• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
27 Қаңтар, 2015

Еңсені тіктеткен елдік міндеттер

227 рет
көрсетілді

ЕАЭО – Минск бастамалары Еуразиялық экономикалық одақ (ЕАЭО) өз жұмысын бастады. Күтілге­нін­дей, бұл мәселе бұқаралық ақпарат құралдары тарапынан жан-жақты көр­сетілу үстінде. Сарапшылар мен талдау­шылар аталған тақырыпқа бұрынғыға қарағанда анағұрлым көп пікір білдіре бастады. Бұған ақпараттық себептер де әсер ету үстінде. Жақында Минск тарапынан айтылған ЕАЭО-ны индустрия­ландыру жөніндегі бастамалар осы сөзіміздің айқын айғағы болып табылды. 2015 жылдың 1 қаңтарынан Беларусь ЕАЭО-ға төрағалық ету құқына ие болды. Іс жүзінде сол сәтте-ақ ел Президенті Алек­сандр Лукашенко еуразиялық эконо­микалық кеңістікті индустрияландыру бойынша өзінің жоспарын жариялады. А.Лукашенко өте қысқа мерзім ішінде Ресей мен Қазақстанның көмірсутегіне тәуелділікті төмендету үшін бірлестік елдерін индустрияландыру үшін жағдай жасау қажет екенін мәлімдеді. Бұл үшін Минск мынадай ұсыныстар жасап отыр: – Одақ шеңберінде өнеркәсіптік ынты­мақ­тастықтың негізгі бағыттарын қабылдау; – келісілген, болашақта біртұтас агроөнеркәсіптік саясат жүргізу; – 2016 жылдың 1 қаңтарынан дәрі-дәр­мек құралдары мен медицина бұйым­дарының біртұтас нарығы қызметін қамтамасыз ету; – экспортты дамыту бойынша бір­лескен іс-қимылдарды меңзейтін шартты жүзеге асыру жөніндегі бастамалар. Бұл шаралардың барлығының көкей­кесті екені күмәнсіз. Нақ сондықтан да А.Лукашенконың түрлі мәлімдемелерін қоса алғанда, Беларусь Президентінің сол «қаңтардағы тезистері» Мәскеуде және Астанада түсіністікпен қабылданды. Шын мәнінде, мұнайға әлемдік бағаның төменгі конъюнктурасы жағдай­ында қуат көздерін экспорттаушы елдер экономикасының көптеген проблемалары жалаңаштанып шыға келеді. Ресей Президенті Владимир Путиннің салмақты ұстаным танытып, жұртшылықты экономикада жаңа реформалар жасау жөнінде ұсыныстармен «үркітпеуі» Кремльдің сапалы өсім мүмкіндігін нақ ЕАЭО-мен байланыстыратынын айғақтайды. ЕАЭО-ны дамыту тек Ресейдің ғана емес, бүкіл посткеңестік кеңістіктегі елдер экономикасын да қайта құрылымдап, оның тиімділігін сапалы жаңа деңгейге шығаруы тиіс. Батыстың Ресейге санкциялық қы­сымы біртұтас экономикалық кеңістікті күшейту үшін қосымша мүмкіндіктер туғызады. Беларусь Қазақстанмен салыс­тыр­ғанда Еуразиялық интеграция жобасына саяси және геосаяси тұрғыдан іс жү­зінде қатысудан үзілді-кесілді бас тарт­пайды. Алайда, Минск үшін де Ас­та­на сияқты аса маңыздысы, А.Лука­шен­коның жоспарлары айғақтап отырға­нындай, интеграцияның дәл экономи­калық бөлігі болып табылады. Беларусь Президенті өз жоспарларын сапалы жаңа деңгейде жүзеге асыруға дайын. Айтпақшы, А.Лукашенконың бағ­дар­ламалық мәлімдемелерінде ішкі нарық­тарды қорғау туралы «сырқат» мәсе­лелерге де орын табылып отыр. Атап айтқанда, Беларусь басшысы былай деп мәлімдеді: «ЕАЭО-ның қызметін жүзеге асырудың нақты тетіктерін ұсынамыз. Олардың бірі – Одаққа қатысушы мем­лекеттердің кез келгені өзге үш елге қатысты өз нарқын қорғау үшін біржақты шара қолдана алуы». Басқаша айтқанда, Минск еуразиялық интеграцияның жаңа санкциялық кезеңін мойындай келіп, еуразиялық интеграция үдерістеріне белгілі бір түзетулер енгізу қажет деп санайды. Және де тәжірибесі мол А.