Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында Мемлекет басшысының «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына Жолдауын іске асыру жөніндегі Жалпыұлттық іс-шаралар жоспарының жобасы қаралды. Сондай-ақ отырыста жұмысшы мамандықтары бойынша кадр даярлау және олардың біліктілігін жетілдіру, аталған кәсіптердің беделін арттыру жөніндегі шаралар талқыланды.
Әлеуметтік жағдайды жақсарту ескерілген
Құжатты Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров ұсынды. Жоспар экономиканың орнықты өсуін қамтамасыз етуге және азаматтардың әлеуметтік жағдайын жақсартуға бағытталған 76 іс-шарадан тұрады.
Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау мақсатында білім беру, денсаулық сақтау және спорттың қолжетімділігі мен сапасын арттыру, оның ішінде қаржыландыру реформасы мәселелері жөніндегі шаралар көзделген. Аталған мақсаттарда мемлекет-жекеменшік әріптестік тетігін, «әлеуметтік әмиян» құралын пайдалану, білім гранттарын саралау және басқа да тетіктерді қолдану қарастырылған. «Ақша баланың соңынан жүреді» қағидаты бойынша мемлекеттік тапсырыс шеңберінде мектепке дейінгі тәрбие мен оқытуды қаржыландырудың сараланған тәсілі моделіне ерекше назар аударылды.
Келесі жылы жұмысшы мамандықтары жылын өткізу бойынша жекелеген іс-шаралар көзделген.
Өнеркәсіп саласында отандық шикізат пен компоненттерді барынша пайдалану, жүйе құраушы кәсіпорындардың айналасында ілеспе өндірістер құру және басқаларды ескере отырып, ірі жобалар жүзеге асырылады. Агроөнеркәсіп кешені желісі және «Ауыл аманаты» жобасын іске асыру бойынша жекелеген шаралар қабылданатын болады.
Сондай-ақ жоспарға энергетика және коммуналдық шаруашылықтағы инфрақұрылымдық мәселелерді шешу, теміржол жүк тасымалының реттелетін тарифтерін алдағы 3 жылда рентабельділік деңгейіне дейін бекіту, су қауіпсіздігін қамтамасыз ету, ЖИ енгізу, Жолдаудың басқа да бағыттары қамтылған.
Премьер-министр ұсынылған Жалпыұлттық іс-шаралар жоспарының жобасы Мемлекет басшысы қойған міндеттерді сапалы әрі жедел шешуге бағытталғанын баса айтты.
«Басты міндет – Жоспардың іс-шараларын тиімді және уақтылы орындау. Үкімет пен әкімдіктер экономиканың орнықты өсуін қамтамасыз ету және азаматтарымыздың әлеуметтік жағдайын жақсарту бағытында белсенді шаралар қабылдайтын болады. Жоспарда көрсетілген заң жобаларын уақтылы әзірлеу қажет. Оған сарапшыларды тарта отырып, терең талдау және талқылау жүргізу керек», деді О.Бектенов.
Үкімет басшысы қаржыландыру мәселелерін жете пысықтауды тапсырды. Артық шығындардан бас тартып, бюджет қаражатын бірінші кезектегі және стратегиялық мақсаттарға ғана бағыттау керек.
Мәселені қарау қорытындысы бойынша дауыс беріліп, нәтижесінде, Жалпыұлттық жоспар жобасы бірауыздан қолдау тапты. Ұлттық экономика министрлігіне Үкімет аппаратымен бірлесіп, Мемлекет басшысының тиісті Жарлығының жобасын Президент Әкімшілігіне енгізу тапсырылды. Премьер-министрдің орынбасарларына жоспар бойынша бекітілген тармақтардың іске асырылуын бақылауды және үйлестіруді жүктеді.
Кәсіптік-техникалық білім жаңарады
Отырыста жұмысшы мамандықтары бойынша кадр даярлау және олардың біліктілігін жетілдіру, сондай-ақ аталған кәсіптердің беделін арттыру жөніндегі шаралар талқыланды. Мәселеге қатысты Оқу-ағарту, Ғылым және жоғары білім, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлері баяндама жасады. Сондай-ақ «Атамекен» ҰКП төрағасы Райымбек Баталов және өңірлік колледж басшылары тыңдалды.
2025 жыл «Жұмысшы мамандықтары жылы» деп жарияланып, кәсіптік-техникалық білім беруді елеулі түрде қайта жаңарту жоспарланып жатыр. Аталған өзгерістер кадрлар даярлауға заманауи жағдай жасауға бағытталған. Бүгінгі таңда 772 колледжде 15 бағыт бойынша мамандар даярланып жатыр. Жұмысшы мамандықтары бойынша жұмысқа орналасу деңгейі 70%-ға жетеді.
