолда көліктердің дөңгелегі жарылған кездер де болды. Биыл, міне, жол жөнделіп жатыр. Ауылдықтар дән риза. Жол белгілері де жаңартылатынын естіп, қуанып жатырмыз. Мектепке баратын баласы бар ата-аналар алаң болып жүруші еді. Сондықтан бұл өте дұрыс шешім болды, – дейді ауыл тұрғыны Ербол Құдай­бергенұлы.

Мердігер компания өкілдері күн райы қолайсыздық туғызбаса, жұмысты уақытында аяқтауға уәде беріп отыр.

 

Шығыс Қазақстан облысы,

Ұлан ауданы