• RUB:
    5.18
  • USD:
    515.25
  • EUR:
    535.91
Басты сайтқа өту
Денсаулық 10 Қыркүйек, 2024

Оқушылар тамақтан уланып қалды

84 рет
көрсетілді

Жаңа оқу жылы басталысымен Маңғыстау облысының Мұнайлы ауданындағы бір мектепте келеңсіз оқиға болды. 6 қыркүйек күні кешке аталған аудандағы №8 мектептің 21 оқушысы ішінің ауруы, дене қызуы көтерілуіне байланысты жедел жәрдем шақырта бастаған. Бір тәулік ішінде, яғни 7 қыркүйек күні кешке дейін медициналық көмекке 67 бала жүгінген болса, оның ішінен 52 бала үй жағдайына бақылауда қалдырылып, 13 бала ауруханаға жатқызылған.

Оқиғаға байланысты Маң­ғыстау облыс­тық әкімдік жа­нынан жедел штаб құ­ры­лып, қарқынды жұмысқа кірісті. Ден­саулық сақтау басқармасы тарапынан шақыртуларға дереу қызмет көр­сетуге облыстық жедел және шұғыл медициналық көмек стансасының 12 негізгі және 4 қо­сымша бригадасы жұ­мыс істесе, Мұнайлы орталық аудан­дық ауруханасының ша­қы­руларға қызмет көрсету­дің ­4 санатты 4 бригадасы және ­Ақтау қаласының 4 санатты 7 бри­га­дасы жұмылдырылды. Сон­дай-ақ облыстағы емхана­лардың психологтер тобы ата-аналар мен балаларға қажетті көмек көрсетуге кірісті.

Ауруханаға арнайы бар­ған өңір басшысы Нұрдәулет Қилыбай облыстық ауруханада жатқан оқушылардың жай-күйін көріп, ата-аналарына балаларының тезірек сауығып кетуін тіледі және сала, аурухана басшыларына уланған балаларға қажет­ті барлық көмекті көрсетуді, ауруханадағы жұмыс кестесін күшейтуді тапсырды. Жексенбі күні 300-ге жуық бала өз үйінде дәрігер қадағалауында қалдырылып, 67 бала ауруханаға жатқызылды, ал жағдайы ауырлау екі бала жансақтау бөліміне орналастырылды.

– Ауруханада тиісті ем-дом көр­сетіліп жатыр. Дәрі-дәрмек пен төсек­тік орындар жеткілікті. Дәл қазір ең бас­­тысы – оқушылардың денсаулығы. Нау­қастардың тез жазылып кетуіне барлық жағдайды жасауымыз қажет. Кейін осы жағдайға байланысты тиісті шаралар мен шешімдер қабылдаймыз, – деді Нұрдәулет Қилыбай.

Аталған оқиға бойынша Мұ­най­лы аудандық ПБ-нің СДТБТ-не ҚР ҚК-нің 304-бабы 1-бөлігімен №244750031000356 қылмыстық іс тір­келіп, сотқа дейінгі тергеп-тексеру жұ­­мысы басталды. Сондай-ақ жағ­­­дай­дың себебін анықтау мақса­­тын­да Маңғыстау облысының санита­рлық-эпидемиологиялық бақылау де­­партаменті де тексеріс жүргізуге кірісті.

Жексенбі күні кешке Маңғыстау облыстық денсаулық сақтау бас­қармасы басшысы Бекболат Ізба­саров денсаулығы жақсарған бір­қа­­тар баланың үйіне қай­та­­ры­лып жатқанын хабарлады. ­Бас­қар­ма басшысының ай­туын­ша, Мұнайлы ауданында мектеп асханасында тамақ­тан уланған балалардың жағ­дайы жақсарып келеді. Жалпы, ­ахуал тұрақтанған. Об­лыс­тық аурухананың жан­сақтау бөлі­мін­де жатқан екі баланың беті бері қараған. Бүгін-ертең жалпы палатаға ауыс­тырылуы мүмкін.

– Дер кезінде басталған ем­нің септігімен балалардың өмі­ріне қауіп жоқ. Барлық қажет­ті медициналық көмек көрсеті­ліп жатыр. Төсектік орын мен дәрі-дәрмек қоры толық­тай жет­кілікті, – деді Б.Ізбасаров.

Құзырлы орындардың қа­ты­суымен оқиғаның себебі анықталып, нақты мәлімет ха­бар­­ланады.

 

Маңғыстау облысы