Ұрпақтан ұрпаққа ұласып, ұлттық мұраға айналған атакәсіптің сан түрі бар. Төрт түліктің жүні мен терісін кәдеге жаратып, сәні мен салтанатын келістіре киім тігудегі ісмерлердің шеберліктері том-том кітапқа арқау болары анық. Алайда мың бояулы жаңа ғасырда күнделікті тіршілікте киілетін тәпішкелерді қазақы технологиямен өндіруде алдына жан салмай, шеберлігі шыңдалған кәсіп иесі барын біріміз білсек, біріміз білмеспіз.
Отандық өндірістің дамуына қарлығаштың қанатымен су сепкендей үлес қосып, есімі елімізге ғана емес, алыс-жақын шетелге тәпішке тоқумен танылған қолөнер шебері Нұргүл Дәлелқан бұл күнде Жамбыл ауданының Қайназар ауылында тұрады. Қытай елінде дүниеге келсе де, 2000 жылдың басында атажұртқа қоныс аударған жас отбасы мал шаруашылығымен айналысқан. Алайда уақыт өте келе жастайынан ермек еткен тоқымасын дамытып, кәсіп көзін табуға ұмтылады. Алғашында әйелдердің әшекейлі қол сөмкелерін, басқа да әсемдік бұйымдарын тоқып, саудалап көрген ісмер жанның тұрмыстық заттарына сұраныс артады. Нарықтағы бәсекелестікке төтеп беретін бұйым шығаруды ұзақ ойлаған Нұргүл Дәлелқан өзінің шеберлігін дәлелдеп, тәпішке тоқуға кіріседі.
Қойдың, ешкінің, түйенің табиғи жүнінен аяққа жылы әрі жайлы етіп тоқылған, табаны сиыр терісінен әртүрлі өлшем мен пішінде тігілген экологиялық таза тәпішкелердің адам денсаулығына пайдалы екендігін тұтынушылар жақсы біледі. Сондықтан да шебердің қолынан шыққан отандық жеңіл аяқкиімдер көпшіліктің таңданысын тудырумен қатар, қызығушылығын арттырады.
«Қарға тұяқ, сынық мүйіз оюмен тоқылып жасалған жеңіл аяқкиімнің құрылымы жүз пайыз таза отандық табиғи өнім. Қойдың биязы жүні, ешкінің түбіті мен түйе жүнін жуып, иістен тазартып алған соң, ұршықтың немесе электрлі машинаның көмегімен иіріп аламыз. Содан соң табанына сиыр терісінен қос қабатты, жалаң қабатты, тұтынушы тапсырысына қарай кейбірін өкшелі етіп, әртүрлі өлшеммен табандар жасаймыз. Теріні отандық зауыттардан сатып аламыз. Бір табан жасау үшін екі өлшенген теріні біріктіреміз. Үстіңгі терінің бетіне ілмек бізбен тоқуға арналған тігісті айналдыра тігеміз. Одан кейін астыңғы терімен желімдесек бір табан дайын болады.Үш қабат жіппен тоқылған ұлтарақты жаңағы табанның үстіне тігілген тігіспен біріктіріп тоқимыз. Содан кейін ғана жеңіл аяқкиімнің үстін тоқуға кірісеміз. Ол үшін бірінші аяқкиімнің екі жанын аяққа ыңғайлы биіктікте көтеріп тоқып аламыз. Содан кейін үстіне ою өрнекті салу арқылы толық тоқып шығамыз», деген қолөнер шебері бұл іспен айналысқанына 20 жылға жуықтағанын алға тартты.
Осы уақыт аралығында ауылдағы еңбекке епті қыз-келіншектердің басын қосып, кәсібін жетілдіре түседі. «Саусақ бірікпей, ине ілікпейді» демекші, жұдырықтай жұмыла еңбектенуінің нәтижесінде қолөнерді дамытып, тоқылған өнімдерін түрлі байқауларға ұсынып, бағын сынамаққа бел буады.