Үкімет басшысы экономиканың орнықты өсуі мен жаңа өндірістерді ашу кезінде елімізде білікті жұмысшылардың жетіспейтінін атап өтті. Білікті кадрлар даярлау – мемлекеттік саясаттың маңызды басымдығы болып қала бермек. Сондықтан еңбек нарығының, бизнестің және білім алушы жастардың мүдделері мен қажеттіліктерін ескеретін жүйелі шаралар кешенін әзірлеу керек.
Кейінгі жылдары кәсіптік техникалық білім жүйесін дамытуда бірқатар прогрессивті қадамдар жасалды. Қазір колледждер жұмысшы мамандықтары бойынша тегін оқытылады. Кадрлар даярлауға арналған мемлекеттік тапсырыс көлемі айтарлықтай ұлғайтылды. Бұған дейін колледждерге бюджет есебінен жыл сайын 93 мыңға жуық студент қабылданып келсе, осы жылы олардың саны 142,5 мыңға дейін жетті. Биыл колледж студенттерінің стипендиялары 50%-ға өсті. Сонымен қатар білім ұйымдарының материалды-техникалық базасын жақсарту бойынша жұмыстар жалғасып жатыр. «Жас маман» жобасы аясында 180 колледжді қайта жарақтандыру үшін республикалық бюджеттен 48 млрд теңге бөлінді.
Премьер-министр қабылданған шараларға қарамастан, кадр даярлаудағы әлеуеті жеткілікті түрде ашылмағанына – кәсіптік-техникалық білім беру жүйесін жаңарту қажеттігіне назар аударды.
«Халықаралық салалық стандарттар мен сертификаттауды белсенді түрде енгізу қажет. Ол үшін Оқу-ағарту министрлігі жұмыстың сапасына тәуелсіз бағалау жүргізуі керек. Сондай-ақ технологиялық көшбасшыларды айқындай отырып, колледждерді кәсіби бейімдеу мен саралауды аяқтауы қажет», деп атап өтті О.Бектенов.
Білім ұйымдарын ынталандыру жүйесі мен белгіленген KPI колледждерді оқу сапасын арттыруға талпындырады.
Негізгі міндет – техникалық және кәсіптік білім беруді реформалау бойынша кешенді жоспар әзірлеу. Тиісті тапсырма мүдделі мемлекеттік органдармен, әкімдіктермен, «Атамекен» палатасымен бірлесе орындауға Оқу-ағарту министрлігіне берілді. Құжат колледждерді техникалық жағынан қамтамасыз ету, оқытушылар құрамы мен оқу бағдарламаларына қойылатын талаптар, колледждердің жұмыс сапасын бағалау және оларды қаржыландыру бағытында нақты шараларды қамтуға тиіс.
Сондай-ақ Үкімет басшысы университеттер мен колледждердің білім бағдарламалары арасындағы сабақтастықты қамтамасыз ету қажеттігін айтты. Бүгінде еліміздегі 30 жетекші жоғары оқу орны сәйкес білім бағдарламаларын жүзеге асыратын 100-ден аса колледждермен серіктестік орнатқан.
«Дуальды оқытуды белсенді дамытып, мемлекеттік тапсырыс шеңберінде кадрларды нақты кәсіпорындарға мақсатты даярлау жүйесін кеңейту қажет. Колледждер жастарымыз бен жұмыс берушілер және инвесторлар үшін «тартылыс орталығына» айналуға тиіс», деді ол.
Еңбек министрлігіне «Атамекен» палатасы салалық мемлекеттік органдармен бірлесіп, тиісті еуропалық жіктеуіш негізінде Цифрлық дағдылар банкін, ал Ұлттық біліктілік жүйесінің цифрлық платформасы негізінде түлектердің жұмысқа орналасуына жәрдемдесуге сертификатталған колледж түлектерінің тізілімін құру тапсырылды. Аталған цифрлық шешімдер түлектерді жұмысқа орналастыру үдерісін жақсартуға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар Премьер-министр кәсіпкерлік блокті оқу үдерісіне тартудың және жұмысшы кәсіптері бойынша кадрлар даярлаудың маңыздылығын атап өтті.
«Әлемдік тәжірибе көрсетіп отырғандай, кадр даярлау сапасы мемлекет, кәсіпорындар мен оқу орындары арасындағы жауапкершіліктің ара-жігін нақты бөлу есебінен қамтамасыз етіледі. Сондықтан біз бизнестің осы үдерістегі рөлі мен белсенділігін арттырғымыз келеді. Біздің бірлескен жұмысымыздағы ең басты мақсат – колледж түлектері еңбек нарығында сұранысқа ие болып, лайықты жалақы алуға тиіс», деді О.Бектенов.
Жұмысшы мамандықтарының мәртебесін арттыру және кәсіптік-техникалық білім жүйесін дамыту жөніндегі жұмыс шеңберінде Оқу-ағарту, Ғылым және жоғары білім министрліктеріне ұқсас мамандықтар бойынша университеттерде оқуын жалғастырып жатқан колледж түлектеріне арналған гранттар санын ұлғайта отырып, мемлекеттік тапсырыс құрылымын қайта қарау туралы тапсырма жүктелді.