Лукашенко бұл арада өз пайдасын да ешқашан ұмытпайды, сондықтан да Мәскеуге уағдаласуға дайын екенін мәлімдеген мөлдір де ашық белгілер жібереді. Мәскеу үшін А.Лукашенко бастамаларында жақсы жақтар көп. Біріншіден, Минск интеграция үшін бүгінгідей күрделі кезеңде де еуразиялық интеграция ісіне адал болып қалып отырғанын меңзейді. Екіншіден, Минск ұсынып отырған бастамалар еуразиялық интеграция елдері басшылары тарапынан бұған дейін де талай мәрте талқыланған және елеп-екшелген бастамалар болып табылады. Осылайша, Мәскеу мен Астана тара­пынан Минск бастамаларына қарсы еш­қан­дай наразылықтар бой көрсетпейтіні байқалады. Енді стратегия айқындалған жағдайда мәселе тактикаға барып тіреледі. Бұл арада аса маңыздысы – ЕАЭО аясындағы өндірістік кооперацияны ынталандыратын тетік таңдау мәселесі. Бұған мысалды сарапшылар бірлескен ғылыми-техникалық бағдарламалардан келтіріп отыр. Әрине, Еуразиялық экономикалық одақ елдері жақын арада талқылап, жүзеге асыра бас­тайтын басқа да тетіктер бар. Экономикалық дағдарысты еңсеру жолында Ресей, Беларусь және Қазақстан өт­кен жылдың 29 мамырында Астанада Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа қол қойса, ол үстіміздегі жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енді. 2 қаңтарда ЕАЭО-ға Армения қосылса, мамырда Қырғызстан қосылады деп күтіліп отыр. Еуразиялық экономикалық одақ ая­сындағы ынтымақтастық оның мүше­леріне экономикалық дағдарысты еңсе­руге көмектеседі, деп мәлімдеді Ресей­дің Түркиядағы елшісі Андрей Кар­лов төрттік Одақ елдері елшілерінің қаты­суы­мен Анкарада өткен баспасөз мәслиха­тында. «Ресейдегі дағдарыс қана емес, тіпті, әлемдегі дағдарыс та біздің келісім жұмысына кедергі жасай алмайды. Керісінше, ЕАЭО құрылуы біздің Одаққа қатысушы барлық елдерге біз бетпе-бет келіп отырған дағдарысты құбылыстарды тезірек еңсеруге мүмкіндік береді. Өйткені, капиталдың, қызмет көрсетулер мен жұмыс күштерінің бірыңғай нарқы құрылған», деді А.Карлов. Ресей дипломатиялық миссиясының басшысы айтылған сөздер тек өзінің жеке пікірі ғана емес, сондай-ақ, бұған дейінгі ынтымақтастық айғақтап берген тәжірибе де болып табылатынын атап көрсетті. «Бұл – Кеден одағы мен басқа да бірлестіктер қызметінің шеңберінде жинақталған тәжірибелер мен іс-әрекеттердің сараптамасы. КО бірнеше жылдың ішінде-ақ біздің ортақ сауда айналымымыз көлемін үштен бірге көбейтуге мүмкіндік берді», деп атап көрсетті елші. Ресей, Беларусь және Қазақстан 2014 жылдың 29 мамырында Астанада Еуразиялық экономикалық одақ құру туралы шартқа қол қойса, оның 2015 жылдың 1 қаңтарында күшіне енгені белгілі. Ал 2 қаңтарда ЕАЭО-ға Армения қосылды. Ал алдағы мамыр айында Қырғыз Республикасы қосылады деп күтіліп отыр. ЕАЭО құру барлығын қосқандағы ІЖӨ көлемі ТМД жалпы өнімінің 85 пайызын құрайтын бұрынғы Кеден одағына қатысушы елдерді интеграцияның барынша жоғары деңгейіне шығарады. Осылайша, ТМД кеңістігіндегі аса ірі ортақ нарық (170 миллион адам) қалыптастыру аяқталса, бұл өз кезегінде экономикалық