• RUB:
    5.36
  • USD:
    480.55
  • EUR:
    533.75
Басты сайтқа өту
Несие Кеше

Несиеге сұраныс – бизнестің несібесіне сеп

29 рет
көрсетілді

Нaрықтық экономикa дaмығaн сaйын несие түрі де көбейді. Ал кәсіпкерлердің несиеге деген сұранысы экономиканың жалпы жағдайына тікелей байланыс­ты екені мәлім. Сол себепті, Қазақстан қаржыгерлері қауымдастығының талдау орталығы 2024 жылдың бірінші жартыжылдығындағы кәсіпкерлік субъектілерін кредиттеуге шолу жасады.

Негізгі тенденциялар

Алғашқы алты ай қоры­тын­дысы бойынша банк секторы бизнеске 8,4 трлн жаңа қарыз берді. 2023 жыл­дың сәйкес кезеңімен салыс­тырғанда 22%-ға (1,5 трлн-ға) артық. Жаңа қарыздың 98 пайызы екінші деңгейлі банктерге тиесілі.

Ұлттық банк сауалнамасына сәйкес, биылғы шілде айының басында бизнестің барлық міндеттемесін көрсететін кредиторлық берешегі бар кәсіпорындар үлесі тек 20%-ды құраған. Яғни бизнестегі бес өкілдің біреуінде ғана қарыз бар. Бас банктің статистика­лық талдау нәтижесіне сүйенсек, шағын бизнестегі тұрақ­ты кәсіпорындар үлесі 17,2%-ға, орта кәсіп­орындарда 15%-ға төмен­деген. Сонымен қатар ШОБ өкілдеріндегі мерзімі өткен берешектің баланстық көлемі 83%-ды (барлығы 307 млрд теңге) құраған.

Десе де, кәсіпкерлік субъектілері тарапынан кредитке сұраныс көп жағ­дайда ірі және орта бизнес есебінен түскен.

– Шағын бизнес субъекті­лері тарапынан сұра­ныс мемлекеттік бағ­дарла­ма­лар шең­берін­­де кредиттеуді қаржы­ландыру арқылы қолдау тапты. Сонымен қатар жекелеген банктер 2023 жыл­дың соңында іске қосыл­ған кепілді және кепілсіз скорингтік өнімдердің оң әсерін атап өтті. Кей банктер клиенттердің тәуекел профиліне қойылатын талаптарды қайта қарады. Нәтижесінде, шағын биз­нестің кредиттік өтінім­дерінің жалпы саны 6%-ға өсті, – дейді Ұлттық банк Қаржылық тұрақтылық және зерттеулер департа­ментінің директоры Олжас Көбенбаев.

Ірі және орта бизнес­тің несиеге сұраныс индексі I тоқ­санда, негізінен несие ресурстарының құнын төмендету арқылы аздап өсті. Жекелеген банктердің пікірінше, мемлекеттік бағдарламалар шеңберінде қаржыландыруды қайта бастау орта бизнес тарапынан сұранысқа да оң әсерін тигізді. Банктер сыйақы мөлшерлемесін біршама төмендету арқылы кредит беру шарттарын шамалы жеңілдеткен.

Қарыз портфелінің өсуі кезінде өтінімдерді сапалы іріктеу мерзімі өткен берешектің төмен деңгейде сақталуына себеп болды. Ақша-кредит жағдайларын одан әрі жақсарту елдегі инфляциялық үдерістерді жеделдете түседі. Ал бизнестің барлық өкілі қарыз бойынша қаржы жағдайларын одан әрі жақсартуды көздеп отыр.

Соған қарамастан, бірқатар банк скоринг негізінде заңды тұлғаларға арналған жаңа өнімдерді, сауда саласындағы айналым қаражатын қаржыландыру үшін салыстырмалы түрде қысқа қарыз беруді жос­парлап жатыр. Осылайша, несие өтінімдерінің ұлғаюы кәсіпкерлерге жаңа кредит беруді 20%-ға ұлғайтқан.

Банктердің пікірінше, тұтынушылық кепіл­сіз қарыздарға сұраныстың артуы белсенді маркетингтік ілгерілеу мен жекелеген банктердегі онлайн-кре­дит үлесінің ұлғаюына тіке­лей қатысты. Нәтижесін­де, несиелік өтінімдер саны 21,1 млн болды. Бұл алдыңғы тоқсаннан 10%-ға артық. Ірі бизнестің екін­ші тоқсандағы ма­құлдау деңгейінің төмен­деуі тоқсан соңына қарай келіп түскен және қаралып жатқан клиенттер санының артуына байланысты болмақ. Үшінші тоқсанда оларды тағы қарайды. Сонда мақұлдау үлесін арттыруы да мүмкін.