Биыл жазғы демалыс уақытында еліміздің бірқатар өңірінде болып, жергілікті жұртпен жүздескен едім. Сонда Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Жолдауында айтылған мәселенің бәрі тұрғындар тарапынан да көтерілді. Сол себепті Мемлекет басшысының Жолдауын «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымының көрінісі болды деуге толық негіз бар.
Атап айтар болсам, ауылды қолдау, шаруалардың жұмысына дем беру, елді мекендерде сапалы медициналық мекемелер ашып, білікті кадрлармен қамтамасыз ету, ең көкейтесті мәселе жол салу секілді түйткілдердің бәрі осы Жолдауда қамтылды. Демек, Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы еліміздің барлық өңіріндегі халықтың жағдайынан жақсы хабардар әрі сол мәселенің бәрін шешу үшін күш салып келеді.
Бұл құжаттың ішіндегі мені қызықтырған, тіпті бүгінде еліміздің әрбір тұрғынын алаңдатып отырған мәселе – атом электр стансасының құрылысы. Президент бұған дейін өзі бастамашы болып, уәде еткеніндей 6 қазанда республикалық референдум өтеді деп белгіледі.
Алдағы уақытта энергия тапшылығын қалай шешеміз, қандай қуат көздерін пайдаланамыз, атом электр стансасын саламыз ба, жоқ па, егер оның құрылысын қолдайтын болсақ, оны кім салады, қандай технология пайдаланылады деген сұрақтар еліміз үшін өте өзекті болып отыр. Бұл тақырыпты Президенттің көтеруі бекер емес. Ел үшін, болашақ үшін маңызды болғандықтан, қайта-қайта айтып келеді. Осы орайда референдумда халқымыз дұрыс таңдау жасап, өз дауыстарын береді деп үміттенемін.
Биылғы Жолдау мемлекеттік органдарға, сондай-ақ депутаттар корпусына алдағы уақытта қолға алынып, атқарылуға тиіс көп міндетті жүктеді. Жаңа заңдарды қабылдау тапсырмасы да айтылғанын естідіңіздер. Осы басталып жатқан сессияда біз Жолдауда айтылған бағыттар бойынша жұмыс істеп, алға қойылған міндеттерді орындауға күш саламыз.
Максим РОЖИН,
Парламент Мәжілісінің депутаты