• RUB:
    5.27
  • USD:
    480.63
  • EUR:
    535.13
Басты сайтқа өту
Саясат Бүгін, 08:50

Дамудың жаңа кезеңіне арналған кездесу

31 рет
көрсетілді

«Қазақстан – Германия» бизнес форумы шеңберінде екі тараптың Үкімет мүшелері мен Парламент депутаттары және ұлттық компаниялар мен ірі биз­нес өкілдерінің қатысуымен «Қазақстан – Германия» дөңгелек үстелі өтті. Оған «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ басқарма төрағасы Рустам Қарағойшин моде­ра­торлық етті.

Дөңгелек үстелде сөз алған Премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр шараға қатысушыларға алғысын біл­дірді.

«Ең алдымен, неміс әріптестерімізге диа­логке ашықтығы және екіжақты серік­тес­тігімізді нығайтуға белсенді атсалысқаны үшін шынайы алғысымды білдіремін. Бірлесе атқарған жұмысымыздың арқа­сын­да Германия Федералды Канцлері Олаф Шольц мырзаның ресми сапары бары­сында жоспарланған барлық іс-шара сәтті өтті. Біз енді одан әрі жемісті ынтымақтастыққа үміттенеміз», деді ол.

Премьер-министрдің бірінші орынбасары ауқымды шара аясында 6,1 млрд долларды құрайтын 30 құжатқа қол қойылғанын тілге тиек етті.

«Бүгін қол қойылған Қазақстан–Гер­мания жобалары екі тарапқа да өзара тиім­ді­ болатынына сенімдімін. Бұл бастамалар Қазақстан мен Германия арасындағы экономикалық ынтымақтастықты нығай­тып қана қоймайды, сонымен қатар жаңар­ты­латын энергия көздері, агроөнер­кә­сіптік сектор, көлік-логистика секторы және өнеркәсіптік өндіріс сияқты жоғары техно­ло­гия­лық секторларды дамыту үшін жаңа мүмкіндіктер туғызады», деді Роман Скляр.

Қол қойылған бірлескен жобалар мен құ­жаттар ресми түрде ғана емес, шын мә­нінде, қарапайым азаматтардың өміріне оң әсерін тигізетінін айтқан ол, болашақта екі елдің әрбір азаматына нақты демеу болатын ұзақ мерзімді және оң өзгерістердің берік негізін қалайтынына сенім білдірді. Бұл өзгерістер өзара түсіністікті нығайтуға және екіжақты қарым-қатынастардың тұрақ­ты дамуына ықпал ете отырып, ынты­мақ­тастық пен өзара іс-қимылдың негізгі бағыттарына әсер ететіні сөзсіз.

«Міне, осы себепті біздің ашық және сын­дарлы диалогіміз ерекше маңызға ие. Әлеуетті мәселелерді талқылау ерекше назар аударуды және тиянақты көзқарасты талап етеді. Сондықтан мен бүгінгі кездесуді тар шеңберде өткізу туралы ұсыныс білдірдім. Бүгінгі кездесуіміз барлық ас­пектіні тереңірек және егжей-тегжейлі тал­қылауға, стратегиялық мақсат­та­рымызға жету үшін бірлескен шешімдер әзір­леуге мүмкіндік беретініне сенімдімін», деді бірінші вице-премьер.

Пікір алмасуда тараптар негізінен ауыл шаруашылығы техникасын өндіру және сату, сондай-ақ жеткізу бойынша ой бөлісті. Атап айтқанда, «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ мен неміс агробизнес өкілдері арасындағы серіктестікті нығайтуға бағытталған, ауыл шаруашылығы техникасын өндіруге озық технологияларды енгізу бойынша тәжірибе мен ақпарат алмасуды, неміс өнімдерін сату үшін қаржыландыру құралдарын ұсынуды көздейтін мәселелер талқыланды.

«Біз «Қазақстан – Германия» бизнес форумына қатысу үшін арнайы келдік. Екі ел арасында болып жатқан ауқымды шараның бәрі біз үшін өте маңызды. Сәті түсіп, бүгін бірқатар меморандум мен келісімшартқа қол қойылды. Оның қатарында көлік-логис­­тикалық қызметтен бастап, инфра­құрылым, түрлі өндіріске қатысты келісім­шарт­, тіпті гуманитарлық сала бойынша да меморандум бар. Мысалы, мамандардың біліктілігін арттыру бойынша да бірлескен жоба­лар қолға алынады», деді Іскерлік деле­гацияның жетекшісі, Бундестаг депутаты, Экономикалық істер және климатты қорғау федералды министрі жанындағы Пар­ламенттік мемлекеттік хатшы Майкл Келлнер.

Сонымен қатар Қазақстанның Экспорт­тық-кредиттік агенттігімен де келісімге келетіндерін атап өткен мемлекеттік хатшы, германдық және еуропалық компаниялар біздің жобаларды ұзақ мерзімге қаржыландыратынын айтты.