дамудың жаңа аса қуатты орталығына айналады. Мыс экспортын азайтты Қазақстанда өндірілетін мыс көлемі 2014 жылы жалпы жылдық есеп бойынша 16,5 пайызға азайып, 293 948 тоннаны құрады. Бұл мәлімет Қазақстан Статистика департаментінен алынып отыр. Бірақ мыс өндіру өткен жылдың желтоқсан айында қарашаға қарағанда 21,7 пайызға өсіп, 33 948 тонна болды. Ал қараша айындағы өсім жалпы жылдық есеп бойынша алғанда 8,8 пайызға артып, 27 900 тоннаны құраған еді. Қазақстанда негізгі рафинирленген мыс өндірушілер «ҚАЗ Минералдар» компаниясы мен швейцариялық «Glencore» корпорациясы болып табылады. Аталған мыс өндірушілер 2014 жылы мысқа бағаның арзандауынан айтарлықтай зардап шекті. Хабарланғанындай, 2018 жылы әлемдік мұнай өндіру көлемі 2014 жылмен салыстырғанда 27 пайызға немесе 5,8 миллион тоннаға ұлғаюы ықтимал. Мұндай болжамды International Copper Study Group жасап отыр. Қазақстан арқылы теміржол салады Қытай Қазақстан аумағы арқылы жо­ғары жылдамдықтағы теміржол салады. Құны 1,5 триллион юань (242 мил­лиард доллар) тұратын жаңа теміржол Бей­жің мен Мәскеудің арасын жалғайтын болады. Бұл туралы ҚХР үкіметінің мәлім­­демесіне сілтеме жасай отырып, «Блум­берг» агенттігі хабарлады. Ақ­па­ратқа сәйкес, теміржолдың жалпы ұзын­­дығы 7 мың шақырымды құрайды. Те­мір­жол маршруты, бұған дейін де айт­қа­ны­мыздай, Қазақстан арқылы өтіп, екі тәулік уақытты алады. Теміржол Бей­­жің­нен Мәскеуге саяхатты айтар­лық­тай жеңілдетіп, жол жүру уақы­тын қыс­қартады, делінген үкіметтің мәлімде­месінде. Агенттіктің атап өткеніндей, Қытай өзінің жоғары жылдамдықтағы технологияларын халықаралық деңгейдегі теміржол саласында да ілгерілетіп отыр. Бұл теміржол құрылысы туралы жаңалық Украинадағы жанжал мен Ресей экономикасы мұнай бағасының түсуінен еңсе көтеруге әрекет жасап жатқан тұста, яғни АҚШ пен Еуропаның және Ресейдің арасындағы қарым-қатынас суи түскен кезде пайда болуымен де ерекшеленеді. Ресей Федерациясының Көлік ми­нистр­лігі, «Ресей темір жолдары», ҚХР Даму және реформалар жөніндегі мем­ле­кеттік комитеті, сондай-ақ, «Қытай темір жолдары» корпорациясы 2014 жылдың қазанында жоғары жылдамдықтағы теміржол қатынастары саласында өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойған еді. РТЖ хабарлағанындай, құжаттың мақсаты Еуразиялық жоғары жылдамдықтағы көлік дәлізі – Мәскеу – Бейжің магистралінің жобасын жасау болып табылады. Қызмет көрсету саласы жақсарады Ақпараттық-жаңалықтық Kapital.kz порталы Қазақстанның қызмет көрсету саласын дамыту мүмкіндігі белгіленген талдамалы материал орналастырды. Ол бойынша Қазақстанның ІЖӨ-сі 200 миллиард долларға дейін көбейеді. Қызмет көрсету саласын 2020 жылға қарай елдің ішкі жалпы өніміне пайыздық есеппен шаққанда 60 пайызға арттыру көзделген. Бұл басымдықтар Қазақстан Республикасының қызмет көрсету саласын 2020 жылға дейін дамыту жөніндегі бағдарламада көрініс тапқан. Ал бұл бағдарламаны жақында Үкімет жасаған болатын. Қазақстан Ұлттық экономика вице-министрі Мәдина Әбілқасымова жақында жобаны таныстыра келе, бағдарлама жүзеге асырылуының соңына қарай қызмет көрсету саласы көлемінің үлесі ІЖӨ-нің 60 пайызына дейін