• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Айбын 11 Қыркүйек, 2024

Қаһарман қағидаты

134 рет
көрсетілді

Болар елдің баласы бірін-бірі батыр дейді. Халық шын батырын танып жатса, ел ынтымағы мен ауызбірлігінің артқаны, әділдіктің салтанат құрғаны. Жаугершілік заманда елі мен жерін қорғаған, ал бейбіт күнде халқына өлшеусіз қызмет қылған майталмандар аз болмаған. Сол жақсылардың бүгінгі жалғасы – «Халық қаһарманы» атағын алып отырған көрнекті мемлекет қайраткері Сәт Тоқпақбаев.

Сәт Бесімбайұлы 1939 жылы Алматы облысы, Іле ауданы­ның ҚазЦИК ауылында дүниеге келген. Өзінің «Жаным садаға» атты ғұмырнамалық кітабында: «Шынында өмірге келген кү­нім 6 қыркүйек, ал құжаттарда 17 қыр­күйек деп көрсетілген. Ол – қате, әрине. Себебі 10-сыныпта оқып жүрген кезімде жеке куә­лік алайын деп алғаш берілген туған куәлігімді іздестіріп едім, таба алмадым. Жоғалтып алыппын. Іле ауданының орталығына барып, ЗАГС органдарынан сұрасам, маған олар 17 қыркүйекте туған­сың деп жазып берді», дейді.

Алматы қаласында орта мек­тепті бітірген соң, 1963 жылы С.М.Киров атындағы Қазақ мем­лекеттік университетінің заң фа­культетін заңгер мамандығы ­бойынша, КСРО МҚК №302 Минск мектебін, 1971 жылы КСРО СІМ Жоғары дипломатиялық мек­тебін тәмамдайды.

Аталған ғұмырнамалық кіта­бында әкесі Бесімбай шаруаға аса ұқыпты, жұртқа сөзін өткізген, елге сыйлы кісі болғанын жазады. «Көзін көрген кісілердің айтуынша, ол кісі жұрттың шар­уа­сы немесе өз шаруам деп ешқашан бөліп жармайды екен, барлығын бейне өзінікіндей көріп, бел шешіп, білек сыбанып, кірісіп кететін көрінеді. Ортақтың ша­руа­сы десе, күш-жігерін аяма­ған. Жетім-жесірге, мүгедек, кем­бағал кісілерге қамқор­лығы айрықша болыпты. Кешегі қиын-қыстау жылдары басына іс түс­кен кісілер: «Отбасымда талшы­ғым болмай отыр», деп қол жайып сұрап келсе, қазанындағы асы­на дейін ақ жарылып салып беретін сақы мырза болыпты», деп еске алады.

Осынау әкесінің ел мақтаған игі қасиеттері баласының бойы­на да дарыған болса керек. Өйт­кені Сәт Бесімбайұлы да еліне, жеріне қызмет қылды, халқынан барын да, нарын да аямады. Оқуды аяқтаған соң саналы ғұмырын ел мүддесіне арнап, үлкен еңбек жолдарынан өтті. Алғашқыда 1956 жылы Алматы облысы, Іле ауданының «Комсомол» ұжым­шарында жұмысшы болып, кейін Боралдай кірпіш зауытының вагоншы-жұмыскері, Алматы облыстық прокуратурасының тергеушісі, КСРО МҚК кадрлық офицері, МҚК басқармасының бастығы лауазымына дейінгі қыз­мет жолынан өтті. Еліміз тәуел­сіздік алғаннан кейін 1991 жылдың қараша айынан Алматы қаласы және Алматы облысы бойынша МҚК басқармасының бастығы лауазымына тағайындалады. 1993 жылы алдымен Ұлттық қауіп­сіз­дік қызметі төрағасының бірін­ші орынбасары, осы жылдың желтоқсан айында ҰҚК төр­ағасы лауазымын қолына алды. Соны­­мен қатар Президент Күзет қызме­ті­нің бастығы – Рес­публика­лық гвардия қол­басшысы, Рес­пуб­лика­лық гвардия қолбасшысы ­қызмет­терін атқарып, одан жоғары көтеріле келе 1999 жылы еліміз­дің Қорғаныс министрі болып тағайындалды.

Жаңа мыңжылдық бастал­ған жылдары Президент кеңес­шісі – Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес және Қазақстан Республикасы мемлекеттік қыз­меткерлерінің қызмет әдебін сақ­тауы жөніндегі комиссияның, Президент жанындағы Аза­мат­тық мәселелер жөніндегі ко­миссияның, «Еуро-Азия Эйр Ин­тернэшнл» ААҚ Халықаралық еуразиялық әуе компаниясы директорлар кеңесінің төрағасы болып еңбек атқарса, 2007 жылдан төртінші шақырылымдағы Мәжіліс депутаты болды.

