Сауда және интеграция министрлігі «Тұтынушылар құқығын қорғау туралы» заң жобасын дайындап жатыр. Министр Арман Шаққалиевтің айтуынша, бұл құжат нарықтағы жағдайды түбегейлі жақсартуға, әрбір азаматтың құқығын жан-жақты қорғауға бағытталған.
«Заман жаңа ойын ережелерін талап етеді. Тұтынушылар құқығын қорғау туралы қазіргі заңы уақыт талабына сай келмейді. Жаңа заң жобасы – формальды өзгерістер жиынтығы емес, әділ және ашық тұтынушылар ортасын қалыптастыруға бағытталған кешенді шаралар жүйесі», дейді министр.
Жаңа заң аясында мынадай өзгерістер болуы мүмкін:
Бюрократияның азаюы: Өз құқығыңызды қорғау процедурасы қарапайым және жылдам болады. Көптеген инстанцияның орнына тұтынушы сотқа дейінгі сатыда және сотта екі инстанцияға ғана жүгіне алады. Тиімді қорғау: Тұтынушылар құқығын қорғау жөніндегі омбудсмен институты енгізіліп, қоғамдық ұйымдар азаматтардың мүддесін қорғау үшін кеңірек өкілеттілікке ие болады. Бизнестің жауапкершілігі: Тұтынушылардың құқығын бұзған компаниялар қаржылық санкцияларға дейін ауыр жауапкершілікке тартылады. Онлайн сатып алу кезінде қорғау күшейтілді: Жаңа нормалар тұтынушыларды электрондық саудадағы алданып қалудан қорғайды.Сонымен қатар заң жобасында медициналық бұйымдар мен ұялы байланыс абоненттік құрылғыларын қайтаруға болмайтын тауарлар тізімінен шығару, әуе билетін сатып алу және туристік қызмет көрсету туралы шарттар бойынша 100% қайтармауды алып тастау ұсынылады.
2021 жылы Тұтынушылар құқықтарын қорғау комитетіне тұтынушылардан 25 мың, 2022 жылы 30 мың, ал 2023 жылы 51 мың шағым келіп түскен.