«Amanat» партиясы фракциясының мүшесі, депутат Нартай Аралбайұлы қазақ әскеріндегі қазіргі ахуал туралы сөз қозғап, ҚР Қорғаныс министрі Руслан Жақсылықовқа депутаттық сауал жолдады, деп жазады Egemen.kz.
Нартай Аралбайұлы бейбіт күнде қазақ сарбаздары түрлі дене жарақатын алып, тіпті кейбіреуі қайтыс болып жатқанын тілге тиек етті.
«Бұл бір емес, бірнеше рет қайталанып жатқан жағдай. Осының салдарынан айыппұл салмақ түгілі айып тақсаң да ешкім бауыр еті баласын жастар жан тапсырған орта – әскер қатарына жібергісі келмейді», деп сөзін бастады депутат.
Мәжілісмен келтірген сандық деректерге зер салсақ, соңғы үш жылда Қазақстанда 270 әскери қызметкер қайтыс болған, ал соңғы төрт жылда әскерде 86 суицид тіркелген. Тағы 20 әскери адам суицидке оқталған.
«2023 жылғы тамызда әскери бөлімшелердің бірінде командир әскерге жаңадан келген сарбазды орындықпен ұрып, соққыға жыққан. Ал 2024 жылдың маусым айында Жамбыл облысының бір әскери бөлімшесінде әскерде жүргеніне 1-ақ ай болған сарбаз ес-түссіз жансақтау бөліміне түскен. Таяуда болған жағдай бүкіл отандасымыздың ашу-ызасын туғызғаны хақ. Ұлттық ұлан жауынгері Ербаян Мұхтар басынан алған жарақаттан бес ай бойы ес-түссіз жатыр. Жауаптылар болса жауапкершіліктен жалтарып, «Ербаян дәретханаға құлап, жарақаттанды» дейді. Бұған кім сенеді? Жарақаттың салдарынан сарбаздың басының жартысын алып тастауға тура келген. Енді оған тұрақты күтім қажет», деп күрсінді Нартай Аралбайұлы.
Ол 7 қыркүйек күні Ақтаудағы горнизонда Марат Барқұлов есімді сарбаз көз жұмғанын еске салды. Оны офицер атып тастаған. Бірақ бұл қасақана жасалған әрекет пе, әлде жазатайым оқиға ма? Аталған сұрақтың жауабын тергеу орындары әлі беоген жоқ.
«Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында: «Әр ата-ана әскерге кеткен баласын мемлекетке сеніп тапсырады. Сондықтан сарбаздардың денсаулығы мен қауіпсіздігіне, ең алдымен, армия басшылығы және құқық қорғау мекемелерінің басшылары жауапты», деген еді. Өкінішке қарай, армиядағы жағдай бұған мүлдем кереғар болып тұр. Былтыр Қорғаныс министрлігі әскери бөлімдерде 50 мыңнан астам бейнекамера орнатылғанын хабарлады. Ондағы жазбалар қайда? Әлде Ербаян секілді бауырларымыз жарақат алып жатқанда әлгі камералар теріс қарап қалды ма?», деді депутат.
Айта кетейік, «Amanat» партиясы әскердегі әлімжеттік мәселесін 2022 жылы көтерген еді. Алайда жағдай түзелмек түгілі, ушығып кетті десе де болады. Сарбаздардың әскерде жарақат алып, қайтыс болу фактілері тек артып отыр.
Нартай Аралбайұлының пікірінше, бүгінде әскери қызметкерлердің әлеуметтік жағдайы төмен, ал бұл жағдайды түзету кезек күттірмейтін мәселе.
Осы тұста мәжілісмен Руслан Жақсылықовты маңызды әрі тиімді шапраларды қолға алуды сұрады.
«Қорыта келе, Сізден келесі шараларды қолға алуды ұсынамын. Еліміздің армиясындағы аталған келеңсіздікті тыю және оның алдын алу бойынша нақты шаралар қабылдау қажет. Сондай-ақ әскерилердің әлеуметтік жағдайын жақсартуға бағытталған іс-әрекеттерді күшейту керек», деп сөзін аяқтады депутат.