Жас тәуелсіз мемлекет үшін қауіпсіздік мәселесі – ең басты орында. Сәт Бесімбайұлының алдымен Ұлттық қауіпсіздік ко­ми­тетінде, кейін Қорғаныс министрлігінде қызмет еткен жыл­дары азат еліміздің буыны бекіп, бойын тіктей бастаған жылдарымен тұспа-тұс келді. Әлемдегі көлемі жағынан тоғызыншы территорияны иемденіп отырған жаңа мемлекеттің аяққа тұруын қаламайтын, мүмкіндік болса, ша­лып жығуға дайын тұрған түр­лі күштер жоқ емес еді. Аталған екі қызметте де бү­гінгі Халық қаһарманы бастаған қырағы ұжым қыбыр еткеннің бәрін қалт жібермей, елдің іргесін, жердің тұтастығын сақтау жолында аянбай еңбек етті.

Сәт Тоқпақбаев екінші мың­жылдық аяқталар тұста Қорға­ныс министрлігінің басшылығы­на ­кел­ген уақытта 1992–1993 жыл­дары басталған ауыртпалық әлі де әскер саласына салмағын салып тұрған-ды. Ол біздің газетке берген бір сұхбатында жағдай­дың оңай болмағанын бір мысал­мен келтіреді: «Қызметіме кіріске­сін үш айдан кейін Қауіпсіз­дік кеңесінде қорғаныс саласы мәселесі қаралатын болды. Ол кезде әскери оқу-жаттығулар өткізіле бермейтін. Танкісі атып, ұшақтары ұшпайтын әскер болушы ма еді. Ақша жетпей, тамақ­тың өзін әрең беріп отырған кез. Мен әскер басына келгенде солтүстік өңірлердегі гарнизондарда жатын орындардағы температура 12-14 градустан ас­пайтын. Сол жерде бір капитан­мен сөйлестім. Әлгі офицер өзінің оқу бітіріп, әскери бөлімге келгеніне жеті жыл болғанын, бар тапқан-таянғаны балабақшаға жұмсалатынын, зайыбының жұ­мыс істемейтінін, сондықтан да ең­бек демалысында ешқайда шыға алмайтынын айтқан еді. Соның барлығын Президентке жеткіздім. Қауіпсіздік кеңесінің отыры­сы­нан кейін ішкі жалпы өнімнің ­1 па­йызын қорғаныс саласына ­беру туралы шешім шығарылды», деп айтады.

Сәт Бесімбайұлы қорғаныс саласын басқарып тұрған жылдары елімізде екінші рет Әскери доктрина қабылданды. Өмір бір орнында тұрмайтыны секілді әскер саласының доктринасы да уақыт талабына сай өзгеріп тұ­руға тиіс. Сол кездегі Қорғаныс ми­нистрлігінің басшылығы бей­біт саясат ұстанатыны­мыз­ды көрсететін доктрина дүние жү­зіне ашық болғанын алға тартады. Сәт Тоқпақбаевтың өзі ат­са­лысқан құжатты әзірлеу бары­сында НАТО-ға мүше, мүше емес елдер мен отандық үкіметтік емес ұйымдар пікірлері жан-жақ­ты ескеріледі. Оған дейінгі әске­ри құжатта кеңестік жүйенің ұста­нымы басым болып, әскеріміз Семей өңірінде ғана шоғырлан­ған-ды. Доктринаны әзірлеу барысында әскерді төрт округке бө­леді. Бір әскери округ сол Семей­де қалса, екіншісі – Таразда, үшін­шісі Ақтөбеде және соңғы­сы Қарағандыда ашылды. «Бір сөз­бен тұжырымдап айтар болсам, ел­дің тәуелсіздік тарихымен бір­ге Қарулы Күштері де аяғынан нық тұрып, дайынды­ғы жоғары дең­гейге көтерілді», дейді ол.

Сәт Бесімбайұлы лауазымды қызметтерде атқарған еңбегі­нен бөлек, жастарды отансүйгіш­тік­ке, алғырлыққа, батылдыққа тәрбиелеуге қосқан үлесінің өзі – бір төбе. Ол әрбір кездесуінде, сұхбаттарында ел мен жерді қор­ғаудың әр қазақ үшін абыройлы парыз саналатынын айтып келеді. Ал жердің шетін күзететін, ел басына күн туғанда жаумен алғаш болып бетпе-бет келетін күш әскер екені мәлім. Сондықтан әскери қызметкер болу – жауапкершілігі мол қызмет.

«Ол үшін өзіңді ылғи дайындық үстінде ұстау керек. Біліміңді үнемі жетілдіріп, жігеріңді жанып отыруға тиіссің. Жастарға айтарым: еліңді, Отаныңды сүй, соған қызмет ет. Елге жасаған еңбек еш кетпейді. Сексенге қараған шағымда еліме қажет болсам, әлі де қызмет етуге дайынмын», дейді ол.

