Президенттің Жарлығына сәйкес 2 қыркүйектен бастап ел аумағында кезекті әскер қатарына жастарды алу басталды. Оған 18 бен 27 аралығындағы денсаулығы жарамды, әскерден қалдыруға заңды себебі жоқ жастар алынады. Әскери қызмет мерзімі – бір жыл.
Жуырда Солтүстік Қазақстан облысы қорғаныс істері департаментінің кезекті әскерге шақыру бөлімінің бастығы Әнуар Ыбыраевқа жолығып, біраз мәліметке қаныққан едік. Ол биыл да облысымыздан 500 жастың әскерге шақырылатынын айтты. Ал барлық есепте тұрған 14 097 жастың ішінен 743 адам қазір әскерге барудан бас тартып, қашып жүрген көрінеді.
«Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 647-бабына сәйкес әскерге шақырғанға себепсіз келмеген адамдарға 5 АЕК көлемінде айыппұл салынады. Ал 387-бапқа сәйкес әскерге барудан бас тартқандарға 1 000 АЕК көлемінде айыппұл немесе 400 сағат қоғамдық жұмыс немесе 1 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы беріледі. Ал Қорғаныс министрлігі тарапынан әскердің тартымдылығы туралы көптеген шара жасалған. Министрлік Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігімен келісу арқылы әскерге алынғандарға микронесиелер бойынша «кредиттік каникул» беруге қол жеткізді. Демек әскери міндетін атқару кезеңінде сарбаздар несие қарыздары мен олардың өсім пайызын төлеуден босатылады», дейді Ә.Ыбыраев.
Сондай-ақ оның айтуынша, Қорғаныс министрлігі 2022 жылдың 22 қазанында еліміздің 70-тен аса ЖОО-сымен әскери қызметін өтегендерге оқу орнының есебінен оқытуға орындар беру туралы келісімге қол қойған. Әскери міндетін өтеп келген азамат екі жыл көлемінде бұл жеңілдікті ала алады.
Өкініштісі, қазір әскерімізде түрлі келеңсіз оқиға көбейіп тұр. «Бір жылға қоян терісі де шыдайды» десек те, бұзық әрекеттер әскерде де жиі көрініс беріп, оған барғысы келмейтіндер саны көбейіп келеді. Қазір кейінгі келгендерді тіпті басыну, ұрып-соғу ғана емес, қылмысқа итермелеу, мәжбүр ету де жиі естіліп тұрады. Мұның басты себебі офицерлердің өз міндетін лайықты орындай алмайтынында сияқты. Түнгі казарманы олар бұзақылардың билігіне тастап, үйіне кетеді. Ал түнде екі иығын жұлып жеп жүрген бұзақылар еріккен әрекеттеріне кірісіп, жастарға, жуастарға әлімжеттік көрсетеді. Егер офицерлер кезекпен казармаға жатып, кезекшілік атқарса, мұндайға жол берілмес еді. Кейде тіпті офицерлердің өздері сарбаздарды ұрады екен деген әңгімелер естіп қаламыз. Мұндайды, әрине, өзінің әскери антын бұзғандық деп тану керек. Өйткені өкімет оларды елімізді қорғайтын, ебі мен тәсілі жетілген, кәсіби дайындығы жоғары, патриоттық сезімдегі сарбаздарды тәрбиелесін деп бес жыл бойы тегін оқытып, дайындады. Ал мынадай қылықтар өкіметтің мақсатына мүлде кереғар. Сарбаздарды ұрып-соққан жерде ешқандай патриотизм болмасы белгілі. Керісінше, оларда Отанға деген жеккөрушілік оянады.
Былтырғы қыркүйек айында «Батыл тойтарыс-2023» атты стратегиялық командалық-штабтық әскери оқу-жаттығу жиынында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев: «Қазақстан армиясы кез келген сын-қатерге дайын болуы қажет. Бұл – заманауи әрі кәсіби әскерге қойылатын басты талап. Біздің бір ғана Отанымыз бар. Ол – Қазақстан. Елімізді, жерімізді, азаматтарымыздың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, оларды қорғау – баршамызға ортақ қасиетті парыз!» деген еді. Офицерлеріміздің басты бағдары осы болуы керек. Ал сарбаздарды ұрып-соғумен ешкім ешқандай жақсы нәтиже көрсете алмайды. Тәртіп бұзғандар болса, ондайларды заңды түрде жазалауға арналған оқшаулайтын орындар бар, бірақ қол жұмсаумен ешкімді түзетуге болмайды.
Көршіміздің баласы биыл әскерге шақырылуы керек-ті. Қазір шешесі баласын әскерден алып қалудың қамымен зыр жүгіріп жүр. Баланың өзінің де әскерге барғысы жоқ. «Нұржан, әскерге барғың келмей ме?» деп сұраған едім, ат-тонын ала қашты. Не себепті барғың келмейді десем: «Ұрып-соғады екен, өмір бойы мүгедек болып қалуым мүмкін ғой, ондай жерге қалай барамын», деді бала.
Міне, біздің әскер туралы қазір осындай түсінік әбден қалыптасқан. Келеңсіз дүниенің хабары тез тарайды, жаппай тәртіпсіздік болмағанымен, әр жерде бір болып қалған сорақы оқиғалар қазір әскердің жалпы сипатына айналып кеткен. Сондықтан әскер басшылығының міндеті әскери қызметтің тартымдылығын, Отанға қызметтің бағаланатынын насихаттау абзал.
Солтүстік Қазақстан облысы