Биылғы егін бітік шықты. Жер емген диқандардың бағамдауынша, кейбір берекелі алқаптардан бұрын-соңды болып көрмеген өнім алынуы әбден мүмкін. Әйтсе де көктен беріп, жерден иген биылғы жылы жауын-шашын көп болып тұр.
Ауа райын болжайтын бюроның мәліметіне қарағанда, өңірде көктем мен жазда ылғал қалыпты мөлшерден екі есе көп түсіп, шаруаның қолын байлаған. Әсіресе көктемгі егіс мол жауынның салдарынан кешеуілдетіп аяқталды. Кеш егілген дақыл кеш піседі. Мамандардың айтуынша, көктемгі егіс шамамен жиырма күн кешіккендіктен, қыркүйек айының жиырмасына қарай қауыздағы дән піспек. Дәл қазір ауыл шаруашылығы құрылымдары тас-түйін әзір. Әттең, тынымсыз жауған жауын қол байлап тұр. Демек қоңыр күздің әрбір ашық сәтін қалт жібермей, аз ғана күнде ел ырыздығын ысырапсыз жинап алу керек.
«Бұл орайда мемлекет тарапынан жасалып отырған қамқорлық туралы айтпауға болмайды, – дейді «Қараөзек» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің басшысы Нартай Ысқақов. – Диқандар қуатты техникаға ие болып жатыр. Бұл егін орағын уақытында аяқтауға мүмкіндік туғызады. Биылғы егін орағындағы маңызды мәселе – ылғалды астықты кептіру. Ұйымдасқан үлкен шаруашылықтарда кептіру құралдары бар. Оларға жеңілдетілген жанар-жағармай да бөлінді. Көмек астық қабылдау орындары қызмет ақысын көтермеу үшін жасалып отыр. Әйтсе де қазіргі баға шаруаларды алаңдатып отыр. Мәселен, бір тонна бидайды кептіру шамамен 600–700 теңге тұрады екен дейік, осы баға қайдан құралып отыр. Жағатын жанар-жағармайы, жұмысшылардың еңбекақысы, төлейтін салығы, қосалқы бөлшектері тәрізді шығын шығатыны белгілі. Бірақ облыстың астық қабылдау нүктелеріндегі баға бірдей емес. Қазір диқандар қалай болған күнде де, жерге өнгенді жерде қалдырмай, ылғалды болса да бастырып, қамбаға өткізгенді дұрыс санайды. Текке шіріп кеткеннен сіңірген еңбегіне орай табыс тапқанды қолайлы көреді емес пе? Сұраныс болғаннан кейін бағаның да өсетіні белгілі. Бұрнағы жылдардағы тәжірибеге сүйеніп талдау жасайтын болсақ, бір «КамАЗ» қорабындағы бидайды ылғалдылығын бір-екі пайызға өсірсе, шаруа кем дегенде 30–40 мың теңгесін жоғалтады екен. Бұл әділдік емес қой. Демек осы мәселені жан-жақты талдап, астық қабылдау орындарына талап қою керек».
Алдын ала жасалған талдауға қарағанда биыл 5,4 млн гектар алқапқа дәнді дақыл сіңірген ақмолалық диқандардың алқабындағы қара жердің бетіне көктеп шыққан дақылдың 3 млн гектары маусым айының 4-і мен 20-сы аралығында себілген. Ал 1,7 млн гектары тіпті уақытты өткізіп барып егілген. Есіл, Атбасар, Ақкөл аудандары маусым айының орта шеніне дейін көктемгі дала жұмыстарын жүргізген. Міне, осыдан барып дәнді дақылдардың пісіп-жетілуі кешеуілдеп жатыр. Бұл үшін әрине, ешкімді кінәлауға болмайды, табиғаттың сынағы.