Қорғаныс саласымен қоса, Сәт Бесімбайұлының ұлттық қауіпсіздік саласына да сіңірген еңбегі зор. Шын мәнінде бұл екі саланы бір-бірімен сабақтасып жатыр деуге болады. Екеуінің де мақсаты, түптеп келгенде – елді қорғау, сыртқы күштерге тойтарыс беру. Өзінің әріптесі, ұлттық қауіпсіздік органдарының ардагері Ержан Исақұлов: «Оның өмірі мен тәжірибесі еліміздің қауіпсіздік саласын бекемдеуге жұмсалды. Сәт Бесімбайұлы «күштік құрылымдар» қатарына жататын, елдің қорғанысы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ететін төрт бірдей әскери санаттағы мемлекеттік органның егемен еліміздің мүддесі мен талаптарына сәйкес жаңадан құрылуына және қалыптасуына басшылық жасап, олардың тарихында өшпес із қалдырған, өмірдің қатал сындарынан аман өтіп, қызметі бағаланып, генерал-полковник дәрежесіне жеткен ұлтжанды азамат», деп бағалайды.

Жоғарыда біз кейіпкеріміз­дің «Жаным садаға» атты ғұмыр­баяндық кітабын тілге тиек еттік. Бұл еңбекті ол мерейлі 80 жасқа толу қарсаңында жазып, жарыққа шығарған еді. «Көбі «Кітаптың аты ерекше екен. Неге бұл атты таңдадыңыз?» деп сұрайды. Бұл кітапта еліміздің қауіпсіздігін қор­ғау жолындағы өз басымнан өткен оқиғалар мен замандастармен бірге атқарған істер жайлы айтылады. Болашақ ұрпақ бойында патриоттық сезім мен азаматтықты қалыптастырудағы әскери-патриоттық тәрбиенің маңызын түсіндіруге тырыс­тым. Расында, біздің Отанымыз біреу ғана, ол – Қазақстан. Еліміздің көркеюі, өркендеуі үшін әрқайсымыз өз қолы­мыздан келгенше үлес қо­суға тиіспіз. Ұрпағымыздың бо­йына жастайынан патриоттық сезімді қалыптастыра білсек, біздің ұтарымыз анық. Шынайы ниет болса, бәрін де жасауға болады», дейді ол бір сұхбатында.

Иә, адам баласы елдің ықы­ласына, халықтың қолдауына сол ел мен жерге деген махаббат арқылы ие болса керек. Халық қаһарманы Сәт Тоқпақбаевтың бойында осы асыл қасиет бар. Туған жерінің бұдан да биік тұғырға қонуы, ұшпаққа шығуы үшін талмай еңбек етті, алға қойған мақсаты­мыз­ға жетерінен ешқашан үмітін үзбеді.

«Қазақтың болашағы жар­қын. Себебі ең үлкен құндылық тәуелсіздік қолымызға тиді. Әлем­де өз Отаны, жері жоқ қанша­ма ұлт бар. Олардың кейбірінің саны тіпті 50 миллионға дейін жете­ді. Тарыдай шашырап төрт-бес мемлекетте өмір сүріп жатыр. Олар «Менің Отаным – осы!» деп айта алмайды. Ал біз қай жерде жүрсек те, арқамызда Қазақстан деген еліміз бар. Сондықтан біз үшін ең қымбаты – еліміздің тәуелсіздігі», дейді тағы бір сөзінде.

Елге қызмет етуді кәсіби, адами парызы санаған Сәт Бесім­бай­ұлына Пре­зидент Жар­лы­ғы­мен ең жоғары атақ – «Халық қаһарма­ны» ата­ғы­ның берілуін де сол ерен ­ең­бе­­­гінің өтеуі деп түсінеміз. Біз жақ­сы жаңалықты ести сала ке­йіп­кері­міздің өзіне хабарласып, бе­ріл­ген марапатқа қатысты пікірі ­мен әсерін білген едік.

– Бұны мен ең алдымен ха­лық­тың берген бағасы деп қа­был­даймын, – деп ағынан жарылды ол. – Біз оқуды бітіріп, қызметке кіріс­келі халықтың ортасында жүрдік. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы қиындықта да, қуанышта да елмен бірге болдық. Зейнетке шыққаннан кейін де әскер саласынан алыстаған емес­пін. Күні кеше Қонаев қала­сындағы әскери бөлімде болып, сарбаздармен кездесу өткізіп қайттым. Сондықтан бұл марапат – елдің берген сыйы. Халқыма рахмет айтамын.

Иә, халықтың жады – тасқа қашалған жазумен тең. Халықтың берген бағасы – шын баға. Іргелі істер ұмытылмайды, елге еңбегі сіңген есімдер ұлықталады.