Биылғы Жолдауда еліміздің кадрлық әлеуетін арттырудың негізгі міндеттерінің қатарында мектептердің әлеуетін нығайту, педагогтердің біліктілігі мен әлеуметтік мәртебесін арттыру көрсетілген. Педагог кадрлардың біліктілігін жүйелі түрде арттыру – білім саласындағы мемлекеттік саясаттың негізгі міндеттерінің бірі.
Мәселенің бұлай қарастырылуы көбіне әлемдік даму динамикасына, ұлттық және аймақтық, сондай-ақ жаһандық ауқымдағы экономикалық даму жағдайларының тез өзгеруіне байланысты. Атап айтқанда, көптеген халықаралық сарапшы бұған дейін озық ұлттық білім жүйелерінің алдында жас ұрпақты цифрлық дағдыларға үйрету міндеті тұрғанын атап өткен еді. Ал қазір оқушыларға жасанды интеллектімен жұмыс істеу дағдыларын үйрету қажеттілігі туындап отыр. Бұл білім жүйелерінің, соның ішінде біздің еліміздің алдында жаңа сын-тегеурін екені сөзсіз. Жасанды интеллект – «таяқтың екі ұшы» бар үдеріс. Үлкен оң мүмкіндіктермен қатар, алаяқтық, қауіпсіздік деңгейінің төмендеуі және басқа да көптеген тәуекел бар. Бұл сынаққа жауап, ең алдымен, отандық педагогтердің әлеуетін үздіксіз арттыру жүйесін тереңінен зерделеуді талап етеді. Педагогтер ортасында жастарды оқыту мен тәрбиелеудің жаңа дағдыларын игерудің тұрақты қажеттілігін қалыптастыру маңызды.
Заманауи әлемде қосымша білім қызметінің нарығы өсіп келеді. Көптеген ел жыл сайын педагогтердің біліктілігін арттыруға, ең алдымен олардың қосымша білім алуына миллиардтаған қаражат бөледі. Елімізде де мұғалімдерді тұрақты қайта даярлау жүйесін жетілдіру маңызды. Педагогтердің кәсіби дамуына мемлекеттік және жеке мақсатты инвестициялар қажет.
Бүгінде «Өрлеу» педагогтердің біліктілігін арттыру ұлттық орталығы сапалы білім контентін құру, педагогикалық қызметке ынталандыруды арттыру және құндылығын нығайту бойынша жұмыс жүргізіп жатыр. Педагогикалық ұжымдарға отандық және шетелдік өзекті және инновациялық тәжірибені үздіксіз таратуды қамтамасыз етіп отыр. Сонымен қатар педагогтің жаңа педагогикалық дағдыларға қажеттілігі ескерілетін қайта даярлаудың қолайлы форматтарын іздеу және енгізу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Қазіргі уақытта «Өрлеу» БАҰО педагогтердің біліктілігін арттырудың кешенді бағдарламасын кезең-кезеңімен жүзеге асыруға кірісті. Ол оқытудың үш деңгейін, қатысушылардың курстан кейінгі қолдауын қамтамасыз етеді. Әдіскер педагогтерге арналған курстар да өткізіліп келеді. «Өрлеу» БАҰО-да аралас (гибридті) оқытудың тиімді технологиялары қолданылады. Оқу үдерісін дұрыс жобалаудың жаңа тәсілдері жан-жақты қарастырылып жатыр. Алғаш рет Мақсатты мектеп мұғалімдеріне арналған онлайн режіміндегі базалық курстар басталды. Бұл ББЖМ, ПИЗА, ПББ, ҰБТ нәтижелері бойынша 1,5 миллионнан аса деректі талдау негізінде әзірленген. Мұнда сондай-ақ жан-жақты диагностикалық және қалыптастырушы бағалау технологиялары жинақталды. 40 мыңнан аса педагогтің пәндік құзыреттіліктері мен әлеуметтік-эмоционалдық бейіні туралы алынған үлкен деректер алдағы уақытта педагогтерді оқытудың тиімді модельдерін, алгоритмдері мен нысандарын әзірлеу үшін өңделеді.
Сонымен қатар қазір Президент ұсынған «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясындағы білім ұйымдарының педагогтеріне арналған курстардың арнайы жүйесі әзірленіп жатыр. Президенттің Қазақстан халқына Жолдауында оны одан әрі жүзеге асыру, жайлы мектептер үшін жеке басқару жүйесін құру да маңызды мемлекеттік практикалық міндет ретінде белгіленді.
Мемлекет басшысы 2025 жылды Жұмысшы мамандықтары жылы деп жариялады. Оның іске асырылуының маңызды құрамдас бөлігі ұлттық техникалық және кәсіптік білімді реформалау жөніндегі шаралары болатыны сөзсіз. Сондай-ақ қазіргі замандағы еңбек нарығы үшін жұмысшы мамандарын даярлаудың жоғары сапасын қамтамасыз ететін педагогтердің біліктілігін арттырудың жаңа жүйелі тәсілдерін айқындау және оны жүзеге асыру маңызды. «Өрлеу» БАҰО ТжКБ педагогтерінің біліктілігін арттырудың бірқатар бағдарламасын іске асыруды, оларды оқу үдерісінде симуляторларды, виртуалды және нақты ортаны, кросс-пәндік және жобалық оқыту құзыреттерін қолданудың инновациялық әдістемелеріне оқытуды жоспарлап жатыр.
Педагогикалық шеберлікті үнемі арттыру жүйесінде «Ұстаз» ұлттық онлайн-платформасы ерекше рөл атқаруға тиіс. Бұл елдегі педагогикалық тәжірибенің, педагогтеріміздің кәсіби жетістіктерінің электрондық қайнар көзіне айналады және еліміздің әрбір өңіріндегі кез келген педагогке қолжетімді болады. Платформаны құру және мазмұнын толтыру бойынша жұмыс белсенді жүргізіледі.
Ұстаздың үздіксіз кәсіби дамуы экономиканың, мемлекет пен ұлттың табысты дамуының стратегиялық аспектісі екенін атап өту маңызды. Президенттің Қазақстан халқына Жолдауында осындай міндет қою педагогтердің мәртебесін арттырады, олардың жаңа буын даярлаудағы ерекше рөлін білдіреді. Бұл мемлекеттік саясаттың ауқымды бағыты, тиісті шараларды жан-жақты, сапалы қарастырып жүзеге асырған жағдайда ұлттық білім жүйесі үшін ғана емес, бүкіл елдің дамуы үшін де жаңа мүмкіндіктерге жол ашады.
Айдана ШИЛІБЕКОВА,
«Өрлеу» педагогтердің біліктілігін арттыру ұлттық орталығы» АҚ басқарма төрағасы