«Бәрімізге мәлім, қазіргі күнде Қазақстан шикі­заттық емес саланы өрістетіп, өндіріс­терді жолға қоюға күш салып жатыр. Әсіре­се қайта өңдеуді, инфрақұрылымды және ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеуді дамытқысы келеді. Сонымен бірге біз өндірген өнімдерімізді Қазақстан арқылы аймақтағы басқа елдерге экспорттауды көздеп отырмыз. Осы бірлескен жобаларымыздың келешегі зор деп ойлаймын. Қазір Орталық Азияда инвестиция бойынша Қазақстан көп елге тартымды болып тұр. Осы тарихи мүмкіндікті қолдан шығарып алмай, тиімді пайдаланған дұрыс. Оған Қазақстанның әлеуеті жетеді», деді мемлекеттік хатшы.

Өз кезегінде сөз алған «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ басқарма төрағасы Рустам Қарағойшин Қазақстан мен Германия арасындағы эко­но­ми­­калық ынтымақтастықты нығайту­дағы маңызды қадам жасалғанын айтты.

«Біз рекордтық сомасы 6,1 млрд доллардан асатын бірқатар құжатқа қол қой­дық. Бұл экономикамыздың ауыл шар­уа­шылығы, жаңартылатын энергетика, сондай-ақ шағын және орта бизнесті қолдау сияқты негізгі секторларын дамытуға жаңа мүмкіндіктер сыйлайды», деді ол.

Оның айтуынша, «HORSCH Maschinen GmbH», «CLAAS Global Sales GmbH» және «KfW Bankengruppe» сияқты ірі компаниялармен жасалған келісімдер озық технологияларды енгізуге серпін беріп қана қоймай, еліміздің агроөнеркәсіптік кешені мен энергетикалық секторын жаңғыртуға ықпал ететін жаңа жұмыс орындарын құруға жағдай жасайды. «Бәйтерек» хол­дингі қаржылық қолдау көрсетіп, оларды та­бысты іске асыру құралдарын ұсынады. Осы жобалардың өміршең болуына бел­сенді атсалысады.

«Сонымен қатар форум аясында өткен бүгінгі дөңгелек үстел пікір алмасу және неміс серіктестерімізбен ынтымақтастықтың келешегін талқылау алаңына айналды. Біз екіжақты қатынастарды дамытуда, әсі­ресе жаңартылатын энергетика, агро­өнер­кәсіптік сектор, көлік-логистика саласы және өнеркәсіптік өндіріс сияқты бағыт­тар­да үлкен әлеуетті көріп отырмыз», деп сөзін жалғады Рустам Қарағойшин.

Қол қойылған келісімдер Германиямен экономикалық байланыстарды нығайтады. Осы туралы әңгімелеген басқарма төрағасы, елімізде орнықты және инклюзивті өсуді дамыту бойынша биік мақсаттарға қол жеткізуге көмектесетін жаңа табысты жоба­лар­ға басымдық берілетініне сенім білдірді.

Тартысты да мазмұнды өткен дөңгелек үстелді вице-премьер Роман Скляр қоры­тын­дылады. Ашық әрі шынайы диалог үшін іс-шараға қатысушыларға шын жү­ректен алғысын білдірген ол, мұндағы әрбір ұстаным және идеялармен бөлісу ортақ мақсаттарды алға жылжытуда аса маңызды екенін жеткізді.

«Кездесу барысында айтылған ұсыныс­тар­ды жоғары бағалаймыз және алдағы бірлескен жұмысымызда барлық бастама мұқият қарастырылып, ескерілетініне сен­діргім келеді. Қазақстан тарапының атынан алдағы уақытта ынтымақтастықты жалғастырып, тығыз байланысты сақтауға ниетті екенімізге сендіремін», деді ол.

Дөңгелек үстел аяқталған соң «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ басқарма төрағасы жур­­на­лис­тердің сұрақтарына жауап берді.

«Бұл дөңгелек үстел бізге өте маңызды. Қазір 30-дан астам келісімшартқа қол қойылды. Жалпы сомасы 6 млрд доллардан асып жығылады. Оның 3 млрд доллардан астамы «Байтерек» тарапынан жасалып жатыр», деді басқарма төрағасы.

Бірқатар келісімнің мазмұнына тоқтал­ған холдинг басшысы, негізінен агросекторға ерекше көңіл бөлініп отырғанын жеткізді.

«Германияның экономикасы да, технологиясы да өте жылдам дамып келеді. Сон­дықтан біз бұл елден инвестиция тар­туға әрекет етіп жатырмыз. Әсіресе жаңа технологияларын әкелуге мүдделіміз. Ал­дағы уақытта осындай кездесулерді жиі ұйым­дастырып, оған қатысушылардың санын да көбейткіміз келеді. Бұдан былай «Бәйтерек» холдингі Германиямен қарым-қатынасты осы бағытты дамыта береді», деп сөзін қорытындылады Рустам Қарағойшин. 

Соңғы жаңалықтар