V Дүниежүзілік көшпелілер ойындарының төртінші күні де қызу тартысты додаға толы болды. Атап айтқанда, төрткіл дүниеден келген спортшылар көкпар, көк бөрі, теңге ілу, рowerful nomad, жамбы ату, құсбегілік, дәстүрлі садақ ату, алыш, арқан тарту, асық ату, тоғызқұмалақ секілді спорт түрлерінен сайысқа түсті.
Соның ішінде қазақтың жанына жақын спорттың бірі – садақ ату сайысы. Бұл шын мәнінде қазақ үшін тек спорт емес, ол – өнер, саламатты өмір салты және аса киелі сайман. Әлемде тоғызыншы орын алатын аумағымызды біз осы садақ пен найзаның арқасында қорғап қалдық.
«Арғымақ» ат-спорттық сауықтыру кешенінде дәстүрлі садақ атудан үшінші жарыс күні спортшылар 30 метр қашықтықтан жамбы атудан өзара кім мықтыны анықтады. Бұл жарысқа жалпы саны 120 садақшы қатысты. Біздің ел атынан Жәнібек Құлмырзаев пен Бақберген Сәлімов, Мақсат Әбдікерімов пен Қанат Қасымхан және Ербол Тәпенов жарыс жолына шығып, намысты қолдан бермеуге тырысты. Айта кетсек, Ербол Тәпенов кешегі жарыста күміс медаль еншілеген болатын.
Түске дейін өткен іріктеу жарысында Жәнібек Құлмырзаев пен Бақберген Сәлімов сыннан сүрінбей өтіп, финалдық кездесулерге шыққан болатын. Сол кезде біз Бақберген Сәлімовке жолығып, шешуші сын алдындағы көңіл күйі мен пікірін білдік. Оның айтуынша, осы спорт түрімен 3 жылдан бері айналысып келеді екен. Ол бүгінгідей сайысты ұйымдастырып, елдің мерейін тасытып отырған Президентімізге, басқа да жауапты тұлғаларға өзінің шынайы алғысын білдірді. Біз оған алдағы сыннан сүрінбей өтіп, келесі жолы алтын медаль тағынып тұрып сұхбат беруді нәсіп етсін деп тілектестік білдірдік.
Дегенмен, жарыстың аты – жарыс. Дүниежүзілік көшпелілер ойындарына осал спортшы келмейді. Дәстүрлі садақ атудан нағыз тартысты сайыстар түстен кейін басталды. Өйткені ол кезде жарыс жолында кіл мықтылар қалған еді.
30 метр жерде ілулі тұрған жамбыны қағып түсіру – қиынның қиыны. Оның үстіне бұл күні ауа райы да желді болып, жамбыны әрі-бері шайқайды. Бұл жолы спортшыларға тек қарсыластарымен ғана емес, Астананың адуынды желімен де арпалысуға тура келді.
Тартысқа толы сайыс нәтижесінде ерлер арасында бас жүлдені Румыния елінің өкілі Алин Михай Тудоран еншіледі. Жүлделі екінші орын Ресей елінен келген Гафур Рахмангуловқа бұйырды.
Ал үздік үштікті қатарынан екі қазақ спортшысы Жәнібек Құлмырзаев пен Бақберген Сәлімов түйіндеді. Үштің өзі – күш! Қазақ еліне кезекті екі бірдей қоланы сыйлаған спортшыларымызға алғыстан басқа айтарымыз жоқ.
Дәл осы күні әйелдер де «Жамбы» нысанасы бойынша 30 метр қашықтықтан дәстүрлі садақ ату сынында өзара кіл мықтыны анықтаған болатын. Қатысушылар қатарына көз салсаң, көшпелілердің ұрпақтарын да, көшпелі емес елден келген сайыпқырандарды да кездестіресің. Мұхиттың арғы бетінен келген мексикалықтардан бастап, ықылым заманда біздің өлкеден Еуропаның ортасына қоныс аударған мажар халқы өкілдеріне дейін бар. Жалпы, саны садақ өнерін бес саусағындай меңгерген 60 ару өзара сынға түсті. Соның ішінде еліміз атынан Айкөркем Батихан, Фариза Сабырхан, Ажар Төлеуханова, Динара Жақсылықова да өз өнерін көрсетті.
Өкінішке қарай, біздің сайыпқыран қыздарымыз жүлделі орыннан көріне алмады. Алтын медальды Түркия елінен келген Демирбаг Айсегүл иеленсе, күміс медаль мажарстандық Нунине Домокосқа бұйырды. Ал қола жүлдені индонезиялық Сури Рено мен ресейлік Анна Алексеева жеңіп алды.
Айта кетсек, бұған дейін «Пута» нысанасы бойынша әйелдер арасында қазақстандық Айкөркем Батихан қола жүлдеге ие болған еді. Ал ерлер арасында Қасымхан Қанат қола медаль иеленсе, Жәнібек Құлмырзаев алтын медаль алды. «Қалқан» нысанасы бойынша өткен жарыста Қасымхан Қанат қола жүлде алса, Ербол Тәпенов күміс жүлде иеленді.