• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
27 Қаңтар, 2015

Сәбең сыры мен Ғабең ғибраты

357 рет
көрсетілді

Жуырда Алматыдағы Сәбит Мұқанов пен Ғабит Мүсіреповтің әдеби-мемориалдық музей кешені­нің директоры, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреа­ты, ақын Әділғазы Қайырбековтің «Тұлғалар тағылымы: Сәбит пен Ғабит» атты кітабы жарық көрді. Кітапқа қазақ әдебиетінің қос клас­сигі, өмірде де, өнерде де жұп­тары жазылмаған жазу­шылардың ғұмы­ры мен шығар­машылығы, өскен ор­тасы мен қызмет кезеңдері, әдеби мұра­лары мен музейдегі жәдігерлер, қоғам­­дық-әлеуметтік, азаматтық-қалам­­герлік тұлғалары жан-жақты арқау болған. «Шәкәрім қажының Сәбеңе хаты», «Михаил Шолохов пен Сәбит Мұқанов», «Зар-мұңымды ұққан Затаевич», «Кенекең мен Сәбең», «Ғабеңнің тағдырлы төрт хаты», «Ғажайып Ғабең», «Шоқан шық­қан шың», «Жамбыл-жырдың жанашырлары», «Батырлар жыры бауырластырған С.Мұқанов пен М. Ғабдуллин», «Ботагөз – Гүлфайрус», «Б.Майлин мен Ғ.Мүсірепов: шы­ғар­машылық байланыстар», т.б. ғылыми-зерттеу мақалалар, эсселер, ой-толғамдар, сыр-сұхбаттар негізгі тақырып – Сәбең сыры мен Ғабең ғибратына үйіріп алып келіп отырады. Автор әдебиеттің қос алыбының музейлеріндегі қарапайым жәді­герлерден, сар­ғайған хаттар мен көне фотосуреттерден көл-көсір әңгіме өрбітіп әкетеді. Ғасырға жуық ғұмыр кешкен, ел анасы атанған Мәриям Мұқанкелінінің сүйікті жары туралы, ел мен жер, әдебиет пен әлеумет туралы ағытқан сырлары да қымбат. Кітаптың соңын­да әрбір мақалаға ғылыми түсі­нік­теме берілген. Академик-жазу­шы­лардың тұлғаларын жаңа қыр­лары­нан тануда, қаламгерлік қарым­дарын ой сүзгісінен өткеруде, озық өнегелерін келер ұрпаққа жеткізуде бұл еңбектің қосар үлесі қомақты. Назгүл АЛТАЕВА.