Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа Жолдауында 6 қазанда АЭС құрылысы бойынша ұлттық референдум өтетінін хабарлады. Бұл референдум – елдің стратегиялық шешімдер қабылдаудағы халықтың пікірін ескеру бағытында жасалған нақты қадам. Алдағы таңдау еліміздің энергетикалық болашағын айқындайтын маңызды шешім болары анық.
Қазіргі энергетикалық қуатымыз әлі де көмірге тәуелді. Бұл елдің экономикалық дамуына кері әсер етіп қана қоймай, экологиялық тұрғыдан да үлкен қауіп төндіріп отыр. Елдегі электр энергиясының 57%-ы көмірден, 29%-ы табиғи газдан өндіріледі, ал жаңартылатын энергия көздеріне небәрі 13% тиесілі. Мұндай жағдай энергияны әртараптандыру мен экологиялық таза технологияларға көшудің қажеттілігін айқын көрсетеді. Қазба отындарын пайдалану тек экологиялық емес, климаттық және медициналық тұрғыдан да шығындарға әкеледі. Ұлттық мұхит және атмосфералық зерттеулер басқармасының мәліметіне сәйкес, қазба отынын жағу климаттың өзгеруіне, соның ішінде жиі және күштірек экстремалды ауа райы құбылыстарының туындауына әсер етеді. Әрбір осындай апат миллиардтаған долларлық шығынға ұшырады. Мысалы, 2016-2020 жылдар аралығында АҚШ-та орман өрттері, дауылдар, желді борандар, су тасқындары және құрғақшылық салдарынан келтірілген шығын 606,9 млрд долларды құраған.
Елімізде АЭС салу қажеттілігі бірнеше себепке байланысты. Біріншіден, елдің экономикалық өсуі мен халық санының артуы электр энергиясына деген сұранысты арттырып отыр. Екінші мәселе – елдегі ескірген энергетикалық инфрақұрылымның тозуы. Әсіресе көмірмен жұмыс істейтін стансалар экологиялық және экономикалық тұрғыдан тиімсіз болып барады. 2023 жылы Қазақстан Ресейден 3,4 млрд кВт/сағ электр энергиясын импорттап, бұл елдегі электр энергиясының 20%-ын құрады. Осыған байланысты АЭС тұрақты әрі сенімді энергия көзі ретінде қарастырылып отыр. Үшіншіден, АЭС-тің құрылысы Қазақстанның көмір мен газға тәуелділігін төмендетіп, атмосфераға бөлінетін көміртегі шығарындыларын азайтуға мүмкіндік береді. Мұндай стансалар экологиялық таза әрі тұрақты энергия көзі ретінде елдің парниктік газдарды азайту бойынша халықаралық міндеттемелерін орындауына көмектеседі. 2060 жылға дейін көміртегі бейтараптығына жету – еліміздің басты экологиялық мақсаттарының бірі.
Осы орайда мемлекетіміздің уран қоры бойынша әлемдегі жетекші елдердің бірі екенін атап өткен жөн. 2022 жылы еліміз әлемдік уран өндірісінің 43%-ын қамтамасыз еткен. Бұл елдің атом энергетикасын дамытуға қолайлы жағдай жасайды. АЭС-тің артықшылықтарының бірі – жоғары қуат тиімділігі (90%), бұл оны жел энергиясынан (25-35%) әлдеқайда тұрақты етеді. 1 154 МВт қуат өндіретін бір АЭС миллион халқы бар қаланы бірнеше ондаған жыл бойы энергиямен қамтамасыз ете алады.
Сонымен қатар атом энергетикасы ел экономикасына да оң әсерін тигізеді. Мысалы, Францияда атом өнеркәсібі 457 200 жұмыс орнын қамтамасыз етеді. Қазақстан өзінің уран қоры мен энергетикалық қажеттіліктерін ескере отырып, атом энергетикасының әлеуетін тиімді пайдалана алады. Алайда Қазақстанның ядролық энергетикаға қатысты тарихи тәжірибесі ерекше ескерілуге тиіс. Семей ядролық полигонындағы 40 жыл бойы жүргізілген сынақтар елдегі атом энергетикасына деген сенімсіздік пен алаңдаушылық тудырғанын жоққа шығару мүмкін емес. Қазақстан үшін атом энергетикасының экономикалық тиімділігі айқын болғанымен, Семей полигонының ауыр мұрасы ел азаматтарын бұл салаға сақтықпен қарауға итермелейді. 1949-1989 жылдар аралығында 456 ядролық сынақ жүргізілген полигонның әлеуметтік және экологиялық зардаптары әлі де сезіледі. Осыған байланысты халықтың бір бөлігі атом энергетикасына көшу туралы шешімді қабылдауда терең талдау мен ашықтықты талап етеді.
