Шын мәнінде, көбіміз мән бере бермейтін бір дүние бар: негізінен барлық білім жүйесінің іргетасы – мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту сатысы. Өйткені тәрбие мен білім ұйымдарының бірінші баспалдағы – балабақша. Ал үй берік, биік болуы үшін іргетасы мықты болуы керек. Осындай оймен ата-аналардың басым бөлігі балаларының бастауыш сыныптардағы біліміне, тәрбиесіне ерекше назар аударады. Ақиқатында, оқушының бастауышта білім-білік, дағдысы қандай деңгейде болуы мектепке дейінгі тәрбиесі мен біліміне тікелей байланысты.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жақында жариялаған Жолдауында адал әрі табанды еңбегімен табысқа жеткен адамдар қашанда сыйлы болуы керегін, 2025 жылды Жұмысшы мамандықтары жылы деп жариялайтынын мәлімдеді. «Тәрбие – тал бесіктен» демекші, еңбек адамы отбасынан, білім ұйымдарында балабақшадан қалыптасады. Енді нақ сол балабақшаларда, мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту саласында Президент айтқан орынды бастаманы қалай іске асыруға болады? Осы сұраққа өз тәжірибемізден жауап табуға тырысып көрдік.
Мектепке дейінгі білім ұйымдарында еңбекке баулу ұйымдастырылған әрекеті (мектеп тілімен айтқанда сабақ) бар, бұл – балғындарды еңбекқорлыққа тәрбиелеудің басты жолы. Жапсыру, мүсіндеу, құрастыру секілді шығармашылық жұмыстар арқылы балаларды еңбексүйгіштікке тәрбиелейміз. Дегенмен тәрбие ісін оқыту үдерісінде ғана емес, үздіксіз, үнемі, әрбір сәтті тиімді пайдаланып жүргізген жөн. Айталық, естияр, ересек, сонымен қатар мектепалды даярлық топтарының балалары арасында кезекшілік ұйымдастыруға болады. Кезекші балаларға арналған арнайы алжапқыштарды тағып, өз кезегінде тәрелкелерді, қасықтарды үстелге қойып, тамақтанып болғаннан кейін үстел үстін жинауға жәрдемдеседі. Мұндай тәрбиенің үлгісі ең алдымен балаға өміріне қажет қарапайым тұрмыстық дағдыларды меңгеріп, өзіне қызмет көрсету дағдысын қалыптастыруға ықпал етеді. Екіншіден, өзгелердің еңбегін бағалауға, тазалық сақтауға үйренеді. Үшіншіден, кейбір балаларда аспаз, қоғамдық тамақтану саласының қызметкерлері секілді жұмысшы мамандықтарға қызығушылығын арттырады. Мектеп жасына дейінгі балалар ойын арқылы дамиды, өседі, жаңа нәрсені қабылдайды. Олардың осы ерекшелігін де ескеріп, серуен әрекетінде тәрбиеленушілермен өз отырған орындықтарының шаңын сүрту, топта ойыншықтарды жууға жәрдемдесу сияқты жеңіл әрекеттерді ұйымдастыру арқылы да еңбекке баулуға болады. Осыған қоса сюжетті-рөлді ойындар арқылы аспаздар, құрылысшылар, дәрігерлер мен педагогтер, қоғамдық орындардағы қызмет көрсетушілер, шеберлер мен зергерлер, техникаларды жөндеушілер, тазалықшылар, тағы басқа да түрлі жұмысшы мамандықтарын насихаттауға мүмкіндік мол.
Ал біз балаларды еңбекқорлыққа тәрбиелеу мақсатында былтыр «Ұлттық құндылықтар негізінде балаларды еңбекке баулу» тақырыбындағы жобамызды сынақтан өткіздік. Жобамызды облыстық білім басқармасына ұсынғанымызда қолдау тауып, бір жыл бойы балабақшамызда балаларға жоғарыда жазылған оқу-тәрбие әрекеттеріне қоса ұлттық кодымыздан ажыратпайтын қызықты жұмыс түрлерін енгіздік. Мысалы, біздің киіз үйіміз – тұнып тұрған еңбек. Киіз үйді тұрғызудың айналасындағы қой қырқу, жүнді жуып, түту, киіз басу, басқұры бар, бәрі – балаларға таныстыруға тұрарлық еңбек әрекеті. Әрбірін өздері толық жасап білмесе де, жасау үдерісін көрудің өзі – тәрбие. Сонымен қатар киіз үй ішіндегі ұлттық тағамдарымызды әзірлеу, ұлттық бұйымдарымызды, ыдыстарымызды, қыштан, ағаштан жасау, ұлттық ойындарды аталар мектебі, әжелер мен аналар мектебі арқылы тәрбиеленушілерімізге көрсеттік. Бұл балаларды ұлттық құндылықтарды бойына сіңіре отырып, еңбекке баулуға, білім ұйымы мен ата-аналар арасында берік байланыс орнатуға жағдай жасады. Осы жобамыздың аясындағы оқу-тәрбие жұмыстары мамыр айында аяқталғанымен, жазғы сауықтыру кезінде көңілді әрекеттермен жалғасын тапты. Айталық, жаздағы серуен кезінде балабақша ауласына тәрбиеленушілермен бірге гүлдер ектік. Көктемгі еңбек ұйымдастырылған әрекетінде еккен, суарып, арам шөптерден арылтып, өсірген бақша көкөністерін тердік. Жоба бойынша жүргізілген эксперименттік жұмыстарымызды, тәжірибемізді өзге де әріптестерге бөлісу үшін оқу жылының алдында өткен Тамыз конференциясында балабақшамыздың басшысы Гүлден Сапабекова арнайы баяндама жасады. Енді биыл Мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту саласындағы негізгі құжат саналатын Үлгілік оқу бағдарламасына негіздеп бекітуді жоспарлап отырмыз.
Әрбір тәрбие мен білім ұйымында осындай өзіндік нәтижелі жұмыстары мен жоспарлы жобалары жүйелі жүргізілсе, балабақшадан бастап адал еңбекті ту еткен тұлғаларды қалыптастыра аламыз.
Светлана МЕНТАЕВА,
«Сыр жұлдызы» бөбекжай-бақшасының әдіскері, І санатты педагог-модератор
ҚЫЗЫЛОРДА