• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Оқиға 11 Қыркүйек, 2024

«Пара беруге мәжбүр болған адам қылмыскер емес»: Перуашев орынбасарының ұсталғаны туралы пікір білдірді

113 рет
көрсетілді

Мәжіліс депутаты, «Ақ жол» партиясының жетекшісі Азат Перуашев партия төрағасының орынбасары Дмитрий Васильевтің ұсталуына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Egemen.kz.

Депутат Азат Перуашев Дмитрий Васильевтың қамауға алынғаны туралы ақпарат кеше ғана расталғанын мәлімдеді.

«Бұл ақпарат отандық БАҚ-та жарияланды, бірақ ресми мәлімдеме болған жоқ. Жұма күні ҰҚК-ға сауал жібердік. Ал кеше «Дмитрий Васильев ұсталды» деген ресми жауап алдық. Бізге оның адвокаттарын көрсетті, оларға хабарласуға тырыстық. Бірақ нәтиже болмады. Енді бүгін-ертең оларды табамыз деп үміттенемін. Адвокаттар беретін ақпаратқа сүйене отырып, не болып жатқанын түсінеміз», деді депутат.

Азат Перуашев істің мән-жайы анықталып жатқанын, сондай-ақ пара беруге мәжбүр болған адамның қылмыскер болып саналмайтынын алға тартқан.

«Қандай бап екені нақтыланбады. Бізге белгісіз қызметтік хаттар тараған сияқты. Дәлірек айтсақ, оған емес, Ұлттық ұланның лауазымды тұлғасына «пара алды» деп айып тағылған болуы мүмкін. Мұнда істің мән-жайын түсіну керек. Қылмыстық кодекстің 367-бабына сәйкес, пара беруге мәжбүр болған адам қылмыскер деп саналмайды. Параның бастамашысы кім болғанын анықтау керек. Не Васильев, не ол бопсалаудың құрбаны болды», деді Перуашев.

Еске сала кетейік, Ішкі істер министрлігі Ұлттық ұлан бас қолбасшысы орынбасарының ұсталғаны туралы ақпаратты растады. Хабарламада генерал-майор Константин Воронкиннің, сондай-ақ «Ақ жол» партиясы төрағасының орынбасары Дмитрий Васильевтің есімі аталған.