Өңірдің су қоймалары көктемгі тасқынға төтеп бергенімен, жойқын су біраз нысанның қабағын жырып, қабырғасын сетінетіп кеткен. Мамандардың айтуынша, бүгінде қай нысанның да гидротехникалық құрылғылары тозыңқы жағдайда тұр. Қазір барлық су қоймаларының маңайында жоспарлы жөндеу, су тасқынының салдарын жою жұмыстары жүріп жатыр. Ал келесі жылдан бастап ең маңызды деген үш нысанды түбегейлі қайта жаңғырту көзделіп отыр.
Бұл жөнінде Су ресурстары және ирригация министрлігі мен облыс әкімдігі бірлесіп жасаған кешенді жоспар бар. «Қостанай су шаруашылығы» мекемесінің басшысы Дәурен Әбдіқамитовтың айтуынша, сол жоспарға сәйкес 2025-2026 жылдары Жоғарғы Тобыл су қоймасы, 2026-2027 жылдары Қаратомар, 2027-2028 жылдары Амангелді су торабында күрделі жөндеу жылдары жүргізіледі.
Жалпы, өңірде алды осыдан 50-60 жыл бұрын салынған, соңғысының өзінің іске қосылғанына ширек ғасырдан асып кеткен алты су қоймасы бар. Бүгінде бәрі қалыпты жұмыс істеп тұрғанымен, ешқайсы бұған дейін бірде-бір дұрыс жөндеу көрген жоқ. Бұл су қоймаларының қазіргі жағдайы қанағаттанарлық деп бағалаған. Алайда мамандар нысандардың жағдайы сын көтермейтінін, тіпті, кейбірі төтенше жағдайдың алдында тұрғанын айтып алаңдап отыр.
Мәселен, көктемгі су тасқыны кезінде Қостанайдың іргесіндегі Амангелді су торабы арқылы 2 млрд текше метрге жуық су өткен. Бұл – бұрын-соңды болмаған рекордтық көрсеткіш.
«Біз соңғы 60 жылдың ішінде бірінші рет бөгет құлақтарын түгелдей көтеріп ашып тастадық. Егер құлақ қарысып, ашылмай қалғанда немесе таттанып, шіри бастаған темір бекітпені бұзып кеткенде жағдай ушығып кететін еді. Гидротехникалық құрылғының бірінші құлағы ғана күрделі жөндеуден өткен. Оның өзіне көп уақыт өтті. Қалғандары іске қосылғалы ауыстырылған жоқ. Ұзақ жыл пайдаланылғандықтан, кейбір бөліктері жарамсыз жағдайға жетті. Бұл су торабы 5-6 жыл бұрын қайта жаңғыртылуға тиіс еді. Бірақ әлі күнге дейін сол қалпы тұр. Биылғы жойқын су тасқыны бізге нысанды қайта жөндеуден өткізу керек екенін көрсетіп берді. Жаман айтпай жақсы жоқ, егер мұндай табиғи апат екінші рет қайталанатын болса, оның арты не болатынына еш кепілдік бере алмаймын», дейді Амангелді су қоймасы өндірістік учаскесінің бастығы Берік Қарсақбаев.
Аталған нысанның алып қақпа тәрізді темір құлағын ашып-жауып тұратын тиекке жалғанған қалың сымның сыртқы қабаты да әр жерінен жарылып арша-арша болып кеткен. Бұл электр сымы үзілсе, тиек те істен шығады. Аяқ астынан мол су келіп қалғанда, бөгеттің су жіберетін құлағы ашылмай қалуы мүмкін.
«Бұл тиекке тоқ жеткізетін сым үзілейін деп тұр, кез келген уақытта істен шығып қалуы әбден мүмкін. Сыртқы қабатына зақым келген. Кабель әр жерінен жарылып, тоттанып жатыр. Сондықтан мұны да жедел түрде ауыстыру керек. Әйтпесе, апатты жағдайға тап болуымыз әбден мүмкін», дейді «Қазсу шаруашылығы» РМК Қостанай филиалының бас энергетигі Мейрам Оразалин.
Дегенмен мамандар көктемгі су тасқыны өңірдегі алты су қоймасына айтарлықтай үлкен зиян келтірген жоқ деп отыр. Мысалы, Амангелді су торабының ернеу бетондарының бәрі қазірше қанағаттанарлық жағдайда тұр.
«Қазір көктемгі тасқын кезінде түбін су шайып кеткен тірек қабырғаларды тас аралас құммен қайта бекітіп, нығайтып жатырмыз. Одан кейін қабырғалардың жақтауларына бетон құямыз. Мұны да көктемде су шайып кеткен. Жалпы, көктемгі су тасқыны келтірген залалды жою үшін өңірдегі су қоймаларының бәріне 700 млн теңге қаржы бөлінді. Ал келесі жылдан бастап кезең-кезеңімен күрделі жөндеу жұмыстарын қолға алуды көздеп отырмыз. Ең бірінші кезекте Жоғарғы Тобыл су қоймасы қайта жаңғыртылады. Әрине, көп қаржы керек. Мәселен, бір ғана Жоғарғы Тобыл қоймасын бастан-аяқ қалпына келтіруге шамамен 4,8 миллиард теңге қажет деп жобалап отырмыз. Бір жылдан бері Қостанай су қоймаларында көпфакторлы зерттеу жүргізіліп жатыр. Бұл жұмыс келер жылы аяқталады. Соның негізінде стратегиялық нысандардың нақты жағдайы, жұмыс ауқымы белгілі болады», дейді Дәурен Әбдіқамитов.
Өңірдегі кейбір су қоймаларының түбіне қалың лай тұнып, тайыз тарта бастаған. Алайда мамандар көктемгі су тасқыны кезінде асты-үстіне шыққан Қаратомар, Жоғарғы Тобыл тәрізді ірі су қоймаларының табаны тазарып, 83 пайызға дейін су жиналғанын айтып отыр.
Қостанай облысы