Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауында республикалық бюджеттің кіріс бөлігі орындалмай жатқанына тоқталып, бөлінген қаражатты тиімді пайдалану мен оның шығыс бөлігін қатаң бақылауда ұстау қажет екенін айтқан болатын.
Президенттің жүктеген тапсырмасын іске асыру мақсатында Қаржы министрлігі салық бағыты мен кедендік реттеуде, бюджетті жоспарлау мен аудит ісінде цифрлы бастамаларды жоспарлы түрде іске асырып жатыр.
Айталық, біздің салаға қарасты Электронды қаржы орталығының сүйемелдеуімен еліміздің қаржы жүйесін цифрлы трансформациялау бағытында бірнеше тың жоба қолға алынып, жүзеге асырылып келеді. Соның бірі – онлайн бюджеттік мониторинг. Бюджет қаражатының жұмсалуын бақылауды күшейту мақсатында аудиторлар жоспарлаудан бастап бюджеттің онлайн режімде атқарылуына дейінгі бюджеттік мониторинг бойынша жұмысты атқарып жатыр. Бұған Қаржы министрлігінің түрлі ақпараттық жүйелерінің деректерін пайдалану арқылы қол жеткізілді.
Жоба бюджеттің сәйкессіздігіне байланысты тәуекелдерді уақтылы анықтап, хабар беруге және тәуекел профильдерін жасауға бағытталған. Бұл жоба тәуекелдер бейіні бойынша камералды бақылау жасап, бюджетті жоспарлау және атқару кезінде сын-қатерге жедел ден қоюға, бюджет қаражатын тиімсіз игерілу тәуекелдерінің алдын алуға, сондай-ақ қаржылық бұзушылықтарды азайту мен мемлекеттік шығыстарды бақылауға септігін тигізеді.
Ал мемлекеттік жоспарлаудың ақпараттық жүйесі бюджеттік жоспарлауды автоматтандырып, ақпараттық қолдауға ықпал етеді. Оның бюджет қаражатын тиімді бөлу бойынша артықшылығы көп. Тағы бір керемет жоба – Бірыңғай сатып алу платформасы. Ол пайдаланушылардың қолайлылығы үшін мониторинг пен бақылауды қамтамасыз ете отырып, мемлекеттік органдардың, квазимемлекеттік сектор субъектілерінің, басқа да алаңдардың сатып алу үдерістерін біріктіре алатын мүмкіндікке ие. Сол секілді тауарлардың электронды каталогі – техникалық сипаттамаларды автоматты түрде қалыптастырып, тарихи бағаларды талдауға және тауар айналымын бақылауға мүмкіндік беретін деректерді сақтап, басқаруға арналған өнім. Тізбектей берсек, адамға бағдарланған жобаларымыз баршылық. Олар өз жемісін алдағы уақытта береді деп сенеміз.
Әсет ТҰРЫСОВ,
Қаржы вице-министрі