Егіннің бітік өсуіне егіншілік мәдениетін жетілдірумен қатар, минералды тыңайтқыш арқылы топырақ құрамын жақсарту да септігін тигізіп отыр. Ылғал жеткілікті. Егістік алқаптардың 2,4 млн гектарына 203 мың тонна минералды тыңайтқыш сіңірілген. Осы жай гектар берекесін арттыруға әсер етті. Ауыл шаруашылығы министрлігі отандық тыңайтқыштарды пайдаланудың жаңа тетігін қолдануға кірісті. Тыңайтқыш құнының 60 пайызы субсидия арқылы өтеледі де, ауыл шаруашылығы құрылымдары бағаның бар болғаны 40 пайызын өтейді. Диқандардың айтуынша, бұл өте қолайлы әрі ауқымды көмек.
«Бүгінгі күні өңірдегі егістік алқаптардың 4 млн гектары немесе 85 пайызы өте жақсы деңгейде, – дейді облыстық Ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасы басшысының орынбасары Еркеш Әленов. – Қалған 0,7 млн гектары немесе 15 пайызы қанағаттанарлық. Бар мүмкіндікті егін орағына жұмылдырып, ырыздықты ысырап етпей жинап алатын болсақ, гектар берекесі 11–12 центнерден айналуы әбден мүмкін. 2023 жылы диқандар күздің жауынды болуы себепті сапасыз астық жинап, айта қаларлықтай шығынға ұшыраған болатын. Биыл сол олқылықтың орнын толтырудың мүмкіндігі туып тұр».
Егін орағына қапысыз қамданған ақмолалық диқандар 8,9 мың астық жинайтын комбайндарды іске қоспақ. Осыншама техниканың 4,8 мың данасы – жоғары өнімді астық комбайндары. Астық тасымалдауға 4,8 мың жүк көлігі қатыстырылады. Кей жылдары жан алып, жан беріскен күзгі науқан кезінде жанар-жағармайдың тапшылығынан арагідік кемшілік орын алатын. Қазір мұндай олқылық болып отырған жоқ. Дизель отыны жанармай құю бекеттерінде литрі 290 теңгеден сатылып жатса, диқандарға әр литрі 250 теңгеден босатылған. Көп-көрім көмек.
«Мемлекет көмегі туралы тарата айтқанда өңірдегі диқандар үшін «Кең дала» бағдарламасы өте тиімді болып тұрған жайы бар, – дейді Нартай Жұматайұлы. – Кештеу берілсе де септігі айта қаларлық. Несиенің алғашқы жартысын қараша айында, қалғанын ақпан басында жабуымыз керек. Бұрын 17 пайыз жылдық өсіммен берілетін. Оның 10 пайызын мемлекет жабатын. Кей жылдары қаражат жетпей, шырғалаңға түсетінбіз. Тиісті құжатты жинау қанша уақытымызды алатын. Қазір 6 пайызын шаруа жабады да, қалғанын мемлекет өзі реттейді. Мұндай тетік Ресейде ертеден бар. Осындай тиімділіктің арқасында олар ауыл шаруашылығын тәп-тәуір көтеріп алды. Егер осы механизм бізге 10–15 жыл бұрын енгізілгенде, еліміздің ауыл шаруашылығы саласы біршама жетістікке жетіп қалар еді. Талдап айтайық, мәселен, биыл мен қосалқы бөлшек, өзге де керегімді алу үшін 130 млн теңге несие рәсімдедім. Оған кепіл ретінде бір-ақ пәтерімді қойдым. Неге олай? Өйткені кепілді «Даму» қоры беріп отыр. Осы уақытқа дейін шаруалар кепілге қояр жылжымайтын мүлік таба алмай қолдары байланып келсе, енді алдарынан өте тиімді сара жол ашылып отыр.
Күзгі орақ науқанын тиімді әрі сапалы өткізу үшін өңірдің әр ауданында облыстық басқармалар мен мекемелердің, өзге де жауапты науқанға қатысты қызмет саласы өкілдерінің қатысуымен штаб құрылған. Қазіргі күні орақ жұмысын мүлтіксіз атқару үшін бар күш-қуат жұмылдырылып жатыр.
Ақмола облысы