• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
27 Қаңтар, 2015

Келешегі кемел комбинат

484 рет
көрсетілді

Индустрияландыру іс үстінде

Құрылыс пен индустрия ұғым­дары, бұл екі саланың арасы бір-бірінен қашық кетпейді. Әрі бірін бірі үнемі толықтырып, байытып отырады. Бүгінгі өндірістік қарым-қатыныстарда құрылыс индустриясы деген де ұғым бар. Бұл құрылысқа қажетті өнімдер мен материалдар өндірісі деген сөз. Орал қаласында өткен жылдың аяғында іске қосылған үй құрылысы комбинаты туралы әңгіме қозғалған кезде де құрылыс пен индустрияның бірлігі мен үндестігін айналып өте алмаймыз. Бүгінгі күні тереңірек ой жү­гір­тіп көрсеңіз тұтастай еліміз бей­не бір алып құрылыс пен индус­трия алаңына айналып кеткендей күй кешесіз. Қазіргі уақытта бұл екеуі­­нің де қарқыны жақсы еке­ніне еш­кім күмән келтіре алмайды. Ал осы қарқынды бұдан әрі тағы да екі-үш есе көтеру үшін не іс­теген жөн? Ба­тыс қақпаның өндіріс­тік қуа­тын­ арттыруға үлес қоса бас­таған «Бо­ла­шақ – Т» ЖШС-іне қарас­ты үй құры­­лысы комбинаты осы сауал­ға жауап бере алатындай жарқын мысал. Бұл бірегей нысан «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы аясында тұрғызылған. Жаңа өнді­рістік құрылым иелері тұрғын үй­лер­мен қатар әлеуметтік-тұр­мыс­­тық сала шеңберіндегі құры­лыс­­тарға да өз қолтаңбаларын қал­ды­руды көздеп отыр. Мұндағы құ­рал-жабдық­тар мен қондырғылар Гер­мания мен Финляндиядан және Ита­лиядан жеткізілген. Осы арқы­лы ком­бинаттың білікті маман­дары заманауи технологиямен жұ­мыс істеуге қол жеткізе алды. Мұн­дағы жұмыс үдерісі түгелдей авто­маттандырылған. Міне, құрылыс қарқынын көтеруге қажетті тағы бір факторды дәл осы тұстан көреміз. Жүз рет естігеннен, бір рет көр­ген артық дегендей, біз осы өн­дірістік үдерісті көруге ықыла­сы­мыз бар екенін жоғарыда аталған құрылыс компаниясының бас ди­ректоры Қ.Қощановқа айтқан кезімізде ол бұл ұсынысымызды бірден қабыл алды. Әрі көп кешікпей бізді өз көлігімен жаңа комбинатқа алып барып көрсетті. Аталған үдерістің көрінісі келісті-ақ. Еңсесі биік ғимараттың жоғары бөлігінде орнатылған құрылғы, яғни автоматты жүйе арқылы шартты түрде алғанда төмендегі алып ыдысқа ерітінді құйылып түседі. Содан кейін бұл құйма жазылып тегістеледі. Үй құрылысына қажетті темір-бетон қабырғалардың тұңғыш қаңқасы осылай жасалады екен. Әдетте, құрылыс салу кезінде оның қабырғасын тұрғызу ұзақ уақыт алатыны белгілі. Ал қа­­­быр­ғалық материал темір-бетон­нан тұрғызылған жағдайда бұл уақыт әжептәуір қысқаратынына да дәл осы арада айқын көз жеткіздік. – Біздің қазіргі үй құрылысы комбинаты өніміне ұқсас қабыр­ғалық материал бұрын да көп қолданылған. Алайда, қазіргі құры­лыс индустриясы өнімінің олардан әжептәуір айырмашылығы мен артықшылығы бар. Оның арасына жылу ұстайтын материалдар са­лынған. Сондай-ақ, жаздың ыстық күндерінде темір-бетон салқын ауаны да ұстап қала алады, – дейді фирма басшысы Қайдар Жасенұлы. Еліміздің батыс қақпасы – Орал қаласының бас даму жос­парына сәйкес үй құрылысы комбинатының қызметін тиімді түрде пайдаланудың өзге тетіктері де қарастырылған. Бұл жөнінде бір орайы келген сәтінде БАҚ өкілдеріне Батыс Қазақстан облы­сының әкімі Нұрлан Ноғаев әң­гі­мелеп берген еді. Мұның жай-жапсары төмендегідей. Бүгінде облыс орталығында­ғы апатты жағдайдағы үйлерді то­лықтай жою жөніндегі мәсе­ле жергілікті атқарушы орган жетек­шілерінің назарында тұр. Мыса­лы, қазіргі кезде Орал қаласында осындай санаттағы отыз үш үй бар. Мұнда 350 адам тұрады. Сол тұрғындардың үй жағдайларын жақсарту үшін жергілікті мемле­кеттік органдар «СВ плюс» және «Болашақ-Т» құрылыс компанияларымен келісім жасауды ұйғарған. Егер бұл іс ойдағыдай шешілсе, аталған фирмалар апатты үйдегі тұрғындарға арнап өз қаражаты есебінен баспана тұрғызбақ. Өз кезегінде әкімдік институт өкіл­деріне тұрғын үй құрылысы үшін тиісті жер телімдерін бөліп, инже­нерлік-коммуникациялық жүйелер жөнінен көмек көрсетпек. Бұл екі жаққа да пайдалы. Сөз жоқ, мұндай жауапты істі бүгінде қолданыспен дәстүрге батыл ене бастаған мемлекеттік жеке меншік әріптестік арқылы ойдағыдай жүзеге асыруға болатыны кәміл. Түйіп айтқанда, жаңа жылдың алғашқы күндерінен бастап үй құрылысы комбинаты ұжымы алда тұрған ауқымды еңсеруге бет бұрды. Олардың басты мақсаты «Қолжетімді баспана-2020» мем­лекеттік бағдарламасын жүзеге асыруға үлес қосу болып отыр. Сонымен бірге, комбинат басшы­лығы мен мамандары коммерция­лық сипаттағы тұрғын үйлер құ­ры­лысын жүргізудің ұтымды жолдарын ойластыру үстінде. Темір ҚҰСАЙЫН, «Егемен Қазақстан». ОРАЛ. Суреттерде: жаңадан ашыл­ған үй құрылысы комбинатынан көріністер. Суреттерді түсірген Рафхат ХАЛЕЛОВ.