• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Пікір 12 Қыркүйек, 2024

Тынымсыз еңбек табысқа бастайды

51 рет
көрсетілді

Мемлекет мақсат еткен ықпалды Парламенттің құрылып жатқаны Президент сөзінен көрініс тапты. Осы жолғы Жолдауда көрсетілгендей, Салық кодексінің асықпай жан-жақты әрі кешенді түрде өзгертулер мен толықтырулар енгізу үшін кейінге қалдырылғаны өте құптарлық қадам болды. Өйткені салық салушылар мен төлеушілер арасында келіспейтін тұстар баршылық. Халық үніне құлақ асатын мемлекетте бизнес пен халықтың кедергісіз емін-еркін дамуы­на мүмкіндік беретін заңдар көбею керек.

Бюджет шығыстарын азайтып, кірістерін көбейту жолдары тағы да ұсынылды. Үкі­мет жаңарса да, Президент тап­сырмаларының түгел орындал­май жатқаны қынжылтады. Эко­­­но­миканы әртараптандыру арқылы бірқатар жетістікке қол жетті. Президент Үкімет пен әкімдерге еліміздің тұрақты дамуына мүмкіндік беретін жаңа тетіктерді тауып, экономиканың құрылымын өзгертуді тапсырды. Экономика өскен сайын әлеуметтік теңсіздіктің азайып, орта таптың күшейе түсетінін, кез келген істің тиімді өлшемі, әрбір шешім, әрбір жобаның ең алдымен елге пайдалы болуы керектігін ескертті.

Жолдауда нақты секторды не­сие­лендіру, яғни шағын және орта бизнесті қаржыландырудың шешімін таппағаны, бұның іскер­лік ортаның белсенділігіне, экономиканың тұрақтылығына және дәйекті дамуына кедергі келтіріп жатқаны айтылды.

Президент бүгін Үкімет пен Ұлттық банкке банктердің эко­номикаға көбірек қаржы құюын қамтамасыз ету үшін оңтайлы шешім қабылдауды ұсынды. Біздің банктер расында да ең көп пайда табады. Бұған жоғары өсімдер дәлел. Сондықтан банк акционерлерінен дивидендіне сәйкес салық төлеуін талап ету дұрыс талап. Екінші деңгейлі банктерді сауықтыру үшін кезінде мемлекет көп шығындалған. Әр алмақтың салмағы болады. Салықты халық та, басқа да ірілі-ұсақты бизнес өкілдері де әділ төлеп жатқанда, банктердің шет қалғаны әділетсіздік болады. Президент бұл бағытта банктер туралы жаңа заң қажеттігін атап өтті. Қос қолдап қолдайтын бастама деп есептеймін.

Сонымен қатар Президент экономиканы қарқынды дамыту үшін тек мемлекет қар­жысына сүйенбей, жеке инвес­тицияларды тарту арқылы іс­керлік белсенділіктің артуына қолайлы жағдай жасауды тапсырды. Мәселен, «Qarmet» металлургия комбинаты отандық инвестордың қолына тиген соң, ахуал тұрақталып, кәсіпорын жаң­ғыртыла бастаған. Бұл – Пре­зи­дент қабылдаған маңызды ше­шімінің жемісі. Былтыр тізімі жа­сақ­талған 17 ірі жобада өңдеу тәсілін мықтап меңгеруге басымдық берілген. Мемлекет басшысы меңзегендей өңдеу ісі жүзеге асырылса, ұлттық экономика алға жылжитын еді. Мұнай-газ-химия саласын одан әрі дамытуға баса назар аударылды. Нәтижесінде, полипропилен және полиэтилен шығаратын ауқымды жобалар жүзеге асырыла бастады. Президенттің өндірісті ғылыми негізде дамыту үшін ғалымдарды жұмылдыру идеясы тиімділігін дәлелдеді.

Елімізде газ тапшылығы ұзап барады. Көгілдір отынмен қам­тылмаған ауылдар мен тек газбен жүретін көліктердің қиналып жүргеніне үш айдан асты. Президент газ тасымалдау бағдарларын әртараптандыру және оның қуатын арттыру, тұрғындарды және экономиканы газбен қамтамасыз ету Үкіметтің басты міндеті екенін еске салды. Президент жылына 1 млрд текше метр газ өндіретін жаңа кен орындарын игеру жоспарланғанын, алайда бұл жобалардың толық іске қосылмағанын айтып, газды ішкі нарықты қамтамасыз ету үшін тиімді бөлу қажеттігіне тоқталды. Жаңаөзен, Қашаған және Қарашығанақтағы газ өңдеу кәсіпорындарының құрылысын жеделдету қазіргі қалыптасқан жағ­дайды шешумен қатар бола­шақ­та газ тапшылығын туын­дат­пауға қатысты қабыл­дан­ған құба-құп шаралар десек жаңылмаспыз.

