• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
26 Қаңтар, 2015

Атыраудағы «Теңіз» кенішінде жұмысшы қайтыс болды

282 рет
көрсетілді

АТЫРАУ. 26 қаңтар. Атырау облысындағы «Теңіз» кенішінде мердігер компанияның екі жұмысшысы ауырып, біреуінің қайтыс болғаны белгілі болды. Бұл туралы egemen.kz тілшісі хабарлады. Осы оқыс оқиға 26 қаңтарға қараған таңда тіркелген. «Теңіз» кенішіндегі мердігер компанияның бірі – «Имстальком» серіктестігінде қызмет ететін 1973 жылы туған Р. есімді Шығыс Қазақстан облысының азаматы жұқпалы дерттен клиникада таңғы сағат 05:15-те көз жұмған. Алайда, Жылыой аудандық тұтынушылар құқығын қорғау басқармасына жергілікті уақытпен сағат 09:15 минутта «Теңізшевройл» серіктестігінің вахталық қалашығындағы клиникаға екі сырқаттың жеткізілгені туралы мәлімет түсіпті. Көз жұмған азаматпен тікелей қарым-қатынаста болған Т. есімді 1991 жылы туған Шығыс Қазақстан облысының тумасына орталық аурухананың жұқпалы аурулар бөлімшесінде ем жасалып, кейін облыс орталығына жіберілді. Дәрігерлер әзірге «Менингит. Менингококкцемия» диагнозымен ауырған деп болжам жасап отыр. Сырқаттың ауру белгілері мынадай: қызу 37 градусқа дейін көтерілген, әлсіздік, денесінде және аяғында гемморагациялық бөртпенің пайда болуы. Онымен қарым-қатынаста болған 3 адам «Теңізшевройл» серіктестігінің клиникасында оқшауланып, дәрігерлердің қатаң бақылауына алынды. Олардан әзірге ауру белгілері анықталған жоқ. «Қазір облыстық деңгейде құрамында инфекционист, эпидемиолог-дәрігер, вирусология және бактериаология зертханасының меңгерушілерінен жасақталған арнайы бригада құрылып, Жылыой ауданына іссапарға жіберілді. Қажетті шаралар атқарылып, эпидемияға қарсы жұмыстар жасалуда. Барлық жағдай жіті бақылауда», деп мәлімдеді Атырау облысы әкімдігінің баспасөз қызметі. Жолдасбек Шөпеғұл. Дерек: Атырау облысы әкімдігінің баспасөз қызметі. Cурет: egemen.kz.