Ол жұмыс орындарына қауіпті емес
Ірі елдер арасындағы геосаяси мүдделерден туындаған текетірестер мен мұнай бағасының әлемдік деңгейде құлдырауы қарапайым халықты біраз алаңдаушылыққа алып келген болатын. Әсіресе, мұнайлы Маңғыстауда «мұнай мекемелерінде қысқартулар жүреді екен» немесе «мұнай бағасының төмендеуіне байланысты мұнайшылардың да айлық жалақысы азаятын болыпты» деген әңгімелер қылаң бере бастаған еді. Алайда, Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі ұсынған ақпар өлкедегі аталмыш саладағы алдын алу шараларының барысынан хабардар етті. Айтуынша, Маңғыстау облысындағы ірі мұнай өндіруші компаниялар өз жұмысшылары алдындағы әлеуметтік міндеттемелерін орындайтындықтарын нақтылай түскен.
Қаңтардың 15-і күні Маңғыстау облысының әкімі А.Айдарбаев өңірдегі ірі мұнай және газ өндіруші компаниялар басшыларымен кездесіп, мұнай бағасының төмендеуіне байланысты алдағы уақытта еңбек ұжымдарындағы әлеуметтік тұрақтылықты сақтау мәселесін талқылады.
Өткен жылдың басынан бастап әлемдік нарықта мұнай бағасының төмендеуі байқалғандығын, қазіргі таңда барреліне 46 доллар болып тұрғандығын, оның аймақтағы мұнай өндіруші кәсіпорындардың қаржылық-шаруашылық ахуалында көрініс бергендігін айтқан А.Айдарбаев қазіргі таңдағы ең өзекті мәселе облыстағы кәсіпорындар қызметінің тұрақтылығын ұстап қалу екендігін назарға берді.
– Алдымен жұмыс орындарын сақтап, жалақының төмендеуі мен жұмыс орындарының қысқаруына жол бермеу керек. Біз биыл және алдағы жылы барлық кәсіпорындарда әртүрлі жағдайларда тұрақтылықты, жұмыс орындарын сақтау үшін қажетті тиісті шараларды қамтамасыз етуге тиіспіз. Бұл кәсіпорын басшылары мен кәсіподақ ұйымдары төрағаларының алдында тұрған міндет. Біз өңір тұрғындарының әлеуметтік ахуалының нашарлауына жол бермеу үшін барлық мүмкіндіктерді қарастыруымыз қажет, – деді ол.
Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Ш.Ильмуханбетова еліміздің және Маңғыстау облысының келешектегі экономикалық саясатының негізгі бағыттары туралы хабардар етсе, «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ, «Өзенмұнайгаз» АҚ, «Қаражанбасмұнай» АҚ және «БузачиОперейтинг ЛТД» компаниясы филиалы басшылары 2015 жылға арналған өндірістік жоспарлары туралы баяндады.
А.Айдарбаев Маңғыстау облысы әкімдігі мен Маңғыстау облыстық кәсіподақтар кеңесі, Маңғыстау облыстық Ұлттық кәсіпкерлер палатасы және кәсіпорындар басшылары арасында әріптестік меморандумына қысқа мерзімде қол қоюға ұсыныс білдірді. Құжатта кәсіпорындардың еңбек ұжымдарында тұрақтылықты қамтамасыз ету, оның ішінде жұмыс орындарын сақтау және қызметкерлерді негізсіз жаппай жұмыстан босатудың алдын алу, тараптардың келісілген шараларды Қазақстан заңнамаларына сай жүзеге асыру арқылы әлеуметтік салдарды барынша азайту жұмыстары айқын жазылған. Меморандуммен танысудан соң тараптар оған 20 қаңтарда қол қояды деп күтілуде.
Әрине, қаржы-экономикалық тұрғыдағы әлемдік ахуалдың, халықаралық жағдайдың қалай болмасын өзге елдерге өзіндік әсері болмай тұрмайтыны белгілі. Алып елдердің өзінің салы суға кеткендей әуре-сарсаңға түскен кезеңде біз ішкі тұрақтылықты сақтап қала алсақ – ол үлкен мерей.
Гүлайым ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан».
Маңғыстау облысы.