көбейетіні, еңбек өнімділігі 1,5 есе артатыны, қызмет көрсету саласында 830 мың жаңа жұмыс орнын құру, сондай-ақ, экспорт көлемі екі есе ұлғаюы күтілетінін хабарлаған  еді. Қазақстан Үкіметінің жоспарлары жаңа әлемдік дағдарыс құбылыстары белең алып тұрған шақта айтарлықтай оптимистік көрінеді. Мұнайға бағаның құлдырауы, осының салдарынан Ұлттық қор қаржысының шығындалуы белгіленген міндеттер үдесінен шығуға мүмкіндік бермейтіндей де болжам қалыптастырады. Алайда, қаншалықты қызық көрінгенімен, осындай кеуделі міндеттерді шешуге әбден болады. Сол Kapital.kz порталы Ресей Жинақ банкінің басшысы Герман Грефтің Қазақстанның қызмет көрсету саласындағы ІЖӨ үлесін ұлғайту мүмкіндігі туралы өткен жылдың маусым айында айтқан сөзін келтіреді. Ресейдегі аса ірі банктің басшысы Қазақстан Президенті жанындағы Шетел инвесторлары кеңесіне қатысқан кезде елдің Үдемелі инновациялық-индустриялық даму бағдарламасының өткен бірінші кезеңі туралы пікір білдірген еді. Сол жолы Г.Греф Қазақстан өнеркәсібі шын мәнінде дамып келеді және өнеркәсіп өндірісі көлемі айтарлықтай өсті, деп атап өткен болатын. Бірақ, ҮИИДБ-нің басты мақсатына қол жеткізілмеген еді. Қазақстан Үкіметінің бірінші кезектегі ұзақ мерзімді міндеті экономиканы әртараптандырып, шикізатқа тәуелділіктен арылу болып табылады. Бұл өнеркәсіп өндірісі көлемі ұлғайғанына қарамастан, шикізат секторы бұдан да жылдамырақ дамысын дегенді көздейді. Осыны негізге алған Г.Греф мұндай бағдарламаны қызмет көрсету саласында да қабылдау қажеттігі туралы идея білдірді. Ресей Жинақ банкі басшысының сөзіне қарағанда, шикізатқа тәуелділіктен арылу экономиканың бірнеше саласының ғана үдемелі дамуын қамтамасыз ете алады. Мұндай идеяның Астанада Г.Грефтің сөзіне дейін талқыланғаны немесе талқыланбағаны бізге белгісіз. Алайда, Қазақстан Үкіметі идеяны тез қағып алды. Қазіргі кезде, қызмет көрсету саласының үлесі 54 пайызды құрайтынын ескерсек, алдағы бес жылда бұл көрсеткішті 60 пайызға дейін жеткізу мүмкіндігі аса зор. Ал белгіленген міндеттерге қол жеткізудегі күрделілік сол, мұнай-газ өндіру саласы қызмет көрсету саласымен бір деңгейде дамуы тиіс. Бұлай болмаған жағдайда Қазақстанға қойылған міндеттерді шешу үшін ақша жетпейді. Мұның мұнайға әлемдік бағаның түсіп кетуі кезеңінде көкейкестілігі ерекше арта түседі. Елдің географиялық орналасуы, Еуразиялық экономикалық одаққа интеграциялануы, Ресей және Қытай сияқты ірі экономикалармен көршілестік Қазақстан дамуындағы айқындаушы факторлар болып табылады. Көрші елдердің ауқымдылығы, Қазақстанның Еуразияның орталығында орналасуы елдің әлеуетін анағұрлым арттыра түседі. Тек көлік және туристік қызмет көрсету секторларының өзі ғана қазірдің өзінде барлық қызмет көрсету экспорты түрлерінің 80 пайызын қамтамасыз етіп отыр. Елде көлік хабын қалыптастыру қажеттігі туралы айтқан Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың сөздері де жоғарыдағы мәселелерді дамытудан туындағаны анық. Қазақстанда ҮИИДБ айтарлықтай табысты жүзеге асырылып жатқанын қаперге алар болсақ, осындай қағидат бойынша жасалған қызмет көрсету саласын дамыту бағдарламасына да үлкен үміт артылатыны түсінікті.