Отандық өндірістің әлеуетін арттырып, шығарылған өнімге қатысты экспорттық бағдарлауды күшейту – жергілікті өнеркәсіптің алдындағы маңызды міндет болып тұр. Әсіресе мұнай-газ саласында игерілмей жатқан мүмкіндіктер қаншама. Соның бірі де бірегейі біраздан бері айтылып жүрген полиэтилен өндірісі болатын. Биыл 11 қыркүйекте Атырау облысындағы «Ұлттық индустриалдық мұнай-химия технопаркі» арнайы экономикалық аймағында жылына 1,25 млн тонна қуаттылыққа ие полиэтилен өндіретін зауыттың бастапқы құрылыс жұмыстары басталды. Жобаның инвестициялық құны – 7,4 млрд доллар.
Маңызы биік жоба құрылысының басталуына орай ұйымдастырылған жиынға Сенат депутаты Сағындық Лұқпанов, Атырау облысының әкімі Серік Шәпкенов, «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ (ҚМГ) басқарма төрағасы Асхат Хасенов, Энергетика вице-министрі Ерлан Ақкенженов, Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Олжас Сапарбеков, СИБУР-дың басқарма мүшесі – атқарушы директоры Сергей Комышан және «Sinopec Overseas Investment Holding» вице-президенті Чжао Тецзю қатысты.
Осы ретте жобаның Мемлекет басшысының тапсырмасы негізінде қолға алынғанын атап өткен абзал. Президент биылғы Жолдауында бұл мәселеге арнайы тоқталып, мұнай-газ химия саласын одан әрі дамыту – маңызды міндет деп шегелеп айтты. «Біз полипропилен және полиэтилен шығаратын ірі өндірістік жобаларды жүзеге асыра бастадық. Бутадиен, карбамид, терефтал қышқылын өндіруге арналған басқа да болашағы зор жобалар қолға алынып жатыр», деді Мемлекет басшысы. Осы орайда құрылыстың алғашқы кезеңі басталып, қолға алынып отырған полиэтилен зауытының да ел экономикасын өрістету жолындағы айтулы қадам екенін, бұл жоба өңдеуші өнеркәсіптегі ауқымды бастама екенін байыптай аламыз.
Сондай-ақ өткен айда Үкімет басшысы Олжас Бектенов мұнай-газ саласын дамыту мәселелері жөнінде өткізген кеңесте бизнестен жергілікті қамту үлесін ұлғайту және отандық тауар өндірушілерді қолдау шаралары күтілетінін атап өткен болатын.
Қалай болғанда да, отандық өндірістің осынау түрін қолдауға мемлекет те мүдделі. Өйткені бұл жерде отандық өнім өндіріліп қана қоймай, жергілікті компаниялардың жұмыс жүктемесі де арта түспек. Құрылыс жұмыстарын 2029 жылы тәмамдау көзделіп отыр. Зауыттың іске қосылуы осы сегменттегі көп түйткілді тарқатпақ. Ең бірінші кезекте, өзіміздің өнім сырттан әкелінетін өнімді толықтай алмастырады және қосылған құны бар өнім экспортын Еуропа, ТМД, Қытай және Түркия нарықтарына қарай ілгерілетуге үлкен үлес қосады. Нәтижесінде, жобаның толық қуаттылықпен жүзеге асуы ішкі жалпы өнім өсімін 1,2 пайызға арттырып, құрылыс кезеңінде 8 000-нан астам жұмыс орнын құруға және 800 тұрақты жұмыс орнының ашылуына ықпал жасайды. Жобаның берер жемісі мұнымен де шектелмейді. Полиэтилен өнімінің шығарыла бастауы ұлттық экономикамызға мультипликативті әсер тигізіп, елімізде аралас салалардың дамуына және түпкілікті өнім өндірісінің өркен жаюына мүмкіндік бермек.
Ендігі кезекте өнімнің тауарлық сипаты мен нарық үшін маңызына аз-кем тоқтала кетейік. Полиэтилен – әлемде кеңінен таралған бірегей пластикалық материал. Ол өзінің жеңіл, икемді, берік, су-химиялық тұрғыда мығым болуы нәтижесінде өнеркәсіп пен күнделікті тұрмыстың әр алуан саласында кеңінен қолданыла бастады. Нақтылап айтсақ, аталған тауар құрылыста – гидрооқшаулау материалы, құбыр, мембран күйінде, медицинада – бір реттік құрылғыларды әзірлеу, дәрі-дәрмек пен медициналық аппараттарды қаптау, электроникада – кабель мен сым үшін оқшаулау материалын өндіру, ауыл шаруашылығында – жылыжай салу және өсімдікті қорғау мақсатында пайдаланылады. Жеке адамдардың да, өнеркәсіптің де полиэтиленге деген сұранысы жыл санап артып келе жатыр. Қазіргі уақытта сұраныс жылына 3 пайыздық өсіммен 100 млн тоннаны құрап отыр. «Wood MacKenzie» халықаралық консалтинг компаниясының болжамы бойынша, 2050 жылға таман полиэтиленге деген сұраныс екі есе артып, 200 млн тоннаға жетеді.