Содан бері республикалық, халықаралық дәрежедегі бірнеше көрмеге қатысып, отандық өнімді насихаттаудан танбаған. Шебердің он саусағынан шыққан қазақы нақыштағы аяқкиімдерінің сапасына жоғары баға беріліп келеді. Тарқатар болсақ, 2010 жылы Павлодар қаласында өткен «Қанатты әйел-2» республикалық жәрмеңкесіне қатысып, мақтау қағазын иеленсе, бұл жетістік келесі жылы да жалғасын тапқан. Шағын және орта бизнесті дамытуда шеберлігі шыңдалған Нұргүл Дәлелқанның өнімдері 2013 жылы Түркияда 12 мемлекеттің қатысуымен өткен халықаралық көрмеде де лайықты бағасын алып, түркі халықтары мәдениет қорының мүшесі атанады. Осы жылы Италияда, одан кейін Орта Азия қолөнер шеберлерінің «Бәйшешектер гүлдегенде» атты көрмесіне қатысып, арнайы сертификат иеленеді. Сөйтіп, өндіріс өрісін кеңейтуге түбегейлі бет бұрады. Ешкімге ұқсамайтын өнім шығарып, өзіндік қолтаңбасын қалдыруға бар білім-білігін жұмылдырады. Қазақы қалыптағы тәпішкелеріне салынатын ою-өрнегін жетілдіріп, сапасын арттыруға тырысады. Хас шебер қолынан шыққан табиғи өнімдерін заман талабына сай етіп жасаумен қатар, оның 30 градустық қысқа уақытта кір машинада жуылуына да жарамдылығын тексеріп, тұтынушыға кемінде 3 жыл киіс беруіне лайықтап жасап шығуы, кәсіп иесі өнімдерінің бір күндік емес, мың күндік болуына баса назар аударатындығын аңғартады. Жұмсақ та жайлы етіп жасалған аяқкиімдері қыста жылы, ал жазда аяқты терлетпейтіндігімен ерекшеленеді.
Алдағы уақытта сапалы да табиғи өнімнің сатылымын жеделдетіп, өндіріс қуаттылығын арттырып, еңбек күшін жеңілдетудің жолдарын қарастырып, жоспарын жасап қойған кәсіпкер Нұргүл Дәлелқан ұлттық нақыштағы отандық өндірістің өрісін кеңейте түсеріне сенімді.
«Қырғыздың киізден жасалған қайқы бас тәпішкесі мен Моңғолияның түйе жүнінен тоқылған шұлығы әлемге танымал. Сол сияқты мен де қазақы ою-өрнекті аяқкиімді танымал еткім келеді», деген Нұргүл Дәлелқанның 2 тәпішкесіне Лондоннан тапсырыс түскен.
Осылайша, он саусағынан өнер тамған Нұргүл Дәлелқан ізденісін тоқтатпай, өзіндік өндіріс мектебін қалыптастыруға тырысуда. Шеберқол тұрмыстық заттарды көбінесе өзінің көркем ой, ұшқыр қиялымен жасайтындығын тілге тиек етті. Жиырма жылдың ішінде қолданбалы декоративті өнердің жоғары дәрежедегі шебері атанған ол, шағын кәсіпкерлікті дамыта отырып, жастардың шығармашылық ізденісін арттыруға, ауыл әйелдерінің қолөнермен тыңғылықты түрде айналысып, кәсібінен – нәсібін айыруға болатындығын ісімен көрсетіп келеді.
Өткен жылы өңірде алғаш рет ұйымдастырылған «Бір ауыл – бір өнім» көрмесінің жеңімпазы атанған қолөнер шебері Нұргүл Дәлелқанның оюлы тәпішкелері Астана төрінде өткен республикалық көрмеге қойылып, көп назарын аударған еді. Енді биыл кәсіпкердің жүннен тоқылған айрықша сапаға ие тәпішкелері Астана төрінде өтіп жатқан Көшпелілер ойындарының көрмесіне қойылып, көпшіліктің көзайымына айналмақ.
Алматы облысы