Астанадағы Сәкен Сейфуллин музейінде дауылпаз ақынның жазу мәшеңкесі сақталған. Бұл бағалы жәдігерді сол жылдардағы ел үкіметі қайраткерлік пен қаламгерлікті тең ұстаған айтулы тұлғаның шығармашылығына 20 жыл толуына орай сыйға тартқан.
Бұл – Нью-Йорк қаласындағы тарихи «Ундервудъ» фирмасының стандартты портативті баспа мәшеңкесі. Бұл құралда зауыттың атауы, шығарылған күні анық жазылған. Жоғары жағына сызғыш бекітіліп, пернетақтасында әріптер, сандар және тыныс белгілері көрсетілген. Бұл дүние Сәкен атамызға тікелей тиесілі.
Ақын осы жазу мәшеңкесімен талай шығармасын жазған. Қайраткер ұсталып кеткеннен кейін оны жақын ағасы үйінде ұзақ жылдар бойы сақтап келген. 1988 жылы Ақмола қаласынан ардақты ақынның мұражайы ашылғанда соған тапсырған. Қазір көрнекті тұлғаның қолының табы қалған бұл жазу мәшеңкесі Сәкен Сейфуллин музейінің құнды экспонаты саналады.