Астана қаласы күйші Дина көшесіндегі №8 үйдің қабырғасына белгілі журналист, жазушы Жылқыбай Жағыпарұлына ескерткіш тақта орнатылды. Өмірін өнегемен өрнектеп кеткен қоғам қайраткері бұл үйде өмірінің соңына дейін тұрған болатын.
Жылқыбай Жағыпарұлы Қарағанды облысы Қарқаралы топырағында дүниеге келді. Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтының тарих факультетін бітірген соң, Ақмола облыстық «Арқа ажары» газетінде 30 жылға жуық
жемісті еңбек етті. Ол шығармашылықпен айналысып қана қоймай, қоғамдық жұмыстарға да белсене араласып, бірнеше игілікті істің бастауында жүрді. Республикалық «Тіл және мәдениет» қоғамының құрылуына мұрындық болып, ұйымдастыру комитетінің төрағасы болды. 2007-2018 жылдары республикалық «Egemen Qazaqstan» газетінде қызмет істеді.
Ескерткіш тақтаның ашылу рәсімінде алғашқы құттықтау сөзді Алматы ауданы әкімінің орынбасары Нұрмат Әбдірайымов жеткізді. Ол Жылқыбай Жағыпарұлының қаланың рухани әлеуетін арттыруда ересен еңбек етіп, әсіресе қазақ мектептерінің көптеп ашылуына мұрындық болғанын атап өтті.
«Қазақ газеттері» серіктестігінің бас директоры, академик Дихан Қамзабекұлы Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетіндегі қызмет кезеңінде, Жылқыбай Жағыпарұлының талантты және талапты балаларға қолдау көрсетіп, жағдайы төмен жастарға көмек көрсетуге ұмтылатын ағалық қамқорлығын еске алды. Сонымен қатар «Egemen Qazaqstan» газетіндегі елеулі еңбегіне тоқталып, қаламгердің отбасына, ұрпағына амандық тіледі.
Жиын барысында ардагер журналист Жанболат Аупбаев, «Астана ақшамы» газетінің бас редакторы Еркін Қыдыр сөз сөйлеп, ақын Тортай Сәдуақасов қаламгер рухына арнаған өлеңін оқыды.