Жамбы ату сайысына әлемнің 27 мемлекетінен келген 79 спортшы Этноауыл қалашығында Мажар, Азия, Түркі және халқымыздың дәстүрлі жауынгерлік өнері Жамбы ату стилі бойынша сынға түсіп, мықтыларды анықтап жатыр.
Дүбірлі доданың алғашқы күні әлемнің таңдаулы мергендері Мажар стилі бойынша сайысты. Бұл стильдің ерекшелігі – бір-біріне іргесі жапсарлас диаметрі 90 см болатын үш нысана қатар қойылады. Бұларды атпен шауып келе жатып атасыз. Қанша оқ жұмсайсыз оған шектеу жоқ. Тек оқ жіберуге арналған 100 метрлік өлшемінен шықпасаңыз болғаны. Ең бастысы, аттың шабысы ме мергеннің ептілігі үйлесім тапқаны ләзім.
Осылай таңнан бастап, күн ұясына қонғанға дейін жалғасқан бұл сайыстың бас мергені ретінде француз спортшысы Рафаэль Малет танылып, сайыстың алғашқы алтын медаль иегері атанса, екінші орынға моңғолиялық танымал жамбы атушы Алтынхуяг Нэргүй тұрақтап, күміс медальға қол жеткізді. Ал үшінші орын, қола жүлде тағы бір Франция елінен келген садақшы Гаэтан Блоге бұйырды.
Моңғолиялық мерген, атүсті садақ атудан әлем чемпионы Алтынхуяг Нэргүй.
Келесі күні мергендер Азия стилінен сынға түсті. Мұны халықаралық жарыстарда «Корей стилі» деп те айтады. Бұл күрделі сайыс түріне жатады. Арақашықтығы 30 метр болатын шаршы пішінді төрт бұрыш үш нысана қойылады. Оның біріншісінің бетін батысқа бұрып орналастырса, ортаңғы нысана тура қарап тұрады. Үшінші нысана әдеттегідей бірінші нысанаға қарсы, бетін шығысқа бұрып тұрады. Әрбір нысанада оқтың дарығанына қатысты ұпай берілетін арнайы өлшемдер бар.
Бұл стильдің бас мергені ретінде отандық жамбышы Батыр Бексауыт танылып, алтын медальға қол жеткізсе, екінші-үшінші орын, яғни күміс-қола жүлдеге тағы да өзіміздің кәнігі мергендер Айтбек Сарыбай мен Ералхан Айкөз ие болды.
Жарысты ұйымдастырушы Жамбы ату федерациясының атқарушы директоры Елнұр Исақұлов мырзамен хабарласқанымызда: «Бұл жолғы көшпелілер ойынына әлемнің түкпір-түкпірінен келіп қатысып жатқан жамбы атушы мергендердің дайындығы жақсы. Бірақ көпшілік көрерменге айта кететін дүние – жамбы ату өнерінде мергеннің мінген аты айрықша рөл атқарады, яғни ат жүрісінің жайлылығы мен тура бағытта жылдам қозғалуының мергеннің нәтижелі өнер көрсетуіне ықпалы зор», деді.
Осы орайда федерация өкілдері жарыс әділ өту үшін сырттан келетін мергендерге арнап 100-ге жуық жамбы атын дайындаған екен. Бұл аттарды мергендер лотереялық тәсіл арқылы таңдап мінген. Яғни «анаған жақсы ат бұйырды, маған осал ат кез болды» дейтіндей өкпеге орын жоқ.
Сөзімізді түйіндеп айтар болсақ, жамбы атушылар 10-11 қыркүйек күндері Түркі және қазақтың Жамбы ату стилі бойынша өзара мықтыларды анықтайтын болады. Жарыстың соңында жоғарыдағы төрт стиль бойынша медаль иегері атанған 12 мерген аса қомақты жүлде тағайындалған «Тайтұяқ» жамбыны ату түсіруден сайысқа қатысады деп күтіліп отыр.