• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Білім 17 Қыркүйек, 2024

Студенттерді жігерлендірген жүздесу

98 рет
көрсетілді

Елімізге ресми сапармен келген Германияның Федералдық канцлері Олаф Шольц Астана қаласындағы Maqsut Narikbayev University студенттерімен кездесті. Кездесуде канцлер студенттердің түрлі бағыттағы сұрақтарына жауап беріп, еркін форматта әңгімелесті.

Бұл кездесудің мақсаты – Германия мемлекетімен ынтымақтастықты дамыту, кәсіби тәжірибе алмасу. Іс-шараға университет ішіндегі төрт мектептің студентері қатысты.

Алғаш болып сөз сөйлеген Maqsut Narikbayev University-дің басқарма төрағасы Талғат Нәрікбаев Олаф Шольц мырзаға кездесуге келгені үшін алғы­сын білдіріп, бұл оқиға университет сту­денттері үшін, жалпы осында оқып жатқан болашақ заңгерлер үшін үлкен қуаныш әрі білім алу жолындағы құлшы­ныстарына серпін беретінін атап өтті.

– Дәл осындай айтулы іс-шаралар екі елдің арасындағы түрлі саладағы берік байланыстарды одан әрі нығайтып, студенттердің білімін жетілдіруіне маңызды мүмкіндік береді және үлкен үлесін қосады деп есептеймін. Бүгінгі сұрақ-жауап форматындағы жүз­десу біздің студенттердің әлемдегі түр­лі жағ­дайларға қатысты сыни және жаһан­­­дық көзқарас тұрғысынан ой қорыту­ға жете­лейтініне сенімдімін, – деді Т.Нәрікбаев.

Кездесуге модераторлық еткен университет басқарма төрағасының орынбасары Айнұр Кәрбозова басқосудың мақсатына тоқталып, оқу орны және кездесуге қатысып отырған студенттер туралы айтып өтті.

Халықаралық қатынастар маман­­ды­ғының студенттері Әнел Сапарғалиева мен Егор Дьяченко Германия Федерал­­дық канцлеріне алғысын білдіріп, өзінің осы мамандықты игеру барысында Гер­маниямен ортақ түрлі салалардағы жоба­ларға қатысып, әсіресе көлік және логис­тикалық ынтымақтастықты нығай­туға үлкен үлесін қосып жүргенін жеткізді.

Ал өз кезегінде Олаф Шольц көлік-логис­тика, мұнай-газ, ауыл шаруашы­лығы салалары мен экология мәселелері екі ел үшін маңызды бағыттар екенін атап өтті. Сондай-ақ ол кез келген салада оң нәтиже әкелетін бағыттарды қарастырып, тиімді ұсыныстарға дайын екеніне тоқталды және екі тарап та бір-бірінен алар тәжірибесі көп екенін алға тартты.

Шырын есімді студент 80 жылдық тарихы бар «Volkswagen» компаниясының қазіргі аяқалысына қызығушылық біл­діріп, атақты автоконцерннің ел экономикасы мен көлік индустриясына тигізіп жатқан пайдасы туралы сұрады.

– Әрине, кез келген компанияның уақыт ағынымен жаңа жобаларға бет бұратыны сияқты, «Volkswagen» де өзінің тың бастамаларын ұсынып келеді. Жаңа көлік түрлерін қамтитын жобалары сәтті жүзеге асырылып жатыр. Өнімдері әлемге кеңінен тарап отыр. Яғни бұл компаниясының біздің елді ғана емес, жаһандық нарықты көлікпен қамтамасыз етіп отырғаны сөзсіз. Кейінгі жылдары электр қозғалтқышты көлік өндірісіне бет бұрды. Бұл әлемдік сұраныс, қозғалыс болғандықтан біз бұны қабылдауымыз керек, – деді О.Шольц.

Сондай-ақ студенттердің геосаяси ахуал, Еуропалық одақ, халықаралық құ­қық, ұлтаралық қатынастар мәселелері­не қатысты сұрақтарына кеңінен жауап беріп, бұрынғы заңгер ретінде студенттерге барынша дұрыс бағыт беруге тырысты.

– Германия БҰҰ-дан бастап, көптеген беделді халықаралық ұйымға мүше және белсенді қатысып отырады. Жалпы, қарым-қатынас мәселесінде ұлттар бір-бірінен қорықпауы керек. Бұл азаматтық қоғам үшін өте маңызды. Осы жерде мемлекет басшылары кез келген мәселені кеңінен қарауы керек. Шиеленістің тереңдей түсуіне кері әсерін тигезетін жайттарға мұқият болу керек, – деген канцлер Украина мен Ресей арасындағы күрделі жағдайға қатысты ойын бөлісті.

Жалпы, студенттер білім, екі ел ара­сындағы ортақ мүдделер, су ресурс­тарын тиімді пайдалану, әлемдік келісім мен бейбітшілік тақырыптарын қаузап, өздерін толғандырған сұрақтарына жауап алды.

Кездесу соңында университ бас­шылығы Олаф Шольцке қазақтың ұлттық бренд аспабы саналатын домбыраны тарту етіп, студенттермен болған емен-жарқын әңгімелесуі үшін ыстық ықыласын білдірді.