Тұтынушылардың көбі сауда сөрелерінде тұрған сүт өнімдеріне күмәнмен қарайды. Көпшіліктің іздейтіні – адам ағзасына залалы жоқ, таза, табиғи өнім. Өңір ірі қара малдан кенде болмаса да, облыс орталығындағы сауда сөрелерінде алыс-жақын шетелдерден, өзге өңірлерден жеткізілген сүт көп-ақ. «Milk Project» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі – тұтынушыларды табиғи таза өніммен қамтамасыз етіп отырған, өңірдегі сүт өңдеушілердің арасында көш басында келе жатқан ұжым.
Егер сүт неден жасалады деп сұрасаңыз, өрескелдеу болуы мүмкін. Шынтуайтында, өнім тұтынушы дастарқанына ырыздық болып жеткенше, сан алуан өңдеуден өтеді. Мамандардың айтуына қарағанда, кейбір өндірушілер сумен сұйылтып, майдың мөлшерін арттыру мақсатында өсімдік майларын да қолдануы мүмкін. Сирек кездескенімен, шындық. Ал «Milk Project» серіктестігі тек табиғи өнімді пайдаланады.
Сауда сөрелеріне жеткенше тазалық көздің қарашығындай сақталған. Бірінші қабылдау пункттерінде мейлінше ыждағаттылықпен тексеріліп барып, заманауи құрылғылар арқылы салқындатылып, тазартылады. Зауыттың өзі экологиялық таза аймақта орналасқандықтан әрі өнімінің сапасына барынша жауапкершілікпен қарағандықтан, ең кірпияз тұтынушы мін таба алмас еді. Зауыт өнімдері сүт өндіру саласындағы өзгеден оқ бойы алда тұрған жаңа технология арқылы өңделеді.
Бұл орайда ғылыми-инновациялық шешімдердің оң әсер етіп отырғанын айта кетуіміз керек. Ақ құрамындағы күмәнді бактериялардың барлығы жойылып, табиғи таза сүт мінсіз күйге түседі. Дегенмен оның құрамында дәрумен мен микроэлементтер сақталып қалады. Консерванттар мүлдем жоқ. Осылайша, зауыт табиғи таза өнімді ақ дастарханға жеткізгенше барлық талапты сақтайды.
– Тұтынушыға адал ас ұсыну басты парызымыз, – дейді зауыт директоры Әсемгүл Әшімова, – қазір тұтынушылар денсаулық мәселесіне айрықша мән береді. Сондықтан өнім сапасына деген талғам күшті. Біз өз абыройымызды сақтау әрі халқымыздың денсаулығын ойлау арқылы бүгінгі биігімізге жетіп отырмыз. Өнімдеріміз еліміздің солтүстігінен бастап, шығысқа, батысқа жеткізіліп жатыр.
Зауыт жұмысымен танысқан кезімізде, мұнда осы заманғы швед құрылғылары орнатылғанын көрдік. Айтпақшы, сүт өнімдерінің сапасы оның қапталуына да қатысты екен. Бұл орайда да зауыттың барлық талапқа сай келетін заманауи құрылғыларды пайдаланатынына көз жеткіздік. Сүт орамында май мен ақуыздың нақты мөлшері көрсетіледі. Зауыт шикізатты Ақмола және Солтүстік Қазақстан облыстарының тауарлы сүт фермаларынан сатып алады. Күніне 60-70 тонна сүт өңдейді. Сүт, сүт сусындары, қаймақ, ірімшік, айран, сарымай, балқытылған сыр тәрізді өнімнің бірнеше түрін дайындайды.
Малсақ қауымның сүтін жинау жағы ғана баяу. Себебі сапасы күмәнді. Жинап көрген. Сүтте жағымсыз иіс болғандықтан, ауыл тұрғындарының еңсесін көтеретін табыс көзіне қарайласа алмай отыр. Ұйымдасқан тауарлы сүт фермаларында сапаға мән беру әлдеқайда жақсы. Өз өнімдерінің мінсіз болуын көздегендіктен, серіктестік бұл тарапта әліптің артын бағуда. Ол үшін әрине, кінәлауға болмас.
Өңір Астананы азық-түлікпен қамту белдеуінде болғандықтан, ортақ іске қомақты үлес қосып келеді. Астана тұрғындары ғана емес, мегаполистің іргелес аудандары да қамтылған. Ауызекі тілде Садовый сүт зауытының өнімдері деген бейресми атаққа ие сүт өнімдерінің бүгінгі күні еш күмән тудырмайды. Кез келген сүт өңдеушілер үшін ең үлкен мәселе – шикізат. Зауыт бұл сұрақтың шешімін тапқан. Өздерінің мал фермалары бар. Қолдан ұрықтандыру арқылы жұмыс істейтіндіктен, өзге тауарлы сүт фермаларының сиырлары суалған уақытта өздерінің сүті бұлақтай сиырлары сауылып тұрады. Бұл жайды басқаларға мысал болуы үшін жазып отырмыз.
Облыс орталығының іргесінде орналасқан кәсіпорын жұмысшыға зәру емес. Орташа айлық табыс 350 мың теңгенің төңірегінде. Негізінен Садовый ауылының тұрғындары жұмыс істейді. Ал Көкшетау қаласынан келіп қатынап істейтін адамдар зауыт көлігімен тасымалданады. Түскі, кешкі асы тегін. Әр жұмысшының отбасындағы адамдарға шақтап сүт өнімдерін тегін береді. Жыл сайын ауылдағы білім ошағына қамқорлық қолын созу дәстүрге айналған. Биыл да 10 оқушыны мектепке дайындапты. Қарттар күні, Наурыз мерекесі тәрізді жалпыхалықтық шаралардан шет қалып көрген емес. Күре жолдан сәл қағыс жатқан ауылдағы бір мәселе ұзындығы 1 235 метр болатын жолды жөндеу еді. Тұрмыстық-әлеуметтік жағдайды жақсартуға септігі тиіп отырған серіктестік жобалау-сметалық құжаттарын дайындауға қаражат бөлген. Жөндеу жұмысы жүргізілген кезде есепке енбей қалған жол бөлігін өз күшімен жөндеп берген. Қыс бойы ауылдың ішін, күре жолдың бойын іргедегі Елікті елді мекеніне дейін қардан тазалау өз мойындарында. Абаттандыру, көгалдандыру мәселесіне де жауапкершілікпен қарап отыр. Таяуда ауылдағы мешітке 3 млн теңге көлемінде қаржылай көмек көрсетіпті.
Аудан бюджетіне өндірілген өнімнің көлеміне сәйкес қомақты салық төлеумен қатар, зауыт орналасқан елді мекеннің ажарына айтарлықтай үлес қосып, тұтынушыларды таза, табиғи өніммен қамтамасыз етіп отырған серіктестіктің жұмысы өнімді. Ең бастысы, ел ырыздығы талапқа сай. Ал табиғи таза өнім – бүгінгі тұтынушының ең басты талабы.
Ақмола облысы,
Зеренді ауданы