• RUB:
    5.18
  • USD:
    514.93
  • EUR:
    536.04
Басты сайтқа өту
Үкімет 12 Қыркүйек, 2024

Олжас Бектенов ірі бизнес өкілдерімен кездесті

80 рет
көрсетілді

Премьер-министр Олжас Бектенов «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы мен ірі бизнес өкілдерінің қатысуымен Отандық кәсіпкерлер кеңесінің отырысын өткізді, деп жазады Egemen.kz.

Жиында Президент Жолдауында айтылған міндеттерді іске асыру шеңберінде кәсіпкерлікті дамытудың өзекті мәселелері талқыланды.

Олжас Бектенов мемлекет инвестициялық тартымдылықты арттыру, еліміздің өнеркәсіптік әлеуетін ашу, инфрақұрылымдық мәселелерді шешу және экономиканың нақты секторын дамыту бойынша ауқымды жұмыстар атқарылып жатқанын атап өтті.

Талқылау барысында энергетика, өңдеу өнеркәсібі мұнай-газ секторы, тау-кен металлургия кешені, көлік және қаржы саласы, денсаулық сақтау, ІТ, туризм салаларының өкілдері өз ұсыныстарын білдірді. Металдарды терең өңдеу, мұнай-газ химиясы және басқа да басым салалардағы жаңа жобаларға баса назар аудара отырып, отандық тауар өндірушілерді қолдау мәселелері көтерілді. Үкімет «Атамекен» Ұлттық кәсіпркерлік палатасымен бірлесіп, тауарлардағы, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтердегі отандық қамту үлесін айқындау мақсатында жаңа әдіснаманы әзірлеу бойынша жұмыс жүргізіп жатыр. Олжас Бектенов жаңа тетік анағұрлым әділ болатынын және отандық кәсіпорындардың дамуына елеулі серпін беретініне ерекше назар аударды. Ал тиісті құрылымдарға жүргізіліп жатқан жұмысты жеделдету тапсырылды.Кездесуде жасанды интеллект жүйелерін қолдануды кеңейту және цифрлық технологияларды дамыту мәселелері қаралды. Экологиялық таза, энергия үнемдейтін және төмен көміртекті жобаларды іске асыруға бағытталған туризм, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, «жасыл» қаржыландыру саласын дамытудың маңызды екені айтылды.

Премьер-министр Президент алға қойған міндеттерге қол жеткізу үшін экономиканың нақты секторын дамытуға бизнес өкілдерін белсенді тарту қажет екенін атап өтті.

«Мемлекет басшысы Қазақстанды жан-жақты жаңғыртуды белсенді жүргізуде. Экономикадағы өсім азаматтарымыздың тұрмыс сапасын жақсартуға тікелей әсер етуі маңызды. Сонымен бірге ірі бизнес әлеуметтік жауапкершілікті көрсетуі керек. Президент келесі жылды Жұмысшы мамандықтары жылы деп жариялағанын білесіздер. Бізде ірі кәсіпкерлер колледждерге қамқорлық жасап, мамандар даярлауға тиісті база құратын сәтті үлгілер бар. Бұл модель сонымен қатар бизнеске болашақ кадрларды дайындауға мүмкіндік береді. Жұмысшы мамандықтары жылы аясында мұндай тәжірибені жандандыру қажет», деді Олжас Бектенов.

Ауылда кәсіпкерлікті дамыту және ауыл тұрғындарын жыл бойы жұмыспен қамту қажеттігі атап өтілді.

Үкімет басшысы тиісті министрліктерге бизнес өкілдері тарапынан айтылған ұсыныстарды зерделеуді тапсырды.