Қорғаныс министрі, генерал-полковник Руслан Жақсылықов Алматыдағы «Арыстан» лицейінде білім алып жатқан тәрбиеленушілермен кездесіп, әскери мамандықтың сырымен бөлісті.
«Арыстан» мамандандырылған лицейінің бастығы, генерал-лейтенант Мұрат Майкеев оқу орнының жабдықталуы, тәрбиеленушілер үшін бос уақыттың ұйымдастырылуы, спорттық іс-шараларды өткізу үшін жасалып жатқан өзгеріс туралы айтып берді.
Қорғаныс министрі Руслан Жақсылықов казармаға, оқу кабинеттеріне, атыс тиріне, бокс және басқа да спорт түрлерімен айналысуға арналған спорт залдарында болды. Тәрбиеленушілер арасында жүзуден өткен жарысқа қатысқан жеңімпаздар мен жүлдегерлерді марапаттады.
Кездесуде жас жеткіншектерге Қарулы күштердің әр түріндегі қызмет ерекшеліктеріне қызығушылық танытып, осы тұрғыда мамандыққа бару және офицер ретінде қалыптасу туралы сұрақтар қойды.
– Біздің отбасымызда әскери адам болған жоқ. Әкем – мерзімді әскери қызметте болған кісі. Одан соң көп жылдар бойы ауыл шаруашылығында еңбек етті, ал анамыз мұғалім болып жұмыс істеді. Мен жүрек қалауымен әскери училищені таңдадым. Қызметте әрдайым спортпен шұғылдануға мүмкіндік болды. Қызметті мотоатқыштар взводының командирінен бастаған уақытта генерал болам деген ой үш ұйықтасам, түсіме кірмепті. Өз міндетімді адал орындауым, қиындықтарға мойымауым мені осы жетістіктерге жеткізді. Мен сіздерге әрдайым табанды болып, мақсаттарыңызды айқындап, спортпен шұғылдануға кеңес беремін. Сонда міндетті түрде жетістікке жетесіздер, – деді ол жас «арыстандықтарға».
Генерал-полковник Отанға қызмет ету құрметті де қасиетті парыз екенін атап өтіп, оларды Қарулы күштер қатарына қосылуға шақырды. Жастарға әскери институттарға түсу шарттары, лицейде оқығаннан кейін игере алатын әскери мамандықтар, оның ішінде шетелдік әскери оқу орындарында және әскерде қызмет еткеннен кейінгі жеңілдіктер туралы айтып берді.
Кездесу соңында лицей тәрбиеленушілері өз күшімен дайындаған концерт беріп, естелік суретке түсті.