Орал қаласында заманауи «TaspaLab» студиясы ашылды. Оның ең үлкен аудиториясына қазақтың түңғыш фотографы Шәңгерей Бөкеевтің есімі берілген. Студияның негізін қалаушы – белгілі тележурналист, Ақпарат саласының үздігі Гүлназ Әлімгерей.
Бір қызығы, «TaspaLab» студиясының табалдырығын аттаған адам уақыт машинасына енгендей әсер алады. Өйткені мұнда ең алдымен суретке түсуге арналған түрлі тақырыптық бұрыштар көз тартады. Мысалы, қоғалы көл жағасындағы табиғат мүйісі ме, дәстүрлі жасаулы қазақтың киіз үйі ме, балаларға арналған ертегі бұрыш, жастарға арналған аспалы әткеншек пе – бәрі бар. Ал мына бөлме күні кешегі кеңестік үлгідегі үйдің көрінісі сияқты: ақ-қара теледидар, қабырғада ілінген фотопортреттер, аспалы сағат – біреуге балалық шағына сағынышын оятса, енді бір адамға стандартты сұп-сұр кеңес тірлігін еске түсіріп, түрлі ой салып тұр. Жалпы, ғимараттың бас-аяғында осындай 13 түрлі фотозона бар екен.
Идея авторлары «Жарқын сәтіңді таспала!» деген сөзді жаңа студияның ұраны етіп алыпты. Бұл жерде желіге арналған подкаст немесе рилс түсіруге лайық алаңдар да жасақталған.
– Осындай студия ашу туралы идеяны алғаш айтқан және дизайн жағынан көмектескен – бала кезден бері бірге келе жатқан құрбым Арай Маратқызына көп алғыс айтамын. Соңғы үш ай ішінде Ақтөбеден Оралға жеті мәрте келді. Шынымды айтсам, осы ғимараттың құрылыс жұмысы, жөндеуі тез аяқталғанымен, түрлі тақырыпқа сәндеу, әрлеу көп уақыт алды. Қазіргі қоғам сұранысын барынша толық қамтуға тырыстық, – дейді Гүлназ Әлімгерей.
Жаңа студияда дыбыс жазу студиясы, жастарға арналған ойын бөлмесі, би студиясы, кәсіби мамандардың түрлі тақырыпқа шеберлік сабағын өткізетін заманауи аудитория да бар екен. Ең ғажабы – дәл осы аудиторияға ақын, ағартушы Шәңгерей Бөкеевтің есімі берілген.
– Қазақ топырағындағы алғашқы фотоны 1841 жылы Ордада Жәңгір мектебі ашылған кезде ханның арнайы шақыруымен келген фотограф түсірген екен. Содан арада 60 жыл өткенде осы Жәңгір ханның немересі Шәңгерей Бөкеев өзі фотоөнерге бет қояды. Өйткені 1901 жылы Бөкей ордасының құрылғанына 100 жыл толуына орай патша Шәңгерейге фотоаппарат сыйлаған еді. Бүгінде қазақтан шыққан тұңғыш фотограф – Шәңгерей Бөкеев деуіміздің мәнісі осы, – дейді оралдық өлкетанушы Айболат Құрымбаев.
Тележурналистика саласында 20 жылдан аса тәжірибесі бар Гүлназ Әлімгерей осы жерде жастарды тілшіліктің қыр-сырына баулитын жеке медиаорталығын да ашатын ойы бар екенін айтады. Яғни мұнда келуші жастар актерлік шеберлік, камера алдында өзін-өзі ұстау, т.б. кәсіби маман кеңесін алмақ.
Батыс Қазақстан облысы