Парижде өткен ХХХІІІ жазғы Олимпия ойындарынан кейін бокстан ұлттық құрама мүшелері алғашқы оқу-жаттығу жиынын бастады. Желтоқсан айында өтетін Азия чемпионатына кімдердің баратыны жуырда анықталмақ.
Түркістан облысына жиналған құрама мүшелері жалпы жаттығуға кірісті. Бокстан ұлттық құраманың кеңейтілген құрамдағы жаттығуына әр салмақта барлық өңірден боксшылар шақырылды.
Құраманың бас бапкері қызметіне тағайындалған Қайрат Сәтжановтың бапкерлік білігі сыналатын сәт те жақын. Қыркүйектің соңын ала Шымкент қаласында халықаралық турнир жалауын желбіретеді. 29 қыркүйекте басталып, 5 қазанда мәресіне жететін Кеңес Одағының батыры Қарақозы Әбдалиевті еске алуға арналған халықаралық турнирде әр салмақтағы боксшылардың әлеуеті сараланып, қарымы байқалмақ. Бас бапкер ұлттық құраманың капитандық тізгінін Жасөспірімдер олимпиадасының жеңімпазы, Азия чемпионы Айбек Оралбайға жүктеуді жөн көріпті.
Қ.Сәтжанов Париж жазғы Олимпиадасынан кейін ұлттық құрамадағы боксшылардың кейбірі салмақ дәрежесін ауыстырғанын атап өтті. «Азия чемпионаты беделді дода саналатындықтан, құраманың үздіктерін апарамыз. Кейбір боксшылар салмақ дәрежесін өзгертті. Әрқайсысы көшбасшылықты тізгіндегісі келеді. Бәсекелестіктің әлеуеті артқанда ғана нәтиже көрінеді.
48 кг салмақ дәрежесінде әлем чемпиондары Теміртас Жүсіпов пен Санжар Тәшкенбай бар. Оларға айтарлықтай бәсекелестік тудыратын жастардың шоғыры да өсіп келеді. 51 кг салмақта Токио Олимпиадасының қола жүлдегері, әлем чемпионы Сәкен Бибосынов бара ма, жоқ әлде Дамир Әбдіхалықовқа сенім артамыз ба, оны алдағы күндері нақтылаймыз. Махмұд Сабырхан 54 кг салмақ дәрежесіне төмендейтінін айтты. Серік Теміржанов 60 кг салмаққа өтті. Ұлттық құраманың капитаны атанған Айбек Оралбай аса ауыр салмаққа ауысып жатыр. Құрлық чемпионатына дейін Қамшыбек Қоңқабаев екеуінің деңгейін саралаймыз», деді бас бапкер.
Махмұд Сабырхан Париж жазғы Олимпиадасына 57 кг салмақ дәрежесінде қатысып, алғашқы айналымда-ақ додадан шығып қалған болатын. 1/8 финалда испан Хосе Кильеспен жұдырықтасып, 4:1 есебімен жол берді. Сабырханның сойына 57 кг салмақ дәрежесіне өту әлі ерте екені, бойының тапалдығы, құлашының қысқалығы Париждегі төртжылдық додасы басталғанға дейін де, ұлы аламаннан кейін де аз талқыланған жоқ. Былтыр Өзбекстанда өткен әлем чемпионатында Махмұд 54 кг салмақта сынға түсіп, әлем чемпионы атанды, тіпті финалдық жекпе-жекте өзбек боксшысы Ойбек Жураевты екі мәрте есеңгіретіп, нокдаунға да түсірген еді. Өзінің салмағына қайта оралған саңлақ Азия чемпионатында олжа салуды көздейді.
Шымкентте өтетін халықаралық турнирде бапкердің назарына іліккен боксшылар 30 қараша мен 12 желтоқсан аралығында Иорданияның Амман қаласында өтетін Азия чемпионатында бақ сынайды.
Футзал: Әлем чемпиондарына есе жібермеді
Өзбекстанда футзалдан әлем чемпионаты өтіп жатыр. Ұлттық құрама «D» тобында сынға түседі. Алғашқы матчты азулы Испания ұлттық құрамасына қарсы өткізген отандастарымыз 1:1 есебімен тең түсті.
Ойынның 5-секундында еншісіне гол жазып, есеп ашқан Біржан Оразов ұлттық құрамадағы 60-ойынын өткізді. «Тең есепті қомсынбаймыз, бірақ біз жеңіске жетеміз деп алаңға шықтық. Әлем чемпионатына келгенге дейін бірнеше елдің құрамасымен жолдастық матч өткізіп, әлеуетімізді таразыладық. Өзбекстаннан жеңіспен оралатынымызға сенімдімін, ел үмітін ақтау жолында аянып қалмаймыз», деді Б.Оразов.
Бас бапкер Пауло Рикардо Кака дүбірлі тартыс құдды бір өз елімізде өтіп жатқандай әсерге бөленгенін атап өтті. «Әндіжанға жанкүйерлеріміз көптеп жиналғаны мерейімізді асырды. Олардың қызу қолдауын сезіндік. Әлем чемпионаты өз елімізде өтіп жатқандай әсерлендік. Голды алдымен біздің ойыншымыз соғып, алға шықтық. Басымдықты матч соңына дейін ұстап тұруға тырыстық. Бірақ тартыстың бел ортасында Дәурен Тұрсағұловтың қызыл қағаз алып, алаңнан қуылуы жігіттерге психологиялық қысым болды. Соған қарамастан тегеурінді қарсыластың арынын тежей алдық. Әлем чемпионатының тартысы әлі алда», деді Кака.
Қазақстан ұлттық құрамасы футзалдан әлем чемпионатына бұған дейін үш мәрте қатысты, 2021 жылы 4-орынға тұрақтады. Ал Испания құрамасының еншісінде екі дүркін әлем чемпионы деген атағы бар.
Бүгін ақшам ауа Әндіжан спорт кешенінде біздің жігіттер Ливия құрамасының қарымын байқап көреді. Бұл матчқа айып қағазын алған Дәурен Тұрсағұлов қатыспайды. ФИФА-ның Тәртіп комитеті бұдан кейінгі ойындарға қосылуына рұқсат етпек. Ливия құрамасы әлем чемпионатының беташар матчын Жаңа Зеландия құрамасына қарсы өткізіп, 3:1 есебімен жеңіске жетті.