2024 жылдың мамыр айында қаладағы сауда желілерінің бірінде ет өнімдерін сөреде көрсетілген баға белгісінен 20%-ға жуық жоғары бағамен сату фактісі анықталған, деп хабарлайды Egemen.kz.
Бас прокуратураның мәліметінше, аталған факті бойынша Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің қаулысымен заңды тұлға әкімшілік жауаптылыққа тартылған.
Алайда заңды тұлға өкілінің шағымы бойынша Ақтау қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған соты уәкілетті орган қаулысының күшін жойған.
«Прокуратураның актісі бойынша Маңғыстау облыстық сотымен бірінші сатыдағы сот қаулысының күші жойылып, сауда желісіне 738 400 теңге айыппұл салу түрінде шара қолданылды», делінген хабарламада.
Сот актісі заңды күшіне енді.
Еске сала кетейік, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерін өткізу кезінде тұтынушылардың құқықтарын қорғау мәселелері прокуратура органдарының ерекше бақылауына алынған.