Біздің нарықтың сыйымдылығы – жылына 180 мың тонна полиэтилен. Жыл сайынғы өсім 4 пайыз болады деп болжанады. Айта кету керек, еліміздің аумағында полиэтилен өндіретін зауыт жоқ. Сол себепті аталған өнімді Ресей, Иран, Өзбекстан, Әзербайжан, Қытай және Оңтүстік Кореядан тасымалдауға мәжбүрміз. Енді осы олқылықтың орнын Атырау облысы аумағында бой көтергелі жатқан зауыт толтыруға тиіс. Аталған өндіріс ошағында полиэтиленнің айрықша сұранысқа ие 20-ға жуық маркасын шығару жоспарланып отыр. Сол маркалардың 40 пайызы – премиум-санат өнімдері. Жоба жетекшілері өндіріс көлемі бүкіл әлемдік өндірістің 1 пайыз үлесіне ие болатынын, өзінің ауқымы және технологиялық жарақтануы тұрғысынан зауыттың әлемдегі ең ірі кәсіпорынның біріне айналатынын айтады. Бұл зауыттан шығарылған дайын өнім ішкі нарыққа да, сыртқы нарыққа да қатар жіберілмек.
Елімізде аса маңызды полиэтилен өндірісінің басталуы – құптарлық қадам. Экономикалық тұрғыдан да, стратегиялық тұрғыдан да. Әсіресе мұнай-газ химиясы саласындағы жобалардың қолдау тауып жатқаны қуантады. Өйткені экономистердің айтуынша, тап осы салаға салынған әр доллар кемі 2-3 долларлық өсімді қамтамасыз етуге қауқарлы. Мұндай жоба елімізде мұнайды терең өңдеу саласын дамытып қана қоймай, шикізат экспортына тәуелділікті азайтып, экономиканы әртараптандыруға оң ықпал етеді.
Қазіргі уақытта «ҚазМұнайГаз» өз мұнай-газ-химия кешенін қалыптастыру үшін белсенді жұмыс атқарып жатыр. Осыған дейін полипропилен өндіретін «KPI» зауыты іске қосылған еді. Алдағы міндет – зауытты толық қуатына шығару. ҚМГ қазір терефтал қышқылы, полиэтилентерефталат, карбамид өндірісі сияқты қосымша жобалар мүмкіндігін зерттеп жатыр.
«ҚазМұнайГаз» өз жобаларын жүзеге асыру барысында отандық өндірушілердің үлесін арттыруды басым міндеттердің бірі деп есептейді. Сол себепті ұлттық компания бастапқы құрылыс жұмыстарына ресми кіріскен соң, Атырауда полиэтилен жобасы үшін отандық өндірушілерді бір алаңға жинап, форум өткізу туралы шешім қабылдады. Іс-шара барысында отандық өндірушілердің бірқатарымен келісімге қол қойылды.
Жалпы, форумға өнеркәсіп секторы үшін құрамдас бөлшектер мен құрылғылар өндіретін 100-ден астам отандық компания өкілдері жиналды. Форум барысында қатысушыларға жобаны іске асыру шеңберінде сатып алынатын позициялар бойынша ақпарат ұсынылды, сондай-ақ «Tecnicas Reunidas» (Испания) және «Sinopec Engineering Incorporation» (ҚХР) мердігер компаниялары форум қатысушыларын құрылыс жұмыстарының жоспарымен және болашақ зауыт үшін жабдыққа қойылатын талаптармен егжей-тегжейлі таныстырды. Форум шеңберінде «Tecnicas Reunidas S.A.» мен «Sinopec Engineering Incorporation» консорциумы мен «АтырауНефтеМаш» арасында ірі габаритті жабдықтарды өндіру жөніндегі өзара іс-қимыл туралы келісімге қол қойылды. Отандық кәсіпорын зауытқа қажет екі бағанды өндіру туралы ұсыныс алды, бағанның біреуі – ұзындығы 100 метр және салмағы 1 150 тонна этилен фракционаторы. Сондай-ақ Қазақстан машина жасау одағымен және Мұнай-газ машина жасау саласын дамытуға арналған халықаралық орталық «IMB орталығымен» де мәмілелер жасалды.
Жобалардағы жергілікті қамтуды дамыту үшін, отандық компаниялар жеткізушілерге қойылатын халықаралық тәжірибенің негізгі талаптарын білуі үшін алдағы уақытта осындай іс-шараларды жүйелі түрде өткізу жоспарланып отыр.