Ешкім мүгедек болам демейді. Ананың алтын құрсағынан мына жарық дүниеге кемтар болып келіп, өмір бойы мүгедек болып өтетіндер бар, жалындаған жастық шақта атша шауып жүріп, жазатайым мүгедек болып қалатындар да кездеседі. Оларға оттан, судан, көлік оқиғаларынан, басқа да төтенше жағдайлардан он екі мүшесінің бірінен айырылып немесе бір мүшесі кем болып қалатындарды қосыңыз. Әйтеуір, жұмыр басты пенде осындай оқиғалардан мүгедек болып жатады. Ондай азаматтар адам өміріне бір-ақ рет берілетін мына жарық дүниеде аман қалғанына шүкіршілік етіп, жан жарасын жазуға талпынады. Бар күш-жігерін жиып, өмір сүруге құлшынады.
Мен де Жаңатас қаласында журналист болып еңбек етіп жүріп, 1993 жылдың желтоқсан айында автокөлік апатына ұшырап, сол аяқтағы ортан жілігім қақ бөлінді. Қалалық аурухананың жансақтау бөлімінде, одан кейін сынық-жарақат бөлімінде айлап жатып, ем қабылдадым. Ол кезде медицина бүгінгідей дамымаған, қысылтаяң кезең еді. Қажетті дәрі-дәрмек те жоқ. Не керек, ауруханадан тұтастай бір аяғым гипске тұмшаланып шыққанымен науқастан айығып кете алмадым. Алыс-жақын маңдағы сынықшылардан да қайран болмады. Ақыры Тараз қаласындағы қалалық ауруханаға жатып, «Елизаров» аппаратын салдыруға тура келді. Темір құрсаумен сегіз ай жүріп, екі аяққа тұрғаныммен сынған аяғым қысқарып, өмір бойы үшінші топтағы мүгедек болып қалдым.
Мүгедекпін деп мұңға батып отыру қайда?! Тағдырдың жазғанына көнесің, оның үстіне отбасыңды асырауың керек. Қалалық радиодағы, одан кейін телевиденидегі журналистік қызметімді жалғастырдым. Кейін Сарысу ауданының орталығы Жаңатас қаласына қоныстанғанда аудандық газетте тілші, бөлім меңгерушісі болып еңбек еттім. Аяғымның кемдігін білдірмеймін деп, сол аяқкиімнің табанына қосымша табан салдырып алып жүрген кездер де болды. Ешкім мүсіркемесін, «ақсақ» демесін деген намыс қой.
Ол жылдары Жаңатастың жанайқайы жаңғырып тұрған шақ. Жылдап жылуы, жарығы жоқ қалада барлық шаруа шатқаяқтап кеткен. Қаланың жанайқайын облыстық «Ақ жол» газетіне үздіксіз жаза бердім. Қала басшыларының қоқан-лоқысын да көрдік, «жаныңа не керек?» деген қамқор сөзін де естідік. Қандай жағдай болғанда да қазақ журналистикасының ұлы ұстаздары Темірбек Қожакеев пен Тауман Амандосов ағайларымыздың алдында шәкірттік парызға адал бола білдік.
Жылдар жылжып өте берді. Жаңатастың жағдайы бірте-бірте жақсара түсті. Енді шешімін күткен проблемаларды, жақсы істерді, жетістіктерді жаздық. Содан 2005 жылдың наурызында «Ақ жол» газетінің сол кездегі бас редакторы Мақұлбек Рысдәулет Сарысу және Талас аудандарының меншікті тілшілігіне шақырды. Облыстық басылымда журналист болу арманға айналған маған ол үлкен сый еді. Бірден келістім. Енді екі ауданның арасында, одан әрі облыс орталығына шапқылаумен жүрдім. Шынымды айтсам, мүгедек екенімді ұмыттым. Арада тоғыз ай өткенде редактор редакция аппаратына тілшілікке шақырды. Мұнда да сол кемдігімді білдірмейін деп облыстың қай қиырына ісспарға жіберсе де шауып кете бердім. Сенбілік жұмыстарында да әріптестермен бірге болдым. «Бір айналдырғанды шыр айналдырады» деген. Баяғыда 12 жасымда сол қолымнан жабысқан «остеомиелит» ауруына жасалған операциядан қолым да қысқарып қалған еді, жең ішінде болғандықтан сырт көзге біліне бермейтін. Ақыры араға пәлен жыл салып, ескі ауру қайта сыр бере бастады. Қазір медицинаның қарыштап өскен заманы ғой, ауық-ауық ем қабылдап тұрамын. Мемлекет басшысының былтырғы «Қазақстан жолы – 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Жолдауында «...Мүмкіндігі шектеулі азаматтарымызға көбірек көңіл бөлу керек. Олар үшін Қазақстан кедергісіз аймаққа айналуға тиіс. Бізде аз емес ондай адамдарға қамқорлық көрсетілуге тиіс, бұл өзіміздің және қоғам алдындағы біздің парызымыз», деп атап көрсеткенінен талай кембағал жанның төбесінің көкке жеткенін көрдік. Жолдаудан кейін іле-шала «Нұр Отанның» бастамасымен Тараз қаласында тұңғыш рет өткізілген мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған жәрмеңкеге партия төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек келіп қатысты. Осы шарадан мақала жазуға бас редактордан сұранып, арнайы бардым. Онда арбаға таңылса да, өмірге және жұмысқа құштар жандарды көргенде бұл неткен қайсарлық деп сүйсінгенім бар. Екі қолы жоқтығынан тігін машинасына екі аяғымен отыратын Анар Бексұлтанова мен қос балдаққа сүйенген Шолпан Сұранбаеваның жәрмеңке көрмесіне қойылған «қыз жасауына» талайлар таңдай қақты. Аурудың азабын аз тартпағаннан ба, өз басым кемтар жандарға қол ұшын беріп тұрғым келеді. Бірақ, журналистің қолында қаламынан басқа не бар? Содан мүмкіндігі шектеулі жандар туралы, олардың қилы тағдыры туралы бірнеше мақала жаздым. Жарымжандарға шекесінен қарайтын шенеуніктерге сабақ болсын деп «Мүгедек деп мүсіркегенше, мүмкіндігіне қарай еңбекке тарт» деп жазған проблемалық дүнием газеттің бір бетке жуық көлеміне жарияланды. Жалпы, кемтар азаматтар мүсіркегенді жек көреді. Өзім де «анау ақсақ немесе шолақ» деген сөз естігім келмейді.
Құдайға шүкір, он екі мүшесі сау азаматтармен қатар журналистикада еңбек етіп жатқанымның арқасында азды-көпті еңбегім облыс басшылығы тарапынан әркез бағаланып келеді.
Амангелді ӘБІЛ,
журналист.
Жамбыл облысы.