Парижде өткен биылғы Паралимпиада ойындарының қола жүлде иегерлері Зарина Райфова мен Жұрқамырза Шүкірбеков пен олардың бапкері Жандос Қияновқа көлік сыйға берілді, деп хабарлайды Egemen.kz.
Айта кетейік, Атырау облысында 1 367 мүмкіндігі шектеулі жан спортпен шұғылданады. Оның ішінде 16 пара-спортшы Парижде өткен Паралимпиада ойындарында парадзюдо, паратаэквондо, отыру волейбол, пара-үстел теннисі және пара-жеңіл атлетика бойынша бақ сынаған еді.
Үздік бестік қатарынан паратаеквондодан Нұрлан Домбаев пен паражеңіл атлетикадан Гүлбақыт Қайыржанова көрінді. Ал волейболды отырып ойнаудан ұлттық құраманың сапына атыраулық Қуаныш Тәжіков, Бауыржан Сартаев, Пердебай Намұратов, Ақылбек Шікібаев, Берік Ізмағанбетов, Жанғали Сүйеуов, Нұртау Мұқанбетқалиев пен Ерлан Битеміров кірді. Олар командамен бірге бесінші орынды еншіледі.
Парадзюдодан бақ сынаған 5 парадзюдошының екеуі, атап айтсақ Зарина Райфова мен Жұрқамырза Шүкірбеков Паралимпиаданың қола жүлдесін ұтып алған.
Серік Шәпкенов облыс спортының дамуына қосқан үлесі үшін спортшыларға алғыс хаттар мен ақшалай сертификаттарды табыстаған.
«Сіздер Париж Паралимпиадасындағы жетістіктеріңізбен жастарға үлгі көрсеттіңіздер. Атырау жұртшылығы да ел намысы жолында аянбай тер төгіп, биік мақсатқа көз тіккен өздеріңізді мақтан тұтады. Алда алар асу биік болып, жүлделеріңіз көбейсін», деді облыс әкімі Серік Шәпкенов.
«Infinity Eco Park» компаниясы Паралимпиада ойындарының қола жүлдегерлері Зарина Райфова, Жұрқамырза Шүкірбеков және олардың бапкері Жандос Қияновқа Zeekr маркалы автокөліктердің кілттерін табыстады.