Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев экономика сегментінде тағдырлас жобаларды жүзеге асыруымыз керектігін жиі айтады. Солардың ішінде металдарды терең өңдеу, мұнай, газ және көмір химиясы, ауыр машина жасау, уранды қайта өңдеу мен байыту, автомобиль бөлшектері, тыңайтқыштар өндірісі секілді салаларға баса назар аудару қажет.
Сарапшылар экономиканы қолдауға арналған көптеген мемлекеттік бағдарламаны қаржыландыруды қысқарту керектігін қашаннан бері айтып жүр. Болашағы бар жобаларға ғана басымдық берілсе, ел ішінде өндірілген тауарлар кепілдендірілген нарыққа ие болары анық.
Ресми ақпараттарға қарағанда, биыл қаңтар-шілде айлары аралығында өнеркәсіп өндірісінің индексі машина жасауда 104,7%-ды құраған. Бізде негізінен шетелдік техниканы пайдалану арқылы ірі мұнай қорын игерсе, көптеген елде мұнай өндіру өздерінен шыққан мұнай-газ машина жасау базасының дамуына түрткі болып отыр. Біздегі бұл сала әлі де баяу дамып жатыр. Соңғы уақытта сорғы мен компрессор бөлшектері, кран, вентиль, құбырға арналған арматуралар, цистерналарды өндіру жолға қойылды. Таяуда жапқыш клапан, компрессорлық және гидроциклондық жабдық, бұрандалы айдау жүйесі мен мұнай-газ жабдықтарының өндірісін кеңейту жүзеге аспақшы.
Кейінгі кезде автомобиль өнеркәсібі қарқын алып, көлік құрастырудың күрделі деңгейіне көшу танымал шетелдік брендтердің шағын жинағын шығару жоспарланды. Мемлекеттік қолдау аясында 2027 жылға қарай шағын қондырғыларды құрастыру үлесін жалпы өндірістің 50%-ына дейін жеткізу қарастырылған. Автокөлік бөлшектері базасын дамытуда Қостанай мен Алматы қалаларының шағын индустриялық аймақтарында орындық, пластикалық бөлшек және мультимедиялық жүйелерді шығару жобалары қолға алынды.
Сонымен қатар бастапқы шикізатты ішкі өңдеуді дамытуға айрықша көңіл бөлініп жатыр. Ірі тау-кен өндіруші компаниялар бастапқы алюминий мен мыс шикізатын отандық өңдеуге мүмкіндік беретін 25 келісімге қол қойды. Өткен жылы алюминийді өңдеу көлемі 51 мың тоннаны құрады. Бұл көрсеткіш алдыңғы жылмен салыстырғанда 20%, 2021 жылмен салыстырғанда 70%-ға артық. Осы жылы өңдеуді 72 мың тоннаға дейін жеткізу жоспарда бар көрінеді. Абай облысында өңдеуді ұлғайтуға жылына 300 мың тонна мыс өндіретін мыс балқыту зауытын салу жоспарланған. Мамандар зауыт мыс кеніші мен заманауи мыс балқыту зауытын біріктіретін кластердің бір бөлігіне айналатынын, ең ірі кәсіпорынды іске қосу арқылы 2029 жылға қарай мыс өндіру көлемін 450 мыңнан 750 мың тоннаға дейін арттыру жоспарланғанын айтады.
Ал болат өнеркәсібі «қайта іске қосылуға» дайындалу үстінде. Қарағандылық алпауыт «Қармет» қазақ игілігіне қайта оралып, болат өндіруді 10 млн тоннаға дейін арттыру арқылы өз қызметін кеңейтуді көздеп отырған жайы бар. Үкімет «Қазақсталь» арнайы мақсаттағы болат өндіру бойынша да жаңа жобаларды қолға алды. Ішкі нарыққа теміржол техникасы, мәселен, локомотив, вагон мен қосымша құрамдас бөліктердің қажеттіліктері уақытында жеткізілуі тиіс.
Құрылыс индустриясында отандық өндірушілер бүгінгі күні ішкі нарықтың негізгі құрылыс материалдарына, оның ішінде бетонға 100%, цементке 93,7%, құрғақ құрылыс қоспаларына 98,3% қажеттілікті өтеп отыр деуге болады. 2029 жылға дейін 170 жаңа жобаны жүзеге асыру көмегімен санитарлық-техникалық бұйым, еден төсеніші, талшықты цемент панелі, тұсқағаз, керамикалық плитка, қаптау кірпіші, жылу оқшаулағыш, шатыр және қасбеттік материалдар өндірісі құрылыс саласындағы жергілікті қамту үлесін 85%-ға дейін арттырмақшы.
Сондай-ақ электр жабдықтарын шығаруға да көңіл бөлініп жатыр. Ішкі жалпы өнімдегі бұл өндірістің үлесі тым төмен. Үкімет дайын өнімді жеткізу арқылы ғана емес, сонымен қатар жекелеген тауар ассортиментін жергілікті өндіру арқылы шетелдік өндірушілерден максималды табыс алу міндетін қалайды. Сондықтан Саран қаласындағы жұмыс істеп тұрған «Silk Road Electronics» ЖШС кәсіпорны негізінде қытайлық «HKC Corporation», оңтүстіккореялық «Samsung Electronics» сияқты жаңа инвесторларды тарту арқылы тұрмыстық техника өндірісі құрылды.
Үкімет өңдеуші өнеркәсіптің басым бағыттарында қосылған құны жоғары кластерлерді құруда ірі жобаларды жүзеге асыруға кіріскен. Атап айтқанда, металлургия және химия өнеркәсібі, мұнай-химия, автомобиль өнеркәсібі және басқа салаларда 17 жоба бар. Бұл бастамалар шикізатты терең өңдеуге және тұтастай алғанда экономиканың тұрақты өсуіне ықпал ететін ілеспе салаларды дамытуға бағытталып отыр.