Ақша да, басқа да жеткілікті кезеңде ауылдардың жабылуы әкімдерге сын. Президент әр жолы бюджеттің тиімді игерілуін талап етіп келеді. Ал кей әкімдер ауыл­дарды экономикалық тиімсіз деп танып, жабуға асығып жатыр. Биылғы Жолдауда тағы да инфрақұрылымға қатысты өзекті мәселелер көтерілді. Президент энергетика және коммуналдық шаруашылық саласын жаңғырту жөніндегі ұлттық жобаны жыл соңына дейін бекіту керектігін қадап айтты. Ауылдар мен қала­ларды инфрақұрылым, газ, энер­­гиямен қамтамасыз ету – бас­ты міндет. Осы салаларда тап­шылықты жойып, қажеттіліктерді өтеу шараларының қабылдануы, Президент айтқандай ауылдардың жабылуына сеп болмауы керек. Жыл сайын энергетика және коммуналдық шаруашылық саласына қыруар қаржы бөлінеді. Одан бөлек, тариф есебінен тартылатын монополистердің салаға салатын инвестициясы тағы бар. Алайда тариф өскенімен жаңғырту жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатқан жоқ. Ал тұтынушылар мен экономика өскен сайын энергияға сұраныс артып жатыр. Әлем ішкі сұранысты атом энергетикасы арқылы қамтамасыз етіп келеді. Дамушы мемлекеттерде бір емес, бірнеше атом электр стансалары жұмыс істеп тұр. Еліміздің тозығы жеткен ЖЭС-тері қажетті энергияны өндіруге жарамайды. Олардың өзін халықаралық талапқа сай көмірден экологиялық отынға көшіру керек. Газ қоры қашанға дейін жетеді? Сондықтан атом энергетикасын дамыту маңызды болып тұр. Бұл бағытта мамандар даярлау одан да маңызды десек те болады.

Маман демекші, өндірістік, физика, атомдық физика және басқа да қажетті салаларда маман жетіспейді. Тіпті мақта сортын реттеп, өнім көлемін арттыруға күш жұмсайтын маман жоқ. Алдыңғы Жолдауларда маман даярлау мәселесі көтерілген. Бұл тақырып әлі күнге өзектілігін жоймаған. Әлемнің дамыған елдері сияқты бір емес, бірнеше АЭС қажеттілігі туындаса, қалғанын салатын да өз мамандарымыз қажет емес пе? Сондықтан атом энергетикасын терең түсініп, саланы меңгеретін маман даярлауға азаматтар үлес қосса, нұр үстіне нұр болмақ. Қазір түрлі әңгіме тарағанымен игілігін көретін уақыт жеткенде қуанарымыз анық. Президент халық үніне құлақ асатын мемлекет ретінде АЭС салуды референдум арқылы шешуді жөн деп тапты. Бұл да болса Әділетті Қазақстанның қадамы деп білеміз. Ал алдағы жылдың «Жұмысшы мамандар» жылы болып жария­лануы мамандық иелеріне тың серпін береді деген сенімдеміз.

Кәсіптік білім саласын реформалау – уақыт талабы. Кезінде кеңес өкіметі орта арнаулы оқу орындарының түлектерімен-ақ өндіріс пен кәсіпорындардың тірлігін түлетті. Президент кәсіптік білім беру ісін реформалау – экономиканың өсімін қамтамасыз ету және инвестициялық тартым­дылығын арттыру үшін аса қажет қадам деп тапты. Жұмысшы мамандар қоғамға өте-мөте қажет әрі жоғары сұранысқа ие болып тұр. Жастарға мамандық таңдауда жөн сілтеу керек. Қаптаған заңгер пен экономистен не құқықтық, не экономикалық жүйе жөнге келмесе не пайда? Одан да елге де, өзіне де пайдалы мамандық таңдаған жөн. Шетелге кеткенде де сол қара жұмысты істейді. Бізде сол қара жұмыс күшінің еңбегі бағалана бермейді. Дизбалансқа әкеп жатқаны – осы себеп. Бәрібір де жұмыстың көзін тапқан адам байлықтың көзін табады. Ең бас­тысы, ол жұмысты сүйсініп істеу керек. Сонда ғана табанды еңбек табысты болады.

 

Қайрат БАЛАБИЕВ,

Мәжіліс депутаты