АЭС құрылысы бойынша қоғамда әртүрлі пікірлер қалыптасқан. Бір жағынан, қазіргі заманда «бейбіт атом» ұғымы атом энергиясының қауіпсіздігін баса көрсетеді. Барлық қауіпсіздік талаптары сақталған жағдайда, атом электр стансаларының зиянына қарағанда, пайдасы көп болары сөзсіз.
Атом электр стансаларының (АЭС) құрылысына қатысты қорқыныш көбінесе ядролық энергия туралы түсініспеушіліктен немесе тарихи оқиғаларға байланысты теріс көзқарастардан туындайды. Қазіргі таңда атом энергетикасы саласында қауіпсіздік шаралары ең жоғарғы деңгейде қамтамасыз етілген. Халықаралық атом энергетика агенттігі (МАГАТЭ) бекіткен қауіпсіздік стандарттары барлық АЭС құрылысында қатаң сақталады. Жаңа буын реакторларының жобалары, соның ішінде шағын модульдік реакторлар (SMR), тіпті төтенше жағдайларда да қауіпсіз жұмыс істейді. Бұл реакторлар автономды түрде жұмыс істеп, ядролық қалдықтардың мөлшерін барынша азайтады.
Әлемде атом электр стансаларын (АЭС) салу тәжірибесі көптеген ел үшін энергияның сенімді әрі экологиялық таза көзі ретінде қарастырылады. Бүгінгі таңда әлем бойынша 64 ядролық реактордың құрылысы жүргізіліп жатыр, мұның шамамен үштен бірі – Азия елдерінде. Бұл жобалар негізінен Қытай, Оңтүстік Корея және Үндістан сияқты елдерде жүзеге асырылып жатыр.
АҚШ-та қазір 92 атом реакторы жұмыс істейді. Ал Оңтүстік Кореяда 24 реактор елдің шамамен 30%-ға жуық энергиясын қамтамасыз етеді. Қытайда 27 жаңа реактор салынып жатыр. Бұл елдер жаңа қауіпсіздік технологияларын, соның ішінде шағын модульдік реакторларды (SMR) қолданып келеді. Бұл атом энергиясын одан әрі қауіпсіз етуге бағытталған. Сонымен қатар Словакия мен Беларусь елдері де атом энергетикасына басымдық беріп отыр. 2023 жылы бұл елдерде жаңа реакторлар іске қосылды. Атом энергиясы бұл мемлекеттер үшін экологиялық таза әрі тұрақты энергия көзі ретінде қарастырылады. Италияның да атом энергетикасына оралу ниеті байқалады. 2011 жылы «Фукусима» атом электр стансасындағы апаттан кейін Италия үкіметі елде атом электр стансаларын салуға мораторий жариялаған еді. Алайда уақыт өте келе қоғамның пікірі өзгеріп, 2023 жылдың мамыр айында Италия парламенті үкіметке атом энергиясын елдің энергетикалық балансына қосуды қайта қарауды ұсынды. Қыркүйек айында үкімет Ұлттық тұрақты ядролық энергетика платформасының алғашқы отырысын өткізді. Италияның қоршаған ортаны қорғау және энергетикалық қауіпсіздік министрі Джильберто Пичетто Фратин Миланда өткен «Ғаламдық энергетикалық көшу» конгресінде Италияның атом энергетикасына қайта оралу перспективасын атап өтті.
Елімізге халықаралық тәжірибені ескеру және атом энергетикасын дамыту барысында экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету маңызды. Бұл тек технологиялық тұрғыдан дайындықты ғана емес, сонымен бірге қоғамның сенімін арттыру мен әлеуметтік жауапкершілікті қамтамасыз етуді талап етеді. Егер біз АЭС салмасақ, бірқатар нақты тәуекелмен бетпе-бет келуіміз мүмкін. Энергия тапшылығы артып, елдің сыртқы көздерге тәуелділігі күшейеді. Сонымен қатар көмірден алынатын энергияның экологиялық зардаптары ұлттық және халықаралық міндеттемелерді орындауға кедергі келтіреді. Сондықтан АЭС мәселесін уақтылы және тиімді шешу еліміздің энергетикалық қауіпсіздігі мен экологиялық тұрақтылығы үшін маңызды болмақ.
Берік БЕКЖАНОВ,
Президент Іс басқармасы жанындағы Парламентаризм институты директорының орынбасары