Елдің өркендеуі үшін барлық мамандықтың маңызы зор. Әсіресе ұлт саулығын сақтау жолында аянбай еңбек етіп жүрген дәрігерлердің жөні бөлек, қадірі артып тұр.
Атырауда бір кәсіпті династияға айналдырған отбасылар көп. Соның қатарында мұнайлы өңір жұртшылығына кеңінен таныс Басаролла Харесовтің жанұясы бар. Қазір үш буынға ұласқан дәрігерлер династиясында бұл кәсіпті екі уролог, фтизиатор, окулист, невропатолог, стоматолог, жалпы тәжірибе дәрігері жалғастырып келеді. Олардың жалпы еңбек өтілі – 155 жыл.
Басаролла Харесовтің мамандығы – уролог. Ақтөбе медицина институтын 1969 жылы бітірген соң еңбек жолын облыстық ауруханада бастаған. Жас маман осы ауруханада дәрігерлік тәжірибесін шыңдап, алдыңғы буынның ақыл-кеңесін, тәлімін алудан жалықпады. Сөйтіп, 1972-1973 жылдары бас дəрігердің емдеу ісі жөніндегі орынбасары болды. Төрт жылда өз ісінің білгірі атанып, ұжымда мақтаулы дәрігерге айналған оған облыстық қан құю стансасын басқару міндеті жүктелді.
Өз ісін жетік білетін дәрігер 1986 жылы облыстық ауруханаға қайта оралды. Ұйымдастыру қабілеті де, іскерлігі де жетілген Басаролла Харесов тағы да бас дəрігердің емдеу ісі жөніндегі орынбасары лауазымын атқарды. Ал 1993-2006 жылдары урология бөлімінің меңгерушісі болды. Кейін уролог-ординатор ретінде науқастарды емдеп, жас буынды осы мамандықтың қыр-сырына үйретті. Ұзақ жылғы жемісті еңбегі үшін КСРО Денсаулық сақтау ісінің үздігі атанды.
Оның өмірлік жары Базаргүл Мырзағалиеваның мамандығы – фтизиатр. Өкпесіне дақ түскен жандарды емдеуге барынша атсалысып, мамандығына адалдығынан айнымаған жан.
«Біз де балаларымыздың дәрігерлік кәсібімізді жалғастырғанын қаладық. Өйткені ақ халат киген дәрігердің жаны аппақ, жүрегі таза болады. Адамзат үшін ең қадірлі мамандық – дәрігер. Сондықтан балаларымызға бұл мамандықтың маңызын ұғындыра алдық деп ойлаймын. Соның нәтижесіндей, төрт баламыздың екеуі дәрігер мамандығын таңдады. Біздің дәрігерлік кәсібіміз үшінші буынға жалғасты. Қазір әулетімізде жеті дәрігер бар», дейді Б.Харесов.
Әке-шешесінің дәрігерлік жолын жалғастырған Әлібек Басароллаұлы 8-сыныптан соң Атырау медициналық училищесінде оқыған. Жазғы демалыста жедел жәрдем стансасында санитар болып жұмыс істеген екен. Ал қызы Венера окулист болуды мақсат етіпті. Адамның көз жанарын сақтауға үлес қосу үшін жоғары білім алған. Қазір жоғары санатты дәрігер облыстық офтальмология ауруханасындағы білікті маманның біріне айналған.
«Жоғары білім алуға М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медициналық академиясына оқуға түстім. Мамандығым – уролог. Қазір әкемнің жолын жалғастырып, облыстық ауруханада жұмыс істеймін», дейді Әлібек Басароллаұлы.
Осы әулеттің келіні Гүлсім Қазмағамбетова да дәрігер мамандығын таңдаған. Ол да Ақтөбедегі медициналық академияны бітірген. Қазір облыстық балалар ауруханасында невропатолог болып жұмыс істеп жүр. Күйеуі Әлібек Басароллаұлы екеуі алты бала тәрбиелеп отыр.
Дәрігерлер династиясының үшінші буынын Балжан Əлібекқызы мен Нұржан Нұрланұлы жалғастырып келеді. Балжан стоматология саласын меңгерген. Ал Нұржан – жалпы тəжірибе дəрігері.